Ұлыбританияның астанасында АХҚО тұсаукесері өтті

ЛОНДОН, 2018 жылғы 3 желтоқсан – «Астана» Халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) даму перспективалары Лондонның қаржы және іскер топтарына ұсынылды. АХҚО-ның ресми ашылуына арналған іс-шара Қазақстан Республикасының Ұлыбританиядағы Елшілігінің қолдауымен өткізілді.

Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшісі Ерлан Ыдырысов пен АХҚО Басшысы Қайрат Келімбетов қатысушылар алдында сөз сөйледі.

«Қазақстан – бизнес пен тікелей шетелдік инвестицияларға ашық ел. Бұл халықаралық құқықтық тәжірибеге негізделген құқықтық және нормативтік базасы бар «Астана» Халықаралық қаржы орталығының құруы арқылы расталды. АХҚО-ның қызметі Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы екіжақты қарым-қатынасты одан әрі тереңдетуге ықпал ететініне және ұзақ мерзімді және өзара тиімді ынтымақтастыққа арналған қомақты алаңға айналатынына мен сенімдімін», – деді Е.Ыдырысов.

АХҚО Басшысы атап өткендей, орталық сот жүйесін, қаржылық қызметтерді және қор нарықтарындағы операцияларды реттеудің халықаралық стандарттарына сәйкес жұмыс істейді. Ресми түрде ашылған сәттен бастап АХҚО алаңында 100 компания тіркеліп, АХҚО биржасында сауда басталды.

«Біз Дубай мен Абу-Дабидің сәтті үлгілеріне еліктейміз. Бұлар біз үшін маңызды үлгілер. Сонымен бірге, біздің мақсатымыз заманауи халықаралық қаржы орталықтың жаңа нұсқасы болатын бірегей алаң құру болып табылады», – деді Қ.Келімбетов.

АХҚО Сотының Төрағасы Лорд Гарри Кеннет Вульф, АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу жөніндегі комитетінің директорлар кеңесінің Төрағасы Леди Барбара Джадж, АХҚО Халықаралық арбитраж орталығының Төрағасы Барбара Доман және АХҚО Биржасының Төрағасы Тимоти Беннет АХҚО мен оның институттары жұмысының негізгі қағидалары туралы баяндады.

«Біздің ережелер халықаралық арбитраж орталықтардың көпжылдық тәжірибесіне негізделген. Арбитрлар алқамыз түрлі салаларда мол тәжірибесі бар, түрлі тілдерде еркін сөйлейтін мамандардан тұрады. Тараптар арбитрларды таңдай алады, қолданылатын ережелерді таңдай алады, тіпті тыңдаудың орны мен тіліне дейін таңдай алады», – деді Б.Доман АХҚО Халықаралық арбитраж орталығының қызметі туралы.

Тұсаукесерге Ұлыбритания Премьер-министрінің Қазақстандағы Сауда өкілі Баронесса Эмма Николсон, Ұлыбритания Парламенті Лордтар Палатасының мүшесі және Қазақстанмен ынтымақтастық жөніндегі жалпыпартиялық топ Төрағасының орынбасары Лорд Мохамед Шейх, Лондондық қор биржасы, «TheCityUK», «Bloomberg», «White & Case», «The Hampton Group» және түрлі бизнес салаларының басқа да бірқатар компаниялардың өкілдері, бірқатар жетекші елдердің елшілері, сарапшылар, журналистер және басқа тұлғалар қатысты.

Сонымен қатар сол күні Құқықтық консультативтік кеңесінің отырысы өтіп, «Chatham House» Корольдік халықаралық қатынастар институтында геоэкономика, мемлекеттік даму және қаржы нарықтар салаларындағы Ұлыбританияның жетекші сарапшыларына арналған АХҚО-ның тұсаукесері өтті. АХҚО өкілдері орталықтың қызметі туралы барлық сұрақтарға толық жауап берді.

АХҚО Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған. Ол 2015 жылғы желтоқсанда қабылданған «Астана» Халықаралық қаржы орталығы туралы» Қазақстан Республикасының конституциялық заңына сәйкес қызметін атқарады. АХҚО-ның мақсаты – қаржы қызметтер мен капитал нарығында, соның ішінде бағалы қағаздар, банк қызметтері және исламдық қаржыландыру салаларында тартымды инвестициялық ортаны құру арқылы ел экономикасына инвестиция тарту. АХҚО-ның ресми ашылуы 2018 жылғы 5 шілдеде Астана қаласында өтті.

Қосылған : 4.12.2018, 18:00, Өзгертілген : 4.12.2018, 18:00