Ұлы Абайдың 174 жылдығымен құттықтаймыз!

Бүгін қазақ «өлең сөзінің патшасына» айналған, Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының туғанына 174 жыл толды. 
Ұлы ойшыл, сөз өнерінің майталманына айналған ақынның туған күнін әлем халықтарымен бірге тойлау мақсатында ЮНЕСКО көлемінде тұрақты іс-шаралар жыл сайын ұйымдастырылады. 
Қазіргі таңда Қазақстанның шет елдердегі мекемелері жүргізген жұмыстардың нәтижелері бойынша Берлин, Киев, Баку, Каир, Ташкент, Бішкек және Нью-Делиде Абай Құнанбайұлына арналған көшелер бар, Лондон қаласында Абай үйі бар, Мәскеудің «Чистые пруды» бульварында, Тегеранда, Бейжіңнің «Чаоян» саябағында және Будапештте Абайға арналған ескерткіштер қойылған. Осындай жұмыстардың негізгі мақсаты - әлем халқына Абайдың еңбектерін таныстыру арқылы барша халықты ынтымақ пен бірлікке шақыру болып табылады.

Өз заманында Александр Пушкиннің «Евгений Онегин» шығармасынан «Татьянаның хатын» және «Ленскийдің сөзін», Михаил Лермонтовтың «Ой», «Жолға шықтым бір жым-жырт түнде жалғыз», «Қанжар», «Теректің сыйы» және тағы басқа өлеңдерін казақ тілінде сөйлеткен ақынның өлеңдері мен қара сөздері әлемнің 100-ден аса тіліне аударылып, оны әлем халқы оқуға мүмкіндік алды. Осылайша Ұлы ақын поэзиядағы дипломатиялық қарым-қатынастың негізін салып берді. 
Бүгінде еліміздің әлемдік аренадағы бастамаларын да Абай өлеңдерінен, соның ішінде «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген жолдары арқылы барлық халықтарды бірлік пен ынтымақтастыққа шақырғанын анық аңғаруға болады. 
Осы орайда, Қазақстанның дипломаттары Ұлы Абайдың туған күнімен барша қазақстандықтарды құттықтайды! Ақынның өнегелі өсиеттері мен ғибратты сөздері елдің мүддесі мен даму жолында қызмет атқаратын қазақстандықтардың ертеңгі келешегіне сара жол бастайтынына кәміл сенімдіміз!
Қосылған : 10.08.2019, 09:20, Өзгертілген : 10.08.2019, 09:20