ҚР Тұңғыш Президенті Қорының Әлемдік экономика және саясат институтының директоры Ержан Салтыбаев Лондонға сапармен келді

21-23 тамыз аралығында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының (ӘЭСИ) директоры Ержан Салтыбаевтың Ұлыбританияға жұмыс сапары болып өтті. Сапар барысында бірнеше жетекші сараптамалық орталықтар мен зерттеу институттарының, соның ішінде Корольдік халықаралық қатынастар институты (Chatham House), Корольдік біріккен қорғаныс зерттеулері институты (RUSI), Халықаралық стратегиялық зерттеулер институты (IISS), «Уилтон Парк» Ұлыбританияның Сыртқы істер министрлігінің сараптама қоры және Эдинбург Герцогының қоры сияқты жетекші мекемелердің басшылықтарымен кездесулер өтті.

Сонымен бірге, Е.Салтыбаев Қорғаныс және қауіпсіздік Форумының директоры Ольга Мейтленд ханыммен, Сыртқы істер министрлігінің Шығыс Еуропа және Орталық Азия департаменті директорының орынбасары Дженнифер Макнотанмен және Форин-офистің сараптамалық департаметінің өкілі Алан Парфитпен келіссөздер жүргізді.

Ірі мемлекеттік емес сараптамалық институттың басшысы ретінде Е.Салтыбаев британдық әріптестерімен ӘЭСИ-мен кең ауқымды мәселелер бойынша ынтымақтасу мүмкіндігін талқылады. Бұл бірлескен зерттеу жобаларын іске асыру перспективаларын, академиялық алмасу бағдарламалары, британдық сарапшылардың өңірдің проблемаларын зерттеуге және сараптамалық ұсынымдар әзірлеуге қатысу мәселелерін қамтиды.

Сарапшылық диалог жүргізуге арналған қазақстандық сарапшылар платформасы ретінде белгілі «Астана клубы» сапардың күн тәртібіндегі жеке мәселе болды. Британдық сарапшылар «Астана клубына» жоғары баға беріп, оның жыл сайынғы отырыстары түрлі елдердің өкілдеріне «бейтарап» алаңда ашық пікір алмасуға және өзара қолайлы шешімдерге келуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

***

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының Әлемдік экономика және саясат институты (ӘЭСИ) 2003 жылы құрылған. ӘЭСИ қызметі әлемдік экономика, халықаралық қатынастар, геосаясат, қауіпсіздік және Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің қызметін және оның Қазақстанды тәуелсіз мемлекет ретінде құрудағы және нығайтудағы және жаһандық бейбітшілік диалогын ілгерілетудегі үлесін зерттеуге бағытталған.

Қосылған : 23.08.2017, 15:30, Өзгертілген : 23.08.2017, 15:55