Қазақстан мен Ұлыбританияның мұнай астаналары ынтымақтастықты нығайтуда

Қазақстанның Лондондағы Елшілігінің қолдауымен 2019 жылғы 2-7 қыркүйек аралығында Атырау облысы әкімдігі делегациясының Абердинге (Шотландия) сапары өтті.

Атырау облысы әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев бастаған қазақстандық делегация «Әлемнің энергетикалық қалаларының серіктестігі» (World Energy Cities Partnership, WECP) ұйымының төрт күндік жұмысына қатысты. Атырау 2009 жылдан бастап аталған ұйымның мүшесі болып табылады.

WECP ұйымы экономиканың түрлі салаларында оның мүшелері арасындағы ынтымақтастықты дамыту, салалық білім, іскерлік байланыстар, тәжірибе, қызметтер, сондай-ақ қалалық басқару және даму саласындағы озық тәжірибемен алмасу бойынша өзара іс-қимылды жандандыруға арналған халықаралық платформа болып табылады.

Сапар барысында қазақстандық делегация Абердин қаласының Лорд-провосты Барни Крокеттпен, өңірдің ресми және іскер топтарымен екіжақты кездесулер өткізді. Онда екіжақты өңірлік ынтымақтастықты нығайту жөніндегі қадамдар, өңірлердің сауда-экономикалық және ғылыми-технологиялық әлеуетін іске асыру жөніндегі перспективалық бағыттар, сондай-ақ Атырау облысының әкімдігі мен Абердин басшылығы 2019 жылы қабылдаған бірлескен Жол картасы шеңберіндегі одан әрі өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, тараптар мал шаруашылығы, білім беру, балық өнеркәсібі және қатты тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату саласындағы технологиялар трансферті саласындағы ынтымақтастықты дамыту туралы уағдаластықтарға қол жеткізді.

Сапар аясында қазақстандық делегация Еуропаның мұнайгаз саласындағы жетекші іс-шара болып табылатын «Offshore Europe 2019» мұнайгаз көрмесіне қатысты.

Қазақстандық делегацияның шотланд жеріне сапарының көркі Д.Нұрпейісова атындағы халықтық музыка Академиясының Атырау музыка колледжінің Абердин қаласындағы концерті болды. Іс-шара Қазақстан  Елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылды.



Қосылған : 10.09.2019, 18:00, Өзгертілген : 10.09.2019, 18:00