Eкіжақты қарым-қатынастар

Жалпы мағлұмат

1992 ж. 19 қаңтарда екі ел арасында дипломатиялық қатынастар орнатылды.

1992 жылғы қазаннан бастап Ұлыбританияның Қазақстандағы Елшілігі жұмыс істейді.

1996 жылғы ақпаннан бастап ҚР Ұлыбританиядағы Елшілігі қызмет атқарады.

2017 жылғы ақпаннан бастап Е.Ыдырысов ҚР-дың Ұлыбританиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін атқарады.

2018 жылғы қаңтардан бастап М.Гиффорд Ұлыбританияның ҚР-дағы Елшісі қызметін атқарады.

Саяси қатынастар

Қазақстан мен Ұлыбритания арасында сындарлы диалог орнатылды – бұл барлық деңгейлердегі жүйелі түрде өткізілетін сапарлармен расталады.

Дипломатиялық қатынастар орнатылған мезгілден бастап ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Ұлыбританияға тоғыз сапары өтті (1991, 1992, 1994, 1997, 2000, 2006, 2012, 2013 және 2015 жылдары).

Қазақстанға Корольдік отбасы мүшелері - британ тағының мұрагері Уэльс Ханзадасы Чарльз (1996 ж.), Ханшайым Анна (1993 ж.), Глостер Герцогы Ханзада Ричард (2000 және 2017 жылдар), Ұлыбританияның сауда және инвестициялар жөніндегі арнайы өкілі Йорк Герцогы Ханзада Эндрю (2003, 2006, 2007, және 2010 жылдар) және Кент Ханзадасы Майкл (2009 ж.) сапармен барды.

2013 жылғы 30 маусым – 1 шілде аралығында Ұлыбритания Премьер-Министрі Д.Кэмеронның Қазақстанға екі жақты қатынастар тарихындағы алғашқы мемлекеттік сапары өтті. Сапар нәтижесінде екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік туралы Бірлескен мәлімдеме қабылданды.

2014 жылғы 17 қазанда ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев пен Ұлыбритания Премьер-Министрі Д.Кэмерон Милан қаласында (Италия) өткен АСЕМ саммиті аясында екіжақты кездесу өткізді.

2015 жылғы 22-24 ақпанда Ұлыбританияға ҚР Премьер-Министрі К.Мәсімов сапармен келді. Сапар аясында ол жаһандық құқықтық саммит жұмысына қатысып, британдық министрлермен, саяси қайраткерлермен және іскер топтар өкілдерімен бірқатар кездесу өткізді.

2015 жылғы 2-4 қарашада ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Ұлыбританияға соңғы 10 жылдағы (2012 жылғы Олимпиадаға баруды есептемегенде) бірінші ресми сапары өтті. Сапар барысында Мемлекет басшысы Біріккен Корольдіктің жоғары басшылығымен екіжақты кездесулер өткізіп, Қазақстан-Британ ҮАК-тің 2-отырысын өткізді. Жалпы құны 9 млрд. АҚШ долларды құрайтын бірлескен жобаларды жүзеге асыру бойынша екіжақты құжаттарға қол қойылды.

2016 жылғы 4 қыркүйекте ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Біріккен Корольдіктің Премьер-Министрі Т.Мэймен кездесуі Ханчжоу қаласында (Қытай) G20 Саммиті аясында өтті.

2018 жылғы 19 қазанда ҚР Президенті Н.Назарбаев пен Ұлыбритания Премьер-Министрі Т.Мэйдың Брюссельде Азия-Еуропа Саммиті аясында тағы бір кездесуі өтті.

2019 жылғы 17-18 сәуірде Ұлыбритания СІМ-нің Мемлекеттік министрі А.Данканның Қазақстанға сапары болды. Ол Парламент палаталарының басшылары, Үкімет және СІМ басшыларымен кездесіп, ҚР басшылығының ауысуы кезінде екі ел арасындағы стратегиялық серіктестіктің барысын растады.

Парламентаралық қатынастар

Ұлыбритания Парламентінде Қазақстанмен ынтымақтастық жөніндегі жалпыпартиялық топ (APPG) жұмысын жасайды. Топтың басшысы депутат-консерватор - Б.Стюарт. 2018 жылғы 30 мамыр- 2 маусым аралығында Б.Стюарт бастаған APPG делегациясы Қазақстанға сапар жасап, ҚР Парламенті Мәжілісінің, ҚР СІМ-нің, сондай-ақ «Нұр Отан» және «Ақ Жол» партияларының басшылығымен бірқатар кездесулер өткізді.

2019 жылғы 25 ақпан-1 наурызда Мәжіліс депутаттары Б.Мамраев, Ж.Ахметбеков пен Д.Еспаева, Сенат депутаттары Е.Мукаев және А.Мусахановтан тұратын ҚР парламентшілерінің сапары өтті.

Сауда-экономикалық қатынастар

Тұтастай алғанда, қазақстандық-британдық сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық аясында соңғы жылдары Ұлыбританияның экономикалық өсуінің баяулауына қарамастан сауда-экономикалық ынтымақтастықтың оңды динамикасы байқалады.

