​АХҚО Лондондағы «Bloomberg» экономикалық форумында таныстырылды

ЛОНДОН, 2019 жылғы 25 маусым – Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері, әсіресе «Астана» Халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) әлемдегі ең ірі медиа-корпорацияларының бірі болып табылатын «Bloomberg» компаниясы ұйымдастырған «Дамушы және тәуекелі жоғары нарықтар форумы» («Emerging and Frontier Forum») атты халықаралық экономикалық форумда ұсынылды.

Форум дамушы және тәуекелі жоғары нарықтардағы соңғы трендтер мен инвестициялық мүмкіндіктерді талқылауға арналған алаң ретінде танылады.

Іс-шараға «Bloomberg» компаниясының негізін қалаушысы Майкл Блумберг, БАӘ, Бахрейн, Индонезия, Кувейт, Мысыр, Нигерия, Ресей, Сербия, Украина үкіметтерінің мүшелері, сондай-ақ ірі инвестициялық және қаржы ұйымдарының өкілдері қатысты. Оның ішінде Дүниежүзілік банк, HSBC Group, Amundi Asset Management, PIMCO, Renaissance Capital, Aberdeen Standard Investment, VinaCapital Group, Asia Frontier Capital Ltd және т.б. компаниялар болды.

Қазақстандық тараптан форумға АХҚО Басқарушысы Қайрат Келімбетов қатысып, «Инвестициялаудағы жаңа үрдістер: кім және неге ұтады?» тақырыпты дискуссияға үлес қосты.

АХҚО артықшылықтары туралы айта келе, Қ.Келімбетов қаржы орталықтың айрықша мәртебесін қамтамасыз етіп, ағылшын құқық нормаларын қолдану үшін ҚР Конституциясына арнайы түзетулер енгізілгенін атап өтті.

«Саяси шешім қабылданып, посткеңестік кеңістікте алғаш рет ағылшын құқықтың нормалары мен қағидалары қолданыла бастады. Бұл шын мәнінде жаңа юрисдикция болып табылады және бұл модель 20 жыл бұрын Дубайда енгізілген модельге өте ұқсас. Бұл тек Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл өңір үшін өте маңызды кезең болды, өйткені нәтижесінде жаһандық инвесторлық қауымдастық үшін өте айқын және таныс ережелер енгізілді», – деді Қ.Келімбетов.

Сонымен қатар ол қатысушыларды экономиканы әртараптандыру бойынша ҚР Үкіметінің қадамдары, жекешелендірудің ауқымды бағдарламасы, қаржы жүйесін реформалау, сондай-ақ Қазақстандағы ауқымды құрылымдық өзгерістер туралы хабардар етті.

АХҚО Басқарушысы қаржы орталықты құрудың негізгі мақсаттары мен шетелдік инвесторлар үшін қолда бар мүмкіндіктер, АХҚО базасындағы жаңа қор биржасының қызметі, сондай-ақ Қазақстанның «Белдеу және жол» қытайлық бастамасына қатысу деңгейі туралы айтып, еліміздегі инвестициялық ахуалдың тартымдылығын және еліміздің саяси тұрақтылығын ерекше атап өтті.

Қосылған : 26.06.2019, 16:55, Өзгертілген : 26.06.2019, 16:55