Лондондағы сайлау учаскесі өз жұмысын аяқтады

ЛОНДОН, 2019 жылғы 9 маусым – Қазақстан Республикасының Ұлыбританиядағы Елшілігі жанындағы № 244 сайлау учаскесінде Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауы өтті.

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» ҚР Конституциялық Заңының 38-бабының 1-тармағына сәйкес, дауыс беру Лондон уақытымен 07:00-ден 20:00-ге дейін өткізілді.

Дауыс санау қорытындысы бойынша сайлау учаскесінде 411 сайлаушылар дауыс берді.

Өз елінің болашағын айқындауға ұмтыла отырып, ҚР азаматтары Лондонға Біріккен Корольдіктің түкпір-түкпірінен, яғни Эдинбург, Манчестер, Абердин, Глазго және басқа қалалардан жол жүріп келді.

Лондонда дауыс берген алғашқы сайлаушы Борнмут университетінің студенті Бекзат Ырза болды. Оған туған елінен әкелінген естелік кәдесыйлар табыс етілді.

«Бүгінгі сайлау еліміздің беделін, берекесін арттырады деп ойлаймын. Және осындай аса маңызды шарадан жастар тыс қалмауы керек деп, Лондонға арнайылап келдім», – деді Б.Ырза.

Лондондық сайлау учаскесінде ауыр атлетикадан төрт мәрте әлем чемпионы және екі мәрте Олимпиада чемпионы Илья Ильин да дауыс берді. Жақында ол Ковентри қаласында өткен ауыр атлетикадан «British International Open 2019» халықаралық турниріне қатысып, күміс жүлдеге ие болды.

Сайлау учаскесінің жұмысына «Еркіндік қанаты» қоғамдық қорының байқаушысы да қатысты. Байқаушыға сайлау учаскесінде болып, сайлау өткізу барысын кедергісіз бақылау мүмкіндігі қамтамасыз етілді. Қоғамдық ұйымның өкілі жәшіктердің бүтіндігін тексеріп, бюллетеньдерді алдын ала есептеуден бастап, сайлау комиссиясының хаттамасын жасап, қол қойғанға дейінгі бүкіл сайлау процесін бақылап отырды.

Елшілік қызметкерлері ашық және әділ сайлау өткізуді, сайлау учаскесінің үздіксіз жұмыс істеуін, сондай-ақ ҚР азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық күш-жігерін жұмсады.

Елшілік қонақтарды жылы қарсы алып, оларға бауырсақ, жент, ірімшік және құрт секілді ұлттық тағамдар мен отандық кондитерлердің өнімдерін ұсынды.

Қосылған : 9.06.2019, 23:05, Өзгертілген : 9.06.2019, 23:05