Қазақстанның Тәуелсіздік күні Лондонда тойланды

ЛОНДОН, 2018 жылғы 11 желтоқсан – «Астана – Еуразия жүрегі» және «Белгісіз Қазақстан» фотокөрмелерін Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне, Астананың 20 жылдығына және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай салтанатты қабылдау аясында Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшілігі ұйымдастырды.

Мерекелік іс-шара 17-18 ғасырларда Британдық патшалардың ресми резиденциясы болған Уайтхолл сарайының бүгінгі күнге дейін сақталған жалғыз қанаты – «Банкетинг-хаус» атты залында өтті. Тарихи ғимарат Вестминстер сарайы – Ұлыбритания Парламентінің жанында, сондай-ақ №10 Даунинг-стрит – Ұлыбритания Премьер-министрінің резиденциясына қарама қарсы орналасқан. Қабылдауға саяси, академиялық және мәдени топтар өкілдері, ірі компаниялардың басшылары, дипломатиялық корпус өкілдері және журналистер қатысты. Құрметті қонақтар арасында Ұлыбританияның Еуропа мен Америка істері бойынша мемлекеттік министрі Сэр Алан Данкан, Ұлыбритания Премьер-Министрінің Қазақстандағы сауда өкілі Баронесса Эмма Николсон, Қазақстанмен серіктестік бойынша жалпыпартиялық парламенттік топ Төрағасы Боб Стюарт, Ұлыбритания парламенті палаталарының депутаттары, Лондон Ситидің Олдермені Эмма Эдем және басқалар болды.

Салтанатты кеште Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшісі Ерлан Ыдырысов өткен жылды қорытындылап, түрлі деңгейдегі кездесулер мен сапарлармен сүйемелденген қазақстан-британ қатынастар дамуының оң динамикасын атап өтті. Елші Е.Ыдырысов ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ұлыбритания Премьер-Министрі Тереза Мэйдың Брюссельдегі АСЕМ саммиті аясында өткен кездесуінің екіжақты қарым-қатынастарға жаңа серпін бергенін атап өтті. Сонымен қатар ол ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Асқар Жұмағалиевтің цифрлық экономика саласындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған Ұлыбританияға сапарын, британдық парламентарийлердің Қазақстанға сапарын, жақында өткен екі елдің сыртқы саяси ведомстволары арасындағы Стратегиялық диалогтың кезекті отырысын, Сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі қазақстан-британ үкіметаралық комиссиясын, «Kazakhstan Global Investment Forum 2018» атты қазақстан-британ инвестициялық форумын, «Астана» Халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) Лондондағы презентациясын және тағы басқа іс-шараларды атап өтті.

Қазақстандық дипломат қонақтарға 2019 жылға арналған Елшіліктің жоспарлары туралы, оның ішінде «Рухани Жаңғыру» бағдарламасы және Елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы аясында жоспарланған мәдени іс-шаралар туралы айтып берді.

Мемлекеттік министр А.Данкан құттықтау сөзінде «Ұлыбританияның ЕО-мен болашақ қарым-қатынасы қандай болса да, Қазақстанмен тығыз қарым-қатынас сақтаймыз» деп айтты. Сонымен қатар ол Қазақстан мен ЕО арасындағы Кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімді Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайту мақсатында екі жақты келісімге айналдыруға екі елдің ниетін ерекше атап өтті. Қазақстанды БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігінің сәтті аяқталуымен құттықтай отырып, А.Данкан британдық тараптың Қазақстанмен халықаралық аренадағы ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екендігіне де назар аударды.

Баронесса Э.Николсон Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы тығыз сауда және инвестициялық қарым-қатынастарды сақтаудың маңыздылығына назар аударды. Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан жекешелендіру бағдарламасының мәнділігіне назар аударып, Э.Николсон ү.ж. қарашадағы «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ акцияларының Лондон қор биржасында және АХҚО Биржасында сәтті орналастырылғанын атап өтті.

Кеш қонақтары ҚР Бейбітшілік және келісім мұражайы Елшіліктің қолдауымен ұйымдастырған «Қазақстан – бейбітшілік пен келісім аумағы» атты халықаралық көрмесімен және қазақ киіз үй элементтерімен безендірілген этно-бұрышпен танысты. Кеш барысында Астанаға виртуалды 3D-саяхат, қазақ ұлттық тағамдар, ежелгі «батырлармен» суретке түсу, сондай-ақ мәдени бағдарлама ұсынылды. Кеш қонақтарының айтуынша, атақты шотланд волынкада ойнау шебері Мэтью Макрэйдың орындауындағы «Қамажай» атты қазақ халық биі және 14 жасар қазақстандық мектеп оқушылары Әбілмансұр Әбдіразақов пен Алмат Сүлейменовтің орындауындағы аңызға айналған Құрманғазының «Сарыарқа» атты күйі есте қалды.

Қазақ халық дәстүріне сай, кеш қонақтарына қазақстандық кәмпиттер мен шоколады бар шағын «сарқыт» берілді.

Қосылған : 12.12.2018, 11:30, Өзгертілген : 12.12.2018, 11:30