​Қазақстан мен Ұлыбритания цифрлық үкімет саласындағы ынтымақтастықты нығайтуда

ЛОНДОН, 2019 жылғы 25 маусым – Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Ұлыбританияның Мемлекеттік цифрлық қызметі Цифрлық үкімет саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.

Меморандумға қол қою үшін Лондонға келген қазақстандық делегацияны ҚР-дың Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Абылайхан Оспанов басқарды. Сонымен қатар делегация құрамына «Зерде» Ұлттық инфокоммуникациялық холдингі» АҚ Басқарма төрағасы Ерлан Дүрмағамбетов кірді.

Сапардың негізгі мақсаты екі елдің цифрландыру саласындағы практикалық ынтымақтастығының келешегі бойынша Ұлыбританияның Мемлекеттік цифрлық қызметімен келіссөздер өткізу болды. Құрама Корольдік цифрлық технологиялар мен жасанды сана дамуының жаһандық рейтингтерінде озық позицияларды иеленеді, ал деректердің ашықтығы қағидатына негізделген қолайлы бизнес-ортаны құру Лондонға «силикон алқабынан» кейін ақпараттық технологиялар бойынша әлемдегі екінші ірі хаб болуға мүмкіндік берді.

Қазақстандық және британдық ведомстволар қол қойған меморандум сандық мемлекеттік қызметтердің азаматтар үшін қол жетімді және оңай болуы мақсатында ашық және айқын қызмет көрсетуді дамыту, сондай-ақ сандық дағдылар мен адами капиталды дамыту мәселелері бойынша тараптардың өзара түсіністігін көрсетеді. Өзара түсіністік туралы меморандум шеңберінде сандық мемлекеттік қызметтерді дамыту бойынша ынтымақтастық пен тәжірибе алмасу, сондай-ақ сандық қызметтерді құрып, басқаруға тартылған қазақстандық мемлекеттік қызметшілер үшін оқыту бағдарламаларын қамтамасыз ету қарастырылған.

Сонымен қатар, сапар аясында қазақстандық делегация 25 маусымда «Bloomberg» компаниясының штаб-пәтерінде өткен «Дамушы және тәуекелі жоғары нарықтар» форумына қатысты. Форум қатысушылары әлемдік экономикадағы дамушы нарықтардың рөлін, аймақтық экономикалардың өсу мүмкіндіктерін, тәуекелдерін және әлеуетін талқылады.

Сапар барысында британдық компаниялармен бірқатар екіжақты және көпжақты кездесулер өткізіліп, қазақстандық экономика мен мемлекеттік қызметтерді цифрландыру саласындағы ынтымақтастықты кеңейту перспективалары талқыланды.

Қосылған : 27.06.2019, 15:30, Өзгертілген : 27.06.2019, 15:30