Қазақстандық суретшілердің жұмыстары Лондондағы көрмеге қойылды

ЛОНДОН, 2019 жылғы 6 наурыз – Британ-Қазақстан қоғамы мен Көркем коллекционерлер комитеті Лондонда «Light of the Other. Орталық Азия өнерін ашу» атты Орталық Азияның заманауи өнер көрмесін ұйымдастырды.

«D Contemporary» атты заманауи өнер галереясында өтіп жатқан көрмеге Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстанның атақты суретшілерінің шығармалары қойылған.

Қазақ өнері Алмагүл Меңлібаева, Владимир Твердохлебов, Ерболат Төлепбай, Марат Бекеев, Сәуле Сүлейменова, Үрия Жүрек және т.б. атақты суретшілер арқылы таныстырылды.

Көрменің мақсаты – өткен мен бүгінді, тарих пен қазіргі заманды шығармашылық тұрғыдан түсіну, сондай-ақ Батыста танылмаған Орталық Азияның ішкі әлемін өнер тілі арқылы ашып көрсету. Ұйымдастырушылар Әл-Хорезми, Әл-Фараби, Әл-Бируни, Ибн Сина және Ұлықбек сияқты аймақтың алдыңғы қатарлы новаторлары арқылы Орталық Азияның әлемдік тарихқа қосқан баға жетпес үлесі мен рөлін, сондай-ақ жаңа өмірге ие болып келе жатқан Ұлы Жібек Жолын тану туралы айтады.

Көрмеде ұсынылған жұмыстар осы ежелгі аймақтың тарихы, дәстүрлері және құндылықтарымен шабыттандырылған Орталық Азияның айқын әрі ерекше бейнесін қалыптастырады. Көрмеге келушілер әр суретшінің жеке интерпретациясы арқылы Орталық Азияның мәдениеті мен өмірімен таныса отырып, ұсынылған жұмыстардың кейбірін сатып алуға мүмкіндікке ие болады.

Көрме 22 наурызға дейін дүйсенбі-сенбі, сағат 11:00-ден 17:00-ге дейін келесі мекен-жайында ашық:

D Contemporary

23 Grafton Street

Mayfair

London

W1S 4EY

Қосылған : 7.03.2019, 19:00, Өзгертілген : 7.03.2019, 19:00