Қазақстан туралы

Қазақстан Республикасы – президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет. Конституцияға сәйкес, республика өзін адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандығы ең қымбат қазынасы саналатын демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады.

Қазақстан тәуелсіздігін 1991 жылы 16 желтоқсанда алды. Ел астанасы – Астана қаласы. Мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Орыс тілі ұлтаралық қарым-қатынас тілі мәртебесіне ие. Ақша бірлігі – теңге.

Қазақстан Республикасының Президенті – мемлекеттің басшысы, оның ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайтын, сонымен қатар, ел ішінде және халықаралық қатынастарда Қазақстанның атынан өкілдік ететін мемлекеттің ең жоғары лауазымды тұлғасы. Президент – халық пен мемлекеттік билік бірлігінің, Конституцияның мызғымастығының, адам және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының нышаны және кепілі.

Үкімет Қазақстан Республикасының атқарушылық билігін жүзеге асырады, атқарушы органдар жүйесін басқарады және олардың қызметіне жетекшілік жасайды.

Заң шығару қызметін тұрақты негізде жұмыс жасайтын екі палатадан – Сенаттан және Мәжілістен тұратын Қазақстан Республикасының Парламенті жүзеге асырады.

Сенатты конституциялық заңда белгіленген тәртіппен әр облыстан, республикалық маңызы бар қаладан және Қазақстан Республикасының астанасынан екі адамнан өкілдік ететін депутаттар құрайды. Сенатта ұлттық-мәдени және қоғамның өзге де елеулі мүдделерінің қамтамасыз етілуі қажеттігі ескеріліп, он бес депутатты Президент тағайындайды. Мәжіліс конституциялық заңда белгіленген тәртіппен сайланатын жүз жеті депутаттан құралады. Мәжілістің тоғыз депутатын Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайды. Сенат депутаттарының өкілеттілік мерзімі – алты жыл, Мәжіліс депутаттарының өкілеттілік мерзімі – бес жыл. Қазіргі уақытта Мәжілісте үш партия – «Нұр Отан» партиясы, Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы және Қазақстанның Коммунистік халықтық партиясы өкілеттілік етеді. 9 депутат Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған.

Әкімшілік-аумақтық құрылымы бойынша ел 14 облыс және республикалық маңызы бар 3 қалаға бөлінеді:

• Астана – республикалық маңызы бар қала

• Алматы – республикалық маңызы бар қала

• Шымкент – республикалық маңызы бар қала

• Ақмола облысы

• Ақтөбе облысы

• Алматы облысы

• Атырау облысы

• Батыс Қазақстан облысы

• Жамбыл облысы

• Қарағанды облысы

• Қостанай облысы

• Қызылорда облысы

• Маңғыстау облысы

• Павлодар облысы

• Солтүстік Қазақстан облысы

• Түркістан облысы

• Шығыс Қазақстан облысы

Қазақстан тұрғындарының саны 2018 жылдың 1 тамызында 18 292 704 адамды құрады.

Қазақстан Еуразия құрлығының ортасында орналасқан. Алып жатқан жер көлемі 2 млн. 724,9 мың шаршы шақырым, еліміз әлем елдері арасында аумағы бойынша тоғызыншы орында. Солтүстігі мен батысында еліміз Ресеймен – 7 591 шақырым (әлемде құрғақтағы ең ұзын үзіліссіз шекара), шығысында Қытаймен – 1 783 шақырым, оңтүстігінде Қырғызстанмен – 1 242 шақырым, Өзбекстанмен – 2 351 шақырым және Түркіменстанмен – 426 шақырым шекара арқылы шектеседі. Құрғақтағы шекарасының жалпы ұзындығы – 13 200 шақырым. Оған қоса, республиканың құрлық ішіндегі теңіздері – Каспий және Арал теңіздері бар. Қазақстан – Әлемдік мұхитпен тікелей жалғаспайтын әлемдегі ең ірі ел.

