​Қазақстандық журналист «Жыл әйелі» аталымы бойынша халықаралық сыйлықты жеңіп алды

ЛОНДОН, 2019 жылғы 28 маусым – Қазақстандық журналист Ақмарал Баталова «Жыл әйелі» аталымы бойынша WinTrade сыйлығын жеңіп алды. Қазақстандық бұл жүлдеге ұзаққа созылған Сирия қақтығысы туралы жасаған репортаждар мен фильмдер сериясы үшін лайық деп танылды.

Сыйлыққа А.Баталованы Сирия туралы жұмыстарымен жіті танысқан Ұлыбритания Парламенті Лордтар палатасының бір топ өкілі ұсынған.

А.Баталова – әскери қақтығыстар кезінде Сирияға ресми түрде барып, Хабар 24 телеарнасы үшін репортаждар сериясын жасаған жалғыз қазақстандық журналист.

Ол сондай-ақ Астана процесі аясында сириялық бейбіт келіссөздерді ақпараттандырып, Таяу Шығыс бойынша шолу мақалаларын жазумен келеді.

Соңғы екі жыл көлемінде ол өзі басшылық ететін «Sesar Film Production» продюсерлік орталғының түсіру тобымен Сирия мәселесі бойынша, Астана процесі туралы, ислам дінін радикализациясыздандыру және Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі ретінде жасаған жұмыстарының нәтижелері жайлы төрт деректі фильм түсіріп үлгерген.

WinTrade халықаралық ұйымын 1966 жылы британиялық бизнес-ханым және Британ империясы Аса лауазымды орденінің кавалері Ивонн Томпсон негізін қалаған. Ұйым әйелдердің әртүрлі салалардағы қайраткерлігін қолдауға бағытталған. WinTrade сонымен қатар ғылым, өнер, технология, дизайн және басқа да аталымдар бойынша жүлде тағайындайды. А.Баталова алған марапат озық ойлай біліп, үйреншікті жұмыс кеңістігінен әрі аса алған, әйелдердің және аз танылған қауымдастықтардың қабылдау қабілетін өгертуге мүмкіндік бар екендігін дәлелдеген, адамдардың өміріндегі өзгерістердің катализаторы немесе агенті бола білген нәзік жандыларға беріледі.

Марапаттау салтанаты үздік тәжірибелерді паш етуге, тәжірибе алмасуға және әлем әйелдерінің бизнес байланыстарын дамытуға

бағытталып, Ұлыбритания астанасында WinTrade Week апталық форумының шарықтау кезеңі ретінде ұйымдастырылды. Биылғы форумның тақырыбы – «Womenomics (экономикадағы әйелдер) цифрлық технологиялар және жасанды интеллект ғасырында».

Ағымдағы жылы WinTrade сыйлығына 20 аталым бойынша әлемнің 500 әйелі таласты. Онлайн-дауыс беруге 11 мыңнан астам адам қатысты.

Марапаттау рәсіміне Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі Ерлан Ыдырысов, Белоруссия, Грузия және Өзбекстан елшілері, Ұлыбритания Парламенті Лордтар палатасының мүшелері Баронесса Верма және Лорд Шейх, Ұлыбритания Парламенті Қауымдар палатасының мүшесі Хелен Грант, Facebook, MasterCard, Microsoft, Лондондық қор биржасы, Deloitte, Ernst & Young және басқа да ірі халықаралық корпорациялардың басшылығы қатысты.

Қосылған : 1.07.2019, 10:00, Өзгертілген : 1.07.2019, 10:00