БҰҰ-ның алты тіліне аударылған қазақ әдебиеті жинақтары әлемнің 90-нан аса еліне таралады

АЛМАТЫ, 2019 жылғы 18 сәуір – «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында БҰҰ-ның алты тіліне аударылған қазіргі қазақ әдебиеті антологияларының сүйінші даналары басылып шықты. Бұл жоба Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бағыттарының бірі. Ол тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиеті мен мәдениеті, музыкасы мен бейнелеу өнерін, хореография, кино және театр саласындағы жетістіктерін әлемге танытуды мақсат етеді.

Поэзия және проза жинақтарының таныстырылымына осы жобаға қатысқан Ұлыбритания, Испания, Франция, Ресей, Қытай, Египед және Таяу Шығыс елдері аудармашылары мен әдебиетшілері, аударма және баспа ұйымдарының басшылары, шығармалары алғашқы антологияларға кірген авторлар қатысты.

ҚР Президенті әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі ұлттық комиссия хатшысы Аида Балаева, қазақ әдебиетінің үздік үлгілерін БҰҰ-ның 6 тіліне аударып, тарату – ұлт тарихынды бұрын-соңды болмаған, қазақ мәдениетін әлемге таныстыру тұрғысынан теңдесі жоқ бастама екенін айтты.

«60 қазақстандық автордың таңдамалы шығармалары бір мезетте әлемнің ең ірі 6 тіліне аударылып, сол тілдерде жұмыс істейтін ең беделді баспалардан шығып, 5 құрлықтағы 90-нан аса елдің жоғары оқу орындары, кітапханалары мен ғылыми орталықтарына жетеді. Жалпы саны 2 миллиард 600 миллион халық қазіргі қазақ әдебиетінің жауһарларымен танысуға мүмкіндік алады», – деді А.Балаева.

Жоба аясында аударма сапасын қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше мән берілді. Алты тілде жұмыс істейтін шетелдік аудармашылар мен баспагерлер Қазақстанға арнайы келіп, еліміздің тарихы мен мәдениетімен танысты. Ұлыбритания, Испания, Ресей, Франция және Қытай елдерінен келген аудармашылар мен әріптес баспа ұйымдарының өкілдері қазақ авторларымен жеке-жеке сұхбаттасып, аударма барысында туындаған сұрақтарды талқылады. Бұл аударманы түпнұсқа мәтінге мейлінше жақындатып, оның көркемдік сапасын қамтамасыз етуге зор үлес қосты.

Қазіргі қазақ әдебиеті жинақтарын ағылшын тіліне аудару, басып шығару және тарату жұмысы Кембридж университеті баспасының қатысуымен іске асты. Танымал университет баспасы жобаға тәжірибелі аудармашылар мен беделді әдебиетші мамандарды тартты.

Кембридж университеті баспасының білім жөніндегі жаһандық басқарушы директоры Род Смит былай деді: «Біз Қазақстандағы жұмысымызды және соңғы он жыл бойы іске асырған бастамаларымызды мақтан тұтамыз. Біз үшін Ұлттық аударма бюросы арқылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасына қатысу үлкен құрмет. Бұл антологиялар – шетелдік әдебиеттану студенттері үшін Қазақстанға есік. Біз алдағы уақытта Қазақстан халқына әріптестігіміз бен қолдауымызды ұсынып, оған шығармашылықта, инновацияда және оқытуда өз әлеуетін ашуға көмектескіміз келеді»

Қазіргі қазақ әдебиеті үлгілерін испан тілінде сөйлетуге Испания мәдениет министрлігі қолдау көрсетіп, әйгілі «Сервантес институты» кеңесші ретінде қатысты.

Қазіргі қазақ әдебиеті жауһарларының француз тіліндегі нұсқасын дайындауға Париж қаласының мэриясы және Франция ұлттық кітап орталығы қатысса, орыс тілінде мәтін аудармасы мен әдеби редакциясы жұмысын үйлестіруге Ресей жазушылар одағының мәскеулік ұйымы, ал жинақты басып шығару мен таратуға М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің баспасы атсалысты.

Қазақ әдебиетінің туындыларын қытай тіліне аудару, басып шығару және таратумен Қытай Халық Республикасының «Ұлттар баспасы» айналысты. Жинақтарды араб әлеміне Египет Араб Республикасының Мәдениет және білім орталығы таныстырады.

Жоғарыда аталған серіктес-ұйымдар аударма, басып шығару, тарату-насихаттау жұмыстарына жалпы саны 70-ден аса маман жинады.

Жоба ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының үйлестіруімен жүзеге асуда.

Қосылған : 18.04.2019, 19:50, Өзгертілген : 19.01.2038, 09:14