Ел аумағының ауқымды бөлігін – 44%-ын шөлдер және 14%-ын шөлейтті жерлер алып жатыр. Далалық жерлер Қазақстан аумағының 26%-ын, орман-тоғайлар 5,5%-ын құрайды. Қазақстанда 8,5 мың өзен бар. Каспий акваториясының солтүстік-шығыс бөлігі республика шегіне кіреді. Арал теңізі Қазақстан мен Өзбекстан арасында бөлінген. Қазақстанда үлкен және шағын 48000 көл бар. Оның ең ірілері – Арал теңізі, Балқаш, Зайсан және Алакөл.

Мұхиттардан алыстығына байланысты елдің ауа райы күрт континентальды болып келеді. Қаңтардағы орташа ауа температурасы − солтүстікте -19 °C-дан оңтүстігінде -2 °C-ға дейін, шілдедегі орташа ауа температурасы − солтүстікте +19 °C-дан оңтүстігінде +28 °C-ға дейін. Жаз мезгілі ыстық және құрғақ, қысы суық және қарлы.

Қазақстан Республикасы – экономикалық өсімінің негізгі көзінің бірі пайдалы қазбалар өндіру болып саналатын индустриялық ел. Еліміздің минералдық-шикізаттық базасы 5000-нан астам кен орнынан құралады, олардың болжамды құны ондаған триллион АҚШ долларына бағаланады. Республика әлемде мырыш, вольфрам және бариттің барланған қоры бойынша – бірінші орын, күміс, қорғасын және хромит қоры бойынша – екінші, мыс және флюорит бойынша – үшінші, молибденнен – төртінші, алтын қоры жөнінен алтыншы орын алады.

Сонымен қатар, Қазақстан батыс облыстарда шоғырланған мұнай мен газдың айтарлықтай мол қорына ие. Ел жылына 80 миллион тоннадан астам мұнай және газ конденсатын алатын әлемдегі ірі мұнай өндіруші мемлекеттер қатарына жатады. 2020 жылға қарай өндірісті жылына 120 млн. тоннаға дейін арттыру жоспарланып отыр. Бүгінде Қазақстан анықталған мұнай қоры жөнінен әлемде 9-орында тұр. Оған қоса республикамыз ранг жөніндегі әлемдік табелде көмір қоры бойынша – 8 және уран қоры бойынша 2-орын алады.

Дәстүрлі түрде елде ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Қазақстан әлемдегі ең жетекші астық экспорттаушылар ондығына кіреді және ұн экспорттаудан да көш бастаушылардың бірі саналады. Егін шаруашылығы солтүстікте дамыған – егістіктің 70 %-ы бидай, арпа, тары сияқты дәнді және техникалық дақылдарға тиесілі. Елдің оңтүстігінде күріш, мақта, темекі өсіріледі. Сонымен қатар, Қазақстан өзінің бауларымен, жүзімдіктерімен және бақша өнімдерімен де мәлім. Ауыл шаруашылығының жетекші саласы мал шаруашылығы болып саналады. Мал шаруашылығының негізгі бағыттары – қой, жылқы, түйе, ірі қара мал шаруашылығы және шошқа өсіру. Сонымен бірге, республикада құс шаруашылығы мен балық шаруашылығы да дамыған.

Қысқа тарихи мерзім ішінде – тәуелсіздік алған 1991 жылдан бастап елдің жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) 16 есеге – 700 АҚШ долларынан 12 мың долларға дейін өсті. Бұл – тіпті қарыштап даму үстіндегі оңтүстік-шығыс азиялық «жолбарыстармен» салыстырғанда да ғаламат нәтиже. Британдық мамандардың бағалауынша, ХХІ ғасырдың алғашқы онжылдығындағы ең қарқынды 25 дамушы экономика арасынан Қазақстан тек Қытай мен Катарды ғана алға салып, 3-орын алады. Бүкіләлемдік банктің жіктемесіне сәйкес, республикамыз табыс деңгейі орташадан жоғары елдер тобына енді.

Тәуелсіздік жылдары Қазақстанға 200 млрд. доллардан астам шетел инвестициясы тартылды, бұл – Орталық Азияға салынған инвестицияның 70% мөлшері. Елдің алтын-валюта резерві 2016 жылдың соңында 90,8 миллиард АҚШ долларына тең болды, оның 61 млрд. доллары Ұлттық қорға тиесілі. Кәсіпкерлік жүргізу шарттары бойынша Бүкіләлемдік банк рейтингінде Қазақстан 2019 жылы 28-ші орын алды.

Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 2018 жылғы қаңтар-қараша аралығында 84 млрд. доллардан асты. Экспортталатын басты тауарлар – кен өндіру, отын-энергетика, металлургия және химия өнеркәсіптерінің, сондай-ақ астық индустриясының өнімдері. Республиканың сауда саласындағы негізгі серіктестері – Ресей, Қытай, Еуропа және ТМД мемлекеттері.

Экономиканы әртараптандыру шеңберінде елде Мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы табысты жүзеге асырылуда. Осы бағдарламаға сәйкес, бүкіл ел бойынша бұрынғы кәсіпорындар мен өндіріс орындары жаңғыртылып, жаңалары ашылуда.

Қазақстан «Жаңа Жібек жолы» атты ауқымды жобаны жүзеге асыруда, ол елдің құрлықтағы басты байланыстырушы буын ретіндегі тарихи рөлін жаңғыртып, оны өңірдің аса ірі іскерлік және транзиттік хабына – Еуропа мен Азия арасындағы өзіндік көпірге айналдыруға тиіс. Осы мега-жобаны іске асыру нәтижесінде 2020 жылға қарай республика арқылы өтетін транзиттік жүк ағыны 2 есе дерлік өсуі тиіс.

Елдің айрықша әсем ландшафттық байлығы мен бірегей мәдени-тарихи мұрасын дамудың жаңа мүмкіндіктерінің айналдыра алатын Қазақстанның туристік кластері де айтарлықтай әлеуетке ие болып отыр.

Елде жаппай әлеуметтік жаңғырту жұмыстары жасалуда – жаңа мектептер, кәсіптік колледждер және университеттер салынуда, заманауи медициналық емхана мен ауруханалар ашылуда, халықты әлеуметтік қолдау жүйесі жетілдірілуде.

Қазақстан – Ұлы дала көшпенділері мемлекеттік құрылымдарының тарихи мұрагері болып саналатын және біртіндеп олардың баста геосаяси мұратын – Еуразиядағы ықпалдастыққа, бейбітшілік пен жасампаздықтың біртұтас кеңістігін қалыптастыруға ықпал етуді жүзеге асырып келе жатқан, өзіндік төлтума мәдениеті мен тарихы аса бай ел.

Бүгінгі таңда республикада 130 этнос өкілі өмір сүреді, ұлтаралық қарым-қатынастардың үйлесімділігі жөніндегі консультативтік-кеңесшілік орган – Қазақстан халқы Ассамблеясы табысты жұмыс жасауда. Астанада 2018 жылы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезі өтті, оның жұмысына шамамен әлемнің 46 елінен 8ә делегация қатысты. Жыл сайын 2008 жылдан бастап Астана экономикалық форумы бүкіл әлемнің жетекші экономистерінің, талдаушылары мен сарапшыларының басын қосып келеді. Астана мен Алматыда 2011 жылдың басында Қысқы Азия ойындары табысты өтті. Ел құрамасы жалпыкомандалық есепте бірінші орын алды. 2017 жылдың қаңтар-ақпан айларында Алматы қаласында XXVIII Бүкіләлемдік қысқы Универсиада өтті. 2018 жылы Астана қаласы 20 жылдық мерейтойын өткізді.

2017 жылдың 10 маусым – 10 қыркүйек аралығында Қазақстан Орталық Азия және ТМД елдері арасында алғашқы болып «Болашақ энергиясы» тақырыбында ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрме өткізді. Көрмеге 115 мемлекет және 22 халықаралық ұйым қатысты. Қатысушылардың жалпы саны 3 миллионнан асты. ЭКСПО негізінде құрылатын Халықаралық «жасыл» технологиялар орталығы, ІТ-стартаптар халықаралық технопаркі және «Астана» халықаралық қаржы орталығы Қазақстанды Орталық Азиядағы аса ірі инновациялық технологиялар орталығына және елімізді әлемнің 20 үздік қаржы орталықтарының біріне айналдыратын аса өршіл жобалар болып табылады.

Еліміз Орталық Азиядағы көшбасшы бола отырып, өңірдегі тұрақтылықтың нығаюына үлкен үлес қосуда. Республика әлемдік деңгейде де зор табыстарға қол жеткізіп келеді. Мұны Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі мен 2010 жылғы желтоқсан айында Астанада осы беделді халықаралық ұйымның саммитінің өтуі дәлелдейді. АӨСШК – ЕҚЫҰ-ның азиялық баламасы жобасын іске қосу елдің маңызды бастамасына айналды.

Қазақстанның ислам әлемдегі жетекші ұйым – Ислам ынтымақтастығы ұйымы төрағасы ретіндегі жасампаз қызметі де оң баға алды. 2017 жылғы 10-11 қыркүйекте Астанада Ұйым тарихында алғаш рет ИЫҰ Ғылым және технологиялар жөніндегі бірінші саммит өтті. Оның мақсаты мұсылман әлеміндегі білім беру, ғылым, технологиялар және инновацияларды ілгерілетуге арналған басымдықтарды, мақсаттар мен міндеттерді анықтау болды. БҰҰ тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу және ислам мемлекеттері арасындағы ғылым, техника және білім беру салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға арналған Астана декларациясының және ИЫҰ-ның 2026 жылға дейінгі іс-қимыл жоспарының қабылдануы Саммиттің негізгі қорытындыларының бірі болды.

Қазақстан жаһандық антиядролық қозғалыста жалпыға мойындалған көшбасшы болып саналады. 1991 жылғы 29 тамызда ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен әлемдегі аса ірі Семей ядролық полигонының жабылуы Қазақстанның әлемдегі ауқымы жағынан төртінші ядролық арсеналынан бас тартуының басы болды. Қазақстанның бастамасымен қабылданған БҰҰ Бас Ассамблеясының 2009 жылғы қарарына сәйкес жыл сайын 29 тамыз Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні болып атап өтіледі. Сонымен бірге, Қазақстанда МАГАТЭ Төмен байытылған уран банкі ашылды. Оның мақсаты МАГАТЭ-ге мүше мемлекеттердің атом электр стансаларына ядролық отын жасауға қажетті төмен байытылған уранның кепілдендірілген қорын құру.

2010 жылғы шілдеде Беларусь, Қазақстан және Ресейдің Кеден одағы, ал 2012 жылғы 1 қаңтардан Біртұтас экономикалық кеңістік жұмысын бастады. 2015 жылғы 1 қаңтарда Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) туралы шарт күшіне енді. Бұл бірлестіктер мүше мемлекеттердің экономикасының тиімді дамуына және тұрғындарының тұрмыс деңгейін тауар, қызмет, қаржы және адам капиталының үш ел шекарасы арқылы еркін қозғалысы қағидаты негізінде арттыруға бағытталған.

Экономиканың барлық саласындағы тұрақты өсім, халықаралық деңгейде мойындалу, саяси тұрақтылық қазіргі Қазақстан қоғамының өсіп-өркендеуінің негізіне айналып отыр. Бүгінгі Қазақстан – өз топырағының асыл дәстүрлерін ардақ тұтатын, кемел болашаққа қадам басқан жасампаз ел.

Жалпы мағлұмат

  • Жерінің көлемі бойынша Қазақстан әлемде 9-шы орында.
  • 2016 жылы Қазақстан өзінің тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өтті.
  • Қазақстан теңізбен тікелей жалғаспайтын әлемдегі ең ірі ел. Оның жер-аумағы Батыс Еуропаның аумағымен пара-пар.
  • Қазақстан 130 ұлт пен ұлыстың өкілдері тұратын әлемдегі көпұлтты мемлекеттердің бірі.
  • 2015 жылы Қазақстан Қазақ хандығының - өзінің мемлекеттігінің құрылғанына 550 жыл толғанын этап өтті.
  • Елде жаһандағы ең ірі ғарыш кешені орналасқан. 1961 жылы Юрий Гагарин адамзат тарихында тұңғыш рет «Байқоңыр» ғарыш кешенінен ғарышқа аттанды. 2016 жылы британдық астронавт Тим Пик Байқоңырдан Халықаралық ғарыш стансасына өзінің алғашқы сапарын жасады.
  • 1997 жылғы 10 желтоқсаннан бастап Астана қаласы Қазақстанның астанасы болып табылады.
  • 2016 жылы Қазақстан 2017-2018 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланды.
  • 2017 жылы Қазақстанда қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасы қабылданды.

Экономика және тұрақты даму

  • Тәуелсіздік алған кезеңнен бері Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 16 есеге өсті.
  • Қазақстан Республикасы мұнай мен газ өндіруден әлемдегі он елдің, бидай экспорттаудан жаһандағы бес мемлекеттің қатарында және уран экспорттайтын әлемдегі ең ірі ел болып табылады.
  • 2014 жылы ҚР-да 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» Мемлекеттік инфрақұрылымды дамыту бағдарламасы қабылданды. Оның мақсаты - Қазақстанның бірегей экономикалық нарығын құру және елдің көліктік инфрақұрылымын халықаралық көліктік жүйемен біріктіру.
  • 2015 жылы Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болып қабылданды.
  • 2015 жылы Қазақстанда Президент Н.Ә. Назарбаевтың елдің экономикалық және саяси жүйесін жаңғыртуға арналған «Ұлт жоспары - бес институционалдық реформаны жүзеге асырудағы 100 нақты қадам» қабылданды.
  • 2015 жылы Қазақстанда мемлекеттік компанияларды жекешелендіру бағдарламасын іске асыру басталды.
  • 2017 жылғы 10 маусымнан 10 қыркүйекке дейін Қазақстан астанасы Астана қаласында «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі өтті. Оған 115 ел және 22 халықаралық ұйым қатысты.
  • Қазақстан тұрақты даму бағытын бекем ұстанады. Ел жел және күн сәулесі энергетикасына инвестициялар құя отырып, өзінің энергетикалық ресурстарын әртараптандырады.
  • Қазақстан 2050 жылға қарай өз энергиясының 50% жаңартылмалы энергия көздерінен өндіруді жоспарлауда. Елде «жасыл» технологияларды дамытуға арналған «Жасыл көпір» экологиялық бастамасы жүзеге асырылуда.

Халықаралық бастамалар

  • Қазақстан 2017-2018 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланған алғашқы Орталық Азиядағы мемлекет.
  • Республика Еуропалық қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) және Ислам ынтымақтастық ұйымы (ИЫҰ) сияқты халықаралық ұйымдарға төрағалық етті.
  • Қазақстан – Еуразиялық экономикалық одақтың мүшесі.
  • 2015 жылы Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы Келісімге қол қойылды.
  • Ауғанстанды қайта қалпына келтіру Қазақстан үшін маңызды басымдық болып табылады. ҚР Ауғанстанға көмек көрсетті, студенттік стипендиялар және полицияға арналған оқу бағдарламаларын ұсынды.
  • Қазақстан жаһандық ядролық қаруға қарсы қозғалыстың көшбасшысы. 1991 жылғы 29 тамызда ел Семей ядролық полигонын жауып, әлемдегі 4-ші ең ірі ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартты.
  • 2016 жылы Президент Н.Ә. Назарбаевтың жаһандық ядролық қарусыз әлем құруға шақырған Манифесі жарияланды.
  • 2017 жылы Қазақстанда МАГАТЭ Төмен байытылған уран банкі ашылды. Оның мақсаты - МАГАТЭ-ге мүше мемлекеттердің атом электр стансаларына арналған ядролық отын жасауға қажетті төмен байытылған уранның кепілдендірілген қорын құру.
  • Қазақстан әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері өткізеді. 2018 жылы VI съез өткізілді.
  • 2017 жылдың қаңтар-ақпан айларында Алматыда XXVIII қысқы Дүниежүзілік Универсиада өтті.
  • Қазақстан өз аумағын келіссөздер жүргізуге ұсына отырып, Сириядағы қақтығыс мәселесін шешуге зор үлес қосып отыр.
  • 2017 жылғы 10-11 қыркүйекте Астана қаласында ИЫҰ-ның ғылым және технологиялар жөніндегі алғашқы саммиті өтті.
Қосылған : 7.10.2017, 10:50, Өзгертілген : 7.10.2017, 11:55