ҚР Премьер-Министрінің Орынбасары А. Жұмағалиев сандық экономиканы дамыту мәселелерін талқылау мақсатында сапармен Ұлыбританияға келді

24-27 сәуірде ҚР Премьер-Министрінің Орынбасары А. Жұмағалиевтің Ұлыбританияға сапары өтті. Біріккен Корольдік сандық технологияларды дамыту және жасанды интеллектті дамытудың жаһандық рейтингісінде алдыңғы орындарда және сандық жүйеге көшу мәселелеріне жауапты ҚР Үкіметі басшысының орынбасарымен өткен келіссөздер барысында британдық тарап жаңа нарықтарға шығу перспективаларына қызығушылық танытты.

Сапар аясында А. Жұмағалеив Ұлыбритания Үкіметінің сандық жүйеге көшу қызметтерінің басшыларымен, Лондон қаласы әкімдігінің, Ұлттық киберқауіпсіздік орталығының, Біріккен Корольдіктің Мемлекеттік сандық қызметінің өкілдерімен, сондай-ақ «TechNation» және «Intellisence.io» технологиялық компанияларының басшылығымен бірқатар кездесу өткізді.

Британ үкіметінің сандық жүйеге көшу және жаңа технологияларды енгізу жөніндегі жұмысының бас үйлестірушісі - Ұлыбританияның Ұлттық технологиялық кеңесшісі Лайам Максвеллмен өткен кездесу шешуші болды. А. Жұмағалиев өз әріптесімен сандық жүйеге көшу жөніндегі қазақстан-британ ынтымақтастығы, экономиканың түрлі салаларына сандық технологияларды енгізу және электрондық үкімет жүйесін жетілдіру мәселелерін талқылады.

Тараптар Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрлігі мен Ұлыбританияның Мемлекеттік сандық қызметі арасында стратегиялық серіктестік туралы Келісімге қол қою жөнінде уағдаласты. Келісім екі елдің мемлекеттік және бизнес IT-құрылымдарының қатысуымен «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын сәтті іске асыруға бағытталған британдық IT-жобаларды дамыту моделін енгізуге арналған нақты көрсеткіштері бар егжей-тегжейлі жол картасын жасауды қарастыратын болады.

ҚР Вице-Премьері Л. Максвеллге сандық жүйеге көшу жөніндегі стратегиялық бағдарламалардың іске асырылу барысы және олардың негізгі басымдықтарымен таныстырып, «Астана Хаб» ақпараттық технологиялар паркін дамыту жөніндегі жоспарлармен бөлісті. А. Жұмағалиев Ұлыбританияның Мемлекеттік сандық қызметінің мемлекеттік қызмет көрсету саласына ақпараттық технологияларды енгізу және қолдану тәжірибесін зерттеу Қазақстанның ерекше қызығушылығын тудыратынын атап өтті. Сандық қызметтің сәтті жұмысының және оның ашық деректер қағидасы бойынша британ бизнесі үшін жасаған жағдайының арқасында Лондон «кремний алқабынан» кейінгі әлемдегі екінші аса ірі ақпараттық технологиялар хабына айналды. Өз кезегінде Л. Максвелл Біріккен Корольдіктің сандық жүйеге көшу саласындағы стратегиясының басты элементтерін атап өтіп, британдық тараптың Қазақстанға осы салада көмек көрсетуге дайын екендігін жеткізді.

Сапар аясында қазақстандық делегация басшысы Лондон әкімдігінің бас сандық кеңесшісі Тео Блэквелмен кездесу өткізіп, екі елорданың сандық жүйеге көшу, «ақылды қалалар» жүйесін құру және дамыту, озық және инновациялық технологияларды қолдану салаларындағы өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады. Т. Блэквеллдің пайымдауынша, Лондондағы смарт-технологиялар нарығының ауқымы 2020 жылға қарай 13,5 млрд долларды құрап, энергетика, көлік, денсаулық сақтау және су ресурстарын басқару сияқты салаларды қамтитын болады.

Сапар барысында Қазақстан делегациясы Ұлттық киберқауіпсіздік орталығы мен Ұлыбританияның ашық деректер институтын аралады. Ұлттық киберқауіпсіздік орталығы басшылығымен өткен келіссөздер кезінде екі елдің ақпараттық қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастығы сөз болды. Ашық деректер институтымен болған кездесуде тараптар бірлескен зерттеулер жүргізу және деректерді категориялау әдістемесін жасау салаларында ынтымақтасуға уағдаласты. Жаһандық рейтингілерде Ұлыбритания үкімет деректерінің ашықтығы жөніндегі көрсеткіш бойынша бірінші орында. Бұл арқылы ел шағын және орта бизнесті дамытуға едәуір ақпараттық қолдау көрсетіп, өз азаматтарына мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жақсартады. Осы орайда қазақстандық тарап «Зерде» ұлттық ақпараттық коммуникациялық холдингі мен Ұлыбританияның ашық деректер институты арасында бірлескен зерттеу жұмыстарын жүргізу және ашық деректер саясатын енгізу жөніндегі семинарлар өткізу бойынша ынтымақтастық туралы меморандум жасасу бастамасын көтерді.

Ұлыбритания астанасындағы келіссөздерден кейін А. Жұмағалиев бастаған делегация ауыл шаруашылығы және тау-кен секторындағы сандық технологияларға және жасанды интеллект технологиясын жасауға маманданатын 25 мың компания шоғырланған Кембридж қаласының инновациялық кластерінде болды. ҚР Премьер-Министрінің Орынбасары кембридждік компанияларды «Астана Хаб» паркін дамытуға қатысуға шақырып, Қазақстанда 4.0. индустриясының платформасын жасау мәселелері бойынша ынтымақтасу мүмкіндіктерін талқылады. Бұл тақырыптар аса ірі «TechNation» паркінің басшылығымен өткен кездесуде қозғалды. «Астана Хаб» паркі «TechNation» паркімен питчингке дайындықтан бастап IPO-ға шығаруға дейінгі кезеңдерден тұратын стартап жобаларды қолдау жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюды жоспарлап отыр.

А. Жұмағалиев сондай-ақ британдық танымал «Intellisence.io» компаниясының басшысы Сэм Боузбен кездесіп, «Intellisence.io» және «Almaty Tech Garden» технопаркі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясындағы жұмысты жалғастыруға және тау-кен өнеркәсібін сандық жүйеге көшіру жөніндегі бірлескен жұмысты жүргізудегі серіктестікті кеңейтуге және «Астана Хаб» паркін дамытуға уағдаласты.

27 сәуірде қазақстандық делегация Дублин қаласына барып, Ирландияның технологиялық компанияларымен кездесті. Ирландия бизнесінің өкілдері «Астана Хаб» жобасына қызығушылық танытты. «Enterprise Ireland» және «International Development Ireland» компанияларымен болған кездесулерде тараптар Ирландиядағы сандық жүйеге көшу нарығының дамуын, сондай-ақ IT-стартаптарға арналған экожүйе құру мәселелерін талқылады. Ирландияның «Тринити» инновациялық орталығының басшылығы қазақстандық студенттерді техникалық кәсіпкерлікке оқыту және «Астана Хаб» паркінің негізінде ақпараттық технологияларға маманданатын университет құруға қатысуға дайын екендігін білдірді.

Қосылған : 28.04.2018, 14:00, Өзгертілген : 28.04.2018, 14:00