Лондонда Қазақстан Елшісінің қазақстандық студенттермен кездесуі өтті

ЛОНДОН, 2019 жылғы 30 қазан – Лондон Университеттік колледжінің ғимаратында Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшісі Ерлан Ыдырысовтың Британдық жоғары оқу орындарында білім алып жатқан жас отандастармен дәстүрлі жыл сайынғы кездесуі өтті. Іс-шараны Ұлыбританиядағы Қазақстанның Елшілігі мен «UCL Kazakh Society» атты Лондон Университеттік колледжінің қазақстандық студенттер қауымдастығы бірлесіп ұйымдастырды.

Ұлыбританияның түрлі аймақтарынан 100-ге жуық студент сұрақтарына жауап алып, қазақстандық дипломаттармен танысып, байланыс орнату үшін кездесуге келді.

Е.Ыдырысов жас отандастарды Елшіліктің студенттік активпен жүргізетін жұмысының негізгі бағыттары туралы хабардар етіп, мәдениет, білім және ғылым салаларындағы қазақстандық дипломатиялық өкілдіктің алдағы іс-шаралары туралы айтып берді. Ол сондай-ақ Елшіліктің қолдауымен ұйымдастырылатын британдық және қазақстандық ұйымдардағы студенттік тағылымдамалар бағдарламалары туралы студенттерді хабардар етті.

Қазақстандық дипломат студенттерді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауының негізгі бағыттарымен таныстырып, ел басшылығының негізгі тапсырмаларының бірі – талантты жастарға мемлекеттің өркендеуі үшін мүмкіндіктер беріп, оларға қолдау көрсету болып табылатынын атап өтті.

«Осы кездесу өте пайдалы болды деп ойлаймын. Ұлыбританияға бірінші рет келіп тұрмын, отандастарымды көргеніме өте қуаныштымын. Өзімнің сұрақтарыма жауап алып, оқу бітіргеннен кейін не істеуіме болады, қандай жолдарым бар екендігін біліп алдым», – деп Лондон Сити университетінің студенті Жаңыл Сағындыққызы бөлісті.

Кездесу соңында Е.Ыдырысов студенттерге білім алуда табыс тілеп, барