Нұр-Cұлтанда Қазақстан мен Қырғызстан СІМ басшылары келіссөздер өткізді

НҰР-СҰЛТАН, 2019 жылғы 21 тамыз - Орталық Азия елдері мен АҚШ СІМ басшыларының «С5+1» форматындағы кездесуі аясында Қазақстан Республикасы Сыртқы саяси ведомствосының басшысы Бейбіт Атамқұлов Қырғыз Республикасының Сыртқы істер министрі Чингиз Айдарбековпен кездесу өткізді.

Келіссөздер барысында тараптар екіжақты және көпжақты күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша жан-жақты пікір алмасты. Атап айтқанда, сауда-экономикалық, шекара маңы және су-энергетика салаларындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

ҚР Сыртқы істер министрінің 20 мамырда Қырғыз Республикасына және Қазақстан Премьер-Министрінің 2019 жылғы 12 шілдеде Бішкекке жасаған ресми сапарлары және оның шеңберінде өткен Қазақстан-қырғыз үкіметаралық кеңесі 8-ші отырысының қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асырудың оң серпіні қанағаттанарлықпен атап өтілді.

Алдағы жоғары деңгейдегі халықаралық іс-шаралардың кестесі мен оларға дайындық барысы мұқият қаралды. Тиісті жоспарды пысықтау арқылы парламентаралық өзара іс-қимылды күшейту ұсынылды. Қырғыз тарапы Елшіліктің жаңа ғимаратын салу үшін бөлінетін жер учаскесін анықтауды сұрады.

Тараптар екіжақты күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді жедел ілгерілету үшін СІМ басшылары деңгейінде сындарлы диалогты жалғастыруға дайын екендіктерін білдірді.

Қосылған : 22.08.2019, 19:15, Өзгертілген : 22.08.2019, 19:15