Әлемдік нарықтардағы жалпы тұрақсыздық аясында 2018 жылы екіжақты сауда біраз бәсеңсіді (-3,4%). Сауда балансының тұрақты профициті сақталып, сауда айналымы 1244 млн. долларды құрады (экспорт - 784 млн. доллар, импорт - 459 млн. доллар), дегенмен, Қазақстаннан Ұлыбританияға келетін экспорт бірден 18%-ға қысқарды (импорт 27%-ға өсті).

2019 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстан мен Ұлыбританияның тауар айналымы 662,3 млн. АҚШ долларын құрады. 2019 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстанның Ұлыбританияға экспорты 439,1 млн. долларды құрады, бұл оның 2018 жылдың бірінші жартыжылдығымен салыстырғанда 8,5%-ға өскенін көрсетеді. Ұлыбританиядан импорт 223,2 миллион АҚШ долларын құрап, есептік кезеңдегі өсімді 1,6%-ға жеткізді.

Экспортқа шығарылатын негізгі тауарлар түрлеріне бұрынғыдай түсті металл, ферроқорытпалар, химиялық өнімдер, шикі мұнай және мұнай өнімдері, дәнді дақылдар кіреді. Импорттың негізгі түрлеріне көтергіш крандар, қозғалтқыштар, өнеркәсіптік жабдық, электр аппаратуралары, оптикалық және медициналық аспаптар, дәрі-дәрмек, әуе аспаптары және машина бөлшектері, құрыш конструкциялары, химиялық өнім және антиквариат кіреді.

Қазақстанда 800-ден астам британдық заңды тұлға тіркелген. Олардың аса ірілері болып табылатын Royal Dutch Shell и Ernst&Young компаниялары ҚР Президенті жанындағы шетелдік инвесторлар кеңесінің мүшелері.

Сауда және инвестициялық ынтымақтастық

2019 жылғы 23 қазанда Лондонда Қазақстанның іскерлік және инвестициялық мүмкіндіктерін, экономиканың түрлі салаларындағы ынтымақтастықтың болашағы мен Брекзиттен кейінгі кезеңде Ұлыбританияның маңызды сауда серіктесі ретіндегі әлеуетін талқылауға арналған «Kazakhstan Global Investment Forum 2019» қазақстандық-британдық инвестициялық форумы өтті. Форум аясында «Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы «QazIndustry» АҚ және «Халықаралық даму Ирландия» арасында ҚР-дың арнайы экономикалық және индустриялық аумақтарына 50 млрд. теңгеден кем емес сомаға ирландиялық инвестициялық жобаларды тартуға жәрдемдесу бойынша ынтымақтастық туралы және ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен Gap Insaat компаниясы арасындағы британдық UKEF агенттігінің қаржыландыруы шеңберінде Ақтау қаласында 350 орындық аурухана салу туралы меморандумдарға қол қойылды.

2019 жылғы 23 қазанда Лондон қаласында Инвестициялық форуммен бірге Қазақстан-британ іскерлік кеңесінің 3-отырысы өткізілді. Отырыс барысында «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ «Da Vinci Capital» инвестициялық компаниясымен жаңа технологиялық қор құрудың негізгі шарттары туралы және «EDP Renovaveis» компаниясымен бірлесіп инвестиция құю туралы келісімдеріне қол қойды.

2019 жылғы 24 қазанда Astana International Exchange (AIX) – АХҚО биржасы ұйымдастырған «Kazakhstan in Focus Day» форумы өтті. Оған жетекші қазақстандық компаниялар мен 30-дан астам ірі халықаралық инвесторлар қатысты.

2019 жылғы 24 қазанда Лондонда ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Р.Василенко және Ұлыбританияның сауда саясаты жөніндегі министрі К.Бернстің тең төрағалығымен Сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі қазақстан-британ үкіметаралық комиссиясының (ҮАК) 6-шы отырысы өтті.

ҮАК шеңберінде мұнай және газ, тау-кен өндірісі, денсаулық сақтау, білім беру және қаржылық қызметтер бойынша жұмыс топтарының отырыстары өтті. ҮАК барысында бірқатар сауда-инвестициялық құжаттарға қол қойылды.

Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық

2001 жылдан бері Алматыда Қазақстан-Британ техникалық университеті (ҚБТУ) жұмыс істейді, оның серіктестері болып Ұлыбританияның жетекші университеттері табылады.

«University College London» қолдауымен Назарбаев Университетінде университеттік білім алуға дайындық бағдарламасы мен Инженерия мектебін құру жобасы жүзеге асырылуда.

Бүгінгі таңда 300-ге жуық студент «Болашақ» бағдарламасы арқылы Ұлыбританияда білім алуда.

2019 жылғы қыркүйекте «Рухани Жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры Кембридж Университетінің баспа үйімен бірлесіп, ҚР-дың Ұлыбританиядағы Елшілігінің қолдауымен Қазақ поэзиясы мен прозасының антологиясын жарыққа шығарды. Қазақ әдебиеті жинақтарының аудармасы көркем аударма саласындағы тәжірибелі британдық сарапшыларының қатысуымен жүзеге асырылды.

Қосылған : 15.01.2019, 11:50, Өзгертілген : 9.01.2020, 11:50