Сыртқы істер министрі АӨСШК Хатшылығының атқарушы директорымен кездесті

НҰР-СҰЛТАН, 2019 жылғы 5 маусым - Қазақстанның Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) Хатшылығының Атқарушы директоры Хабибулла Мирзозоданы қабылдады.

Кездесу барысында сыртқы саяси ведомствосының басшысы Тәжікстанның АӨСШК тарихында Кеңес төрағасы болған төртінші мемлекет екенін атап өтіп, Х. Мирзозодаға оны одан әрі ілгерілету және дамыту жөніндегі белсенді күш-жігері үшін алғыс білдірді.

2019 жылғы 14-15 маусымда Душанбеде өткізілуі жоспарланған АӨСШК-тің 5-ші Саммитіне дайындық барысына ерекше назар аударылды. Саммиттің қорытынды құжаты – Душанбе декларациясы бойынша пікір алмасылды.

Б.Атамқұлов алдағы Душанбеде өтетін Саммит Азиядағы диалог пен сенімділікті нығайтуға бағытталған АӨСШК міндеттері мен қағидаттарын іске асыруға қомақты үлес қосатынына сенім білдірді.

Кездесу барысында АӨСШК құрылған сәттен бастап 27 жыл ішінде Азиядағы проблемалар мен қақтығыстарды шешу бойынша өзара қолайлы шараларды іздестіруді қамтамасыз ететін толыққанды тиімді форумға өзгергені атап өтілді. Көпполярлылық және өңірлік ынтымақтастық үрдістерін ұстана отырып, АӨСШК Азия құрлығында өзара сенімді арттыруға және қауіпсіздік, тұрақтылық пен дамудың жаңа сәулетін әзірлеуге оң әсер етуде.

Сұхбаттасушылар Бейжіңде «Бір белдеу, бір жол» 2-ші халықаралық ынтымақтастық форумы барысында Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көтерген және көптеген мемлекеттердің қолдауына ие болған «Үш Д» бастамасының өзектілігін атап өтті. Тараптар аймақаралық ынтымақтастық пен трансконтиненталдық қауіпсіздікті нығайту мәселелеріндегі АӨСШК пен ЕҚЫҰ-ның өзара іс-қимыл перспективаларын талқылады.

Қорытындылай келе, тараптар АӨСШК-ті одан әрі институттандырудың және оның кадрлық әлеуетін нығайтудың маңыздылығына назар аударды.

АӨСШК-ті шақыру туралы идеяны ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Назарбаев 1992 ж. 5 қазанда БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-ші сессиясында жария еткен. Бастаманың негізгі мақсаты штаб-пәтері Нұр-Сұлтанда орналасқан өңірдегі бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі тиімді және қолайлы құрылым құруға ұмтылу болып табылады.

Бүгінде Азияның 27 мемлекеті АӨСШК-тің мүшесі болып табылады. 8 ел мен 5 халықаралық ұйым Форумға байқаушы ретінде кіреді.

2018 ж. қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясының 73-ші сессиясы аясында Форумдағы төрағалық Қытайдан Тәжікстанға өтті. Тәжік тарапы Диалогтағы өз төрағалығының тақырыбын «Орнықты даму арқылы жалпыға ортақ бейбітшілік пен қауіпсіздік» деп таңдады.

Қосылған : 5.06.2019, 19:05, Өзгертілген : 5.06.2019, 19:05