Лондонда ғылым, индустрия және бизнес арасындағы өзара әрекеттестік жөнінде дөңгелек үстел өтті

2018 жылғы 24 қарашада Ұлыбританиядағы қазақстандық докторанттар қауымдастығы мен «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ арасындағы ынтымақтастық бағдарламасы аясында «Ғылым, индустрия және бизнес арасындағы тиімді өзара әрекеттестік» атты дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға «Тау-Кен Самұрық» ұлттық тау-кен компаниясы» АҚ Басқарма төрағасы Қанат Құдайберген, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, Қазақстанның Ұылыбританиядағы Елшілігі, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ және Британ-Қазақстан қоғамы өкілдері қатысты. Дөңгелек үстел бизнес пен қазақстандық жас ғалымдар арасындағы ынтымақтастықты талқылауға арналды. Аталған ынтымақтастық Қазақстанның тұрақты дамуын қолдауға бағытталған жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Ұлыбританиядағы қазақстандық докторанттардың көбісі химия, инжиниринг, математика, энергетика, медицина, геология, ақпараттық технологиялар және т.б. Қазақстан экономикасының қажеттіліктері үшін аса маңызды техникалық мамандықтар бойынша білім алады. Жас ғалымдар британдық жоғары оқу орындардың «Rolls-Royce», «Ford», «Adidas» және т.б. компаниялармен ынтымақтастығы туралы айтып берді. Ұлыбританияда ғылымның түрлі салаларындағы докторанттар «Shell», «Michelin» секілді ірі өнеркәсіптік компаниялардың инвестициялары арқылы зерттеу жобаларын жүзеге асырады. Осылайша олар индустрияға ғылыми зерттеулерді тікелей енгізеді. Дөңгелек үстел аясында Ұлыбританияның тәжірибесі негізінде ұсынылған ынтымақтастық Қазақстандағы ғылымның дамуына жәрдемдесе отырып, технологиялар енгізу, өнімдер жасап шығару және білім тудыру арқылы өнеркәсіптік компаниялар үшін көп табыс әкеледі.

Қ.Құдайберген болашақ жобаларды жетілдіру үшін қазақстандық жас ғалымдар алдында нақты міндеттер қойды:

  • есеп беру және бизнес-процестерді математикалық үлгілеу, жоғары сапалы цифрлау және жүйелерді автоматтандыру үдерістері;
  • химиялық зерттеу әдістері, сирек жер металдарын терең талдау және тау-кен кен орындарында қалдықтарды қайта өңдеу;
  • Шалқия полиметалл кен орнына жоғары сапалы стратегиялық инвестицияларды тарту.

Кездесу барысында «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ мен оның қоржындық компанияларында бакалавриат және магистратура бағдарламаларының студенттеріне тағылымдама ұйымдастыру, сондай-ақ зерттеуші докторанттарға Қазақстандағы кен орындарға сапарлар ұйымдастыру мәселелері талқыланды.

«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ жанындағы Әлеуметтік өзара ықпалдастық және коммуникация орталығының Бағдарлама үйлестірушісі және Басқарушы директоры Сандуғаш Искендирова Ұлыбританиядағы қазақстандық докторанттар қауымдастығы мен Қор арасындағы ынтымақтасық Орталық алаңында құрылатындығын атап өтті.

2019 жылғы көктемде ҚР Ұлыбританиядағы Елшілігі Қор және Қауымдастықпен бірлесіп Ұлыбританияда оқитын қазақстандық студенттерге арналған бос қызмет орындар жәрмеңкесін өткізуді жоспарлауда. Іс-шара студенттерге Қазақстан еңбек нарығындағы ұсыныстармен танысуға, сондай-ақ университет бітіргеннен кейін сәтті жұмысқа орналасу үшін не қажет екен туралы ақпарат алуға мүмкіндік береді. Қазақстандық компаниялар үшін алдағы жәрмеңке британдық беделді университеттердің үздік түлектерін тарту мүмкіндігін береді. Осылайша, іс-шара білікті мамандарды Қазақстанға қайтаруға және оларды табысты жұмысқа орналастыруға мүмкіндік береді.

Қосылған : 26.11.2018, 18:00, Өзгертілген : 26.11.2018, 18:00