Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық

Елдер арасында білім беру саласында тығыз қатынастар орнатылған. Ұлыбритания қазақстандық студенттерді оқытуға белсенді қатысуда. Бүгінгі таңда Британияда «Болашақ» халықаралық стипендиясы бойынша 600-ден астам қазақстандық студент білім алуда.

2001 жылдан бастап Алматы қаласында серіктестері Ұлыбританияның жетекші жоғары оқу орындары болып табылатын Қазақстан-Британ техникалық университеті жұмыс істейді.

2014 жылы тараптар құны 12 млн фунт стерлингі болатын «Ньютон-Аль-Фараби» серіктестік бағдарламасына қол қойды. Бағдарлама бірлескен инновациялық және ғылыми зерттеулерді қолдауды көздейді, қаржыландырылуы тепе-тең негізде жүзеге асырылады.

Назарбаев Университетінде Лондонның университеттік колледжінің қолдауымен университеттік білім беруге дайындық бағдарламасы, сондай-ақ инженерия мектебін құру жобасы іске асырылуда.

Сонымен бірге, BG компаниясының қолдауымен Назарбаев Университетінің энергетикалық зерттеулер Орталығында ғылыми кітапхана жұмыс істейді және оқуға арналған шәкіртақылар төленіп, қызметкерлердің біліктіліктерін арттыру қамтамасыз етіледі.

2015 жылғы 3 қарашада Лондонда Мемлекет басшысының Ұлыбританияға сапары аясында ҚР Білім және ғылым министрлігі мен Британдық кеңес және Сауда және инвестициялар жөніндегі Агенттіктің ұйымдастыруымен екі ел жоғары оқу орындары ректорларының Форумы өтті. Форум қорытындысы бойынша 13 келісімге қол қойылды.

2015 жылғы қарашада қол қойылған мемлекеттік қызмет саласындағы ынтымақтастық туралы Меморандум аясында жаңа перспективалар ашылуда. Бұл құжат тараптардың «бес институционалды реформа» мен «100 нақты қадамды» іске асыру аясында кәсіби кадрлар даярлау бойынша өзара әрекет етуіне арналған. 2016 жылғы 16-19 наурыз аралығында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі сарапшылары тобының Ұлыбританияға алғашқы сапары болып өтті. Сапар аясында Британия мемлекеттік қызметіндегі ағымдағы тенденциялар, рекрутинг, әкімшілік рәсімдер және т.б. мәселелер талқыланды.

Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы тарих және мәдениет саласындағы ынтымақтастық нәтижелі дамуда. ХІХ ғасырда қазақ жеріне келген британдық сәулетші және саяхатшы Томас Аткинсон және оның жұбайы Люси екі ел арасындағы нағыз мәдени көпір болды. Томас және Люси Аткинсондар қазақ жеріне келіп, сол кездегі қазақ халқының өмірі бейнеленген, қазақ сұлтандарымен және билерімен кездесулер суреттелген көптеген күнделіктер, жазбалар мен суреттер қалдырып кеткен алғашқы британдықтардың бірі болды.

2016 жылғы шілдеде Т. Аткинсон ұрпақтарының Қазақстанға сапары өтті. Сапар барысында Алматы облысының Қапал ауылында Т. Аткинсонның ұлы Алатау Тамшыбұлақ Аткинсон дүниеге келген жерде ескерткіш ашылды.

Т. Аткинсонның ХІХ ғасырда Қазақстанға келу тарихы және оның ұрпақтарының араға бір жарым ғасыр уақыт салып ата-бабалары туған жерге сапармен баруы «Қазақстан. Ұлы саяхаттар тарихы» атты деректі фильмге негіз болды. Фильм ҚР тәуелсіздігінің 25-жылдығына арналып, 2016 жылғы 16, 17 және 18 желтоқсанда «Хабар», «Қазақстан», «КТК» арналарында мемлекеттік және орыс тілдерінде көрсетілді. Сонымен бірге, 2016 жылғы 19 қарашадан 16 желтоқсанға дейін «BBC World News» жаһандық телеарнасында еліміздің тәуелсіздігінің 25-жылдығына және «Мәңгілік ел» идеясына арналған «Kazakhstan – the heart of Eurasia. Amazing journey» атты бейнеролик көрсетілді.

2017 жылғы 14 қыркүйекте Лондонда Британдық музейде «Скифтер: ежелгі Сібір сарбаздары» атты скифтер мәдениетіне арналған көрме ашылды. Қазақстан Республикасының Ұлттық мұражайы аталған көрмеге 17 жәдігер қойып, көрменің басты қатысушыларының бірі болды. Атап айтқанда, мұражайға келушілердің назарына Есік қорғанынан табылған «Алтын адамның» қанжары, күміс тостаған (б.э.д. V-III ғасыр, Есік қорғаны), аң стилінде жасалған білезік (б.э.д. VI ғасыр, Тақсай І) және Тақсай, Берел, Талды сияқты жерлерден табылған басқа да археологиялық жәдігерлер қойылды.

2017 жылғы 1-7 қазанда Лондонда британдық және әлемдік қауымды Қазақстанның бай мәдени және тарихи мұрасымен таныстыруға арналған қазақ мәдениетінің фестивалі өтті. Бір апта бойы қазақ өнерінің қарашаңырағы болып табылатын М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры мен Мемлекеттік республикалық академиялық корей музыкалық комедия театры, сондай-ақ Лондонның «Pajarito Theatre London» театры британ жұртшылығына жазушы, драматург Д. Исабековтың «Жаужүрек», «Актриса» және «Аққу Жібек» атты пьесаларын қойды. Спектакльдер Лондонның «Stockwell Playhouse» және «Bridewell Theatre» театрларында сахналанды.

2016 жылғы желтоқсан айында Қазақстанға әлемге танымал британдық «Top Gear» автомобиль шоуы келді. Бағдарламаның жүргізушілері М. Леблан, К.Харрис және Р. Рейд Мерседес Е 220D, Вольво V70 автомашиналарымен және Лондондық таксимен Оңтүстік Қазақстан облысынан Қызылорда облысына дейінгі жолмен жүріп өтіп, Шымкент, Түркістан, Кентау, Қызылорда және Байқоңыр қалаларын аралады.

«Top Gear» бағдарламасының Қазақстан туралы сюжеті 2017 жылғы 5 наурызда ВВС2 телеарнасында 24-ші маусымның 1 бөлімі аясында көрсетілді. Бағдарламаның миллиондаған көрермендері Қазақстанның бай мәдениеті мен әсем табиғатын көруге мүмкіндік алды. «Союз» зымыранының Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшуы сюжеттің шарықтау шегі болды.

Қазақстан мен Ұлыбританияның бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы ынтымақтастығы да белсенді дамуда. 2017 жылғы 7 сәуірде ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Д. Абаевтың Лондон қаласына сапары болып өтті. Сапар аясында Министрлік және «ВВС Worldwide» корпорациясы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Меморандум «дөңгелек үстелдер», ұлттық және аймақтық БАҚ-қа арналған дәрістер, оқу курстары мен семинарлар, сондай-ақ брендингті ілгерілету сияқты бірлескен жобаларды іске асыруды көздейді. Сондай-ақ меморандумның мақсаты сандық эфирлік хабар тарату аясында қазақстандық телеарналарды техникалық тұрғыда дамыту мәселелері бойынша бірлескен консультациялар жүргізу, ақпарат және тәжірибе алмасу.

Қосылған : 6.11.2016, 18:50, Өзгертілген : 7.11.2016, 14:15