Лондонда Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылды

ЛОНДОН, 2018 жылғы 2 қазан – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Асқар Жұмағалиев басқарған қазақстандық мемлекеттік және жеке сектор өкілдерінің делегациясы Лондондағы «Kazakhstan Global Investment Forum 2018» атты форумына Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырды.

Жоғары деңгейдегі іс-шара бизнес және инвестициялар салаларындағы жаңа мүмкіндіктерге арналып, Қазақстан экономикасының тез дамып келе жатқан секторларындағы перспективаларды талқылауға және еліміздің «брекзиттен» кейінгі Ұлыбританияның сауда серіктесі ретіндегі әлеуетін бағалауға бағытталды.

«Біз Ұлыбританияны стратегиялық әріптесіміз ретінде көреміз. Экономикамызды табысты әртараптандыруға және оны жаһандық жүйеге интеграциялауға қажетті капиталды, технологияларды және іскерлік тәжірибені алып келетін британдық инвесторларды тартуға Қазақстан мүдделі», – деді қазақстандық делегацияның басшысы А.Жұмағалиев.

Ұлыбританияның Қазақстан экономикасының ең ірі инвесторларының бірі екендігі де атап өтілді. Тәуелсіз Қазақстан 27 жылда тартқан 300 миллиард АҚШ доллардың ішіндегі 13 миллиард АҚШ доллар Ұлыбританиядан келген.

Форумның жоғары мәртебесін қазақстандық делегацияның Ханзада Эндрю, Йорк герцогімен кездесуі дәлелдеді. Іс-шара спикерлерінің арасында Ұлыбритания Премьер-Министрінің Қазақстандағы Сауда өкілі Баронесса Эмма Николсон, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Басқарма төрағасы Ахметжан Есімов, Еуропалық қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) Президенті Сума Чакрабарти, «Астана» Халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) Басқарушысы Қайрат Келімбетов, Ұлыбритания экспорттық несиелерге кепілдік беру департаментінің (UKEF) Бас директоры Луис Тейлор, ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Арыстан Қабыкенов, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Сапарбек Тұяқбаев және басқалар болды.

Пленарлық сессияда сөйлеген сөзінде Баронесса Николсон «Ұлыбританияның мүдделері Қазақстанның кен өндіруші саласы, жекешелендіру бағдарламасы және Астананы еуразиялық қаржылық хаб ретінде дамытумен шектелмейді. Біз Қазақстан экономикасын әртараптандыру процесіне қатысқымыз келеді» деді.

Форумның басты тақырыптары салықтық және кедендік жеңілдіктерді қамтитын еліміздің инвестициялық климатын жақсартуға бағытталған өзекті енгізілімдер, Мемлекеттік активтерді жекешелендіру бағдарламасы, Еуропа мен Азияның қиылысындағы Қазақстанның қолайлы географиялық орналасуы, Қытайдың «Белбеу және жол» бастамасына және Еуразиялық экономикалық одағына қатысуы және ағылшын құқықтың нормалары негізінде жұмыс істейтін АХҚО қызметі болды.

«Қазіргі таңда дайын өндіріс инфрақұрылымы мен салық жеңілдіктері бар үш арнайы экономикалық аймақтың инвестициялық тартымдылығы жоғары. Ұлттық индустриалды мұнай-химия технопаркі аумағында полипропилен мен полиэтилен өндіру бойынша жоба жүзеге асырылуда, «Тараз химиялық паркі» экспортқа бағытталған химиялық өнімдерді шығаруға дайын, «Хоргос – Шығыс қақпасы» АЭА Қытайдан келген жүктерді бірнеше бағытқа жіберуге мүмкіндік береді», – деді. А.Есімов. «Келесі жылдан бастап Қор 70-тен астам активтерді сатуға кіріседі, бұл ынтымақтастыққа кең мүмкіндіктер береді», – деді ол.

