ЕҚДБ «Жасыл қалалар» бағдарламасы аясында Шымкентті дамытуға инвестициялайды

ЛОНДОН, 2019 жылғы 22 шілде – Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов пен Еуропа қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) Шымкент қаласын «Жасыл қалалар» халықаралық бағдарламасына қосу бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Құжатқа Лондон қаласынағы ЕҚДБ-нің штаб-пәтерінде қол қойылды.

Осылайша, Шымкент қаласы экологиялық тартымдылығын арттыруға бағытталған жобаларды жүзеге асыру мақсатында берілетін ЕҚДБ-нің қомақты қаржылық қолдауына ие болған Қазақстандағы бірінші және әлемдегі 31-ші қала болды. Болашақ жобалардың құны 100 млн. АҚШ долларын құрайды.

Аталған бағдарлама аясында алдыңғы қатарлы экологиялық технологиялар енгізілетін болады; қаржылық ресурстарынан басқа ЕҚДБ «Жасыл қала» іс-әрекет жоспарын әзірлеу және іске асыруда қолдау көрсететін болады. Сонымен бірге, инвестициялық бағдарламаларды анықтауда және қосымша инвестицияларды тартуда көмек көрсететін болады.

Келіссөздер барысында тараптар энергияны үнемдейтін лампаларды орнату арқылы қаланы жарықтандыру және тез дамып келе жатқан Шымкент қаласының барлық талаптарына жауап беретін жаңа тазарту қондырғыларын салу бойынша жобаларды қаржыландыру және оларды іске асыру мәселелерін талқылады. Сонымен қатар, ЕҚДБ басшылығы пилоттық режимде жүзеге асырылатын, кейіннен осы тәжірибе Қазақстанның басқа ірі қалаларына таратылуы жоспарланған жаңа тазарту қондырғыларын салу бойынша жоба үшін әлеуетті алғашқы қала ретінде Шымкентті қарастырып отыр.

Ғ.Әбдірахымов жылдың аяғына дейін ЕҚДБ өкілдерін екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін талқылауды аяқтау және Шымкент қаласының маңызды әлеуеті бар, оның ішінде экономиканың қарқынды дамып келе жатқан туризм, жеңіл және азық-түлік өнеркәсіптері секілді салаларымен танысу үшін Шымкент қаласына шақырды.

Әлемдік «Жасыл қалалар» жобасы – ЕҚДБ бағдарламаларының негізгі құралы. Жоба қалалардың тұрақты дамуындағы стратегиялық мақсаттарға қол жеткізуге көмектеседі. Бұған қоса жоба аясында экологиялық проблемаларды – ауаның ластануы, жерді пайдалану, орталық жылу жүйесі, көлік кептелістері, қалдықтарды залалсыздандыру, сумен жабдықтау және кәріз жүйесі, су ресурстарын пайдалану мәселелерін шешудің инвестициялық жобалары мен іс-шаралары қарастырылған.

Сонымен бірге іссапар барысында Ғ.Әбдірахымов Қазақстан Республикасының Ұлыбританиядағы Елшісі Ерлан Ыдырысовпен кездесті. Кездесу барысында тараптар британдық университеттің қатысуымен Шымкент қаласында халықаралық жоғарғы оқу орнын ашуды сөз етті. Онда  IT саласы мен сәулет және дизайн, мейрамхана ісі және қонақ үй бизнесі менеджменті мамандықтары бойынша білім беріледі.

Анықтама: «Жасыл қалалар» бағдарламасына әлемнің 30 қаласы қіреді, оның ішінде Измир (Түркия), Тбилиси (Грузия), Ереван (Армения), София (Болгария), Сараево (Босния және Герцеговина), Минск (Беларусь), Бішкек (Қырғызстан), Амман (Иордания), Александрия (Мысыр) және т.б.

Қосылған : 27.07.2019, 23:55, Өзгертілген : 27.07.2019, 23:55