​Лондонда стратегиялық әріптестік пен Қазақстандағы сайлау қорытындылары талқыланды

ЛОНДОН, 2019 жылғы 13 маусым – Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі дамыту контексіндегі Қазақстандағы президенттік сайлаудың қорытындысы Британдық-Қазақстандық қоғам ұйымдастырған жұмыс таңғы ас аясында талқыланды.

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Жоғары Мәртебелі Йорк Герцогы Ханзада Эндрю Құрметті Патроны болып табылатын Британдық-Қазақстандық қоғам (БҚҚ) іс-шараға британдық мемлекеттік сектордың, іскерлік топтардың және сараптамалық қауымдастықтың көрнекті өкілдерін шақырды. Кездесуге БҚҚ Төрағасы Руперт Гудман төрағалық етті. Іс-шарада Ұлыбританияның Қазақстандағы Елшісі Майкл Гиффорд сөз сөйледі. Пікірталасқа қатысушылардың арасында Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшісі Ерлан Ыдырысов, Ұлыбритания Премьер-Министрінің Қазақстан бойынша сауда уәкілі Баронесса Эмма Николсон, «Астана» Халықаралық қаржы орталығы сотының төрағасы Лорд Вульф, Ұлыбритания Парламентінің Қазақстанмен ынтымақтастық жөніндегі жалпыпартиялық тобының тең төрағасы және БҚҚ Төрағасының консультативтік тобының мүшесі Лорд Астор және басқалар болды.

Іс-шара қонақтары Қазақстанда өткен президенттік сайлаудың тарихи маңыздылығын атап өтіп, Қазақстан қоғамының саяси өзгеру процесін және Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейтудің келешегін талқылады. Сонымен қатар қонақтар еліміздің одан әрі ілгерілемелі дамуына, мемлекеттің халықаралық беделінің нығаюына нық сенім білдірілді.

Елші Е. Ыдырысов қатысушылардың сұрақтарына жауап бере отырып, Мемлекет басшысы өзінің ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде атап өткен Қазақстан дамуының негізгі бағыттарын егжей-тегжейлі түсіндірді. Оның ішінде: халықтың табысы мен әл-ауқатын арттыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді іс-қимыл, сот және құқықтық реформа, әділ әлеуметтік саясат, тұрғын үй мәселесін шешу, өңірлерді дамыту, теңдестірілген және көпвекторлы сыртқы саясат және жастарды қолдау.

Қазақстан экономикасына ірі инвесторлардың бестігіне кіретін Біріккен Корольдіктің кәсіпкерлері үкіметтің Қазақстандағы инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі күш-жігеріне қанағаттанушылығын білдіріп, Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы сауда-экономикалық және қаржы-іскерлік байланыстарды тереңдетуге белсенді қатысуды жалғастыру ниетін білдірді.

Іс-шара өзара әрекеттесудің барлық деңгейлеріндегі достық және белсенді байланыстарға негізделген Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы қарым-қатынастардың стратегиялық сипатын тағы да растады.

Қосылған : 13.06.2019, 17:15, Өзгертілген : 13.06.2019, 17:15