Өз кезегінде ЕҚДБ басшысы С.Чакрабарти Қазақстан бүкіл қоғамның мүддесі үшін жұмыс істейтін, әлемге ашық тұрақты нарықтық экономиканы құруға ұмтылатын басқа елдер үшін айқын үлгі болуға қажетті әлеуетке ие екенін атап өтті.

Форумға өндірістік, ауылшаруашылық, химиялық, тау-кен және қаржылық секторлардан, сондай-ақ металлургия, альтернативті энергетика, логистика және цифрлық технологиялар салаларынан 200-ден астам жоғары лауазымды басшылар қатысты. Іс-шараға «Mitsubishi UFJ Financial Group», «JP Morgan Bank», «Deutsche Bank», «Morgan Stanley», «Ernst & Young LLP», «PricewaterhousCoopers» және Лондон қор биржасы сияқты көптеген ірі халықаралық корпорацияларының өкілдері қатысты.

«2016 жылы Ұлыбритания Қазақстанға 2,9 млрд. фунт стерлингке тауар сатып, 2,6 млрд. фунт стерлингке қызмет көрсетті, ал Қазақстанның Ұлыбританияға экспорты 640 млн. фунт стерлинг болды. Бірақ біз бұдан да көп істегіміз келеді. Қазақстан өз экономикасын әртараптандыруға және жеке меншік секторын нығайтуға ұмтылған, ал британдық жабдықтаушылар бұл мақсатты консалтинг, инфрақұрылым, энергетика, тау-кен өнеркәсібі және басқа да салалардағы білімі арқылы қолдай алады», – деді Л.Тейлор.

Форумды қорытындылай келе, Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшісі Ерлан Ыдырысов пен Ұлыбританияның Қазақстандағы Елшісі Майкл Гиффорд іс-шара қазақстандық нарыққа британдық және халықаралық бизнестің қызығушылығын көрсетіп, екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтіп, тереңдетуге ықпал еткенін атап өтті.

Форум аясында А.Жұмағалиев және А.Есімов британдық бизнестің «капитандары», халықаралық және мемлекеттік құрылымдардың басшыларымен кездесу өткізді. Ішінде «RIT Capital Partners» компаниясының Төрағасы Лорд Джейкоб Ротшильд, «Danaher» корпорациясының Басқарма төрағасы Филип Уайтхед, ЕҚДБ Президенті С. Чакрабарти, «Hinduja Group» компаниясының Тең төрағасы Гопичанд Хиндуджа, «Aberdeen Standard Life Asset Management» компаниясының Стратегиялық мәселелер жөніндегі жаһандық басшысы Джон Кэмпбелл, «Rio Tinto» компаниясының Энергетика және минералды ресурстар жөніндегі Бас атқарушы директоры Болд Баатар және «Blackrock Asset Management» компаниясының Басқарушы директоры Джим Барри болды.

Кездесулер нәтижесінде бірқатар екіжақты жобалар бойынша келісімдерге қол жеткізілді. «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ мен ЕҚДБ арасында 2017 жылғы маусымда жасалған «ШалкияЦинк ЛТД» АҚ мен ЕҚДБ арасындағы кредиттік келісімге кепілдік беру туралы келісімге қол қойылды. Қор Қызылорда облысындағы «Шалқия» кен орнында қайта өңдеу зауытын салу үшін 295 миллион АҚШ доллары сомасындағы міндеттемелердің кепілі болады.

«Danaher» компаниясы медициналық мекемелерді салу жөніндегі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларына қатысуға қызығушылық білдірді, «Hinduja Group» Қазақстанда коммерциялық автокөліктерді және жанар-жағармай материалдарды өндіруге қызығушылық білдірді, ал «Rio Tinto» компаниясы электромобильдерге арналған батареяларды жасау үшін мыс өндіру саласындағы ынтымақтастық мүмкіндігін атап өтті.

Форумды ұйымдастырған «Financial Times» атты беделді британдық басылым, «fDi» (Foreign Direct Investment) журналы, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, «Kazakh Invest» ҰҚ» АҚ және Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшілігі.

Қосылған : 3.10.2018, 19:00, Өзгертілген : 3.10.2018, 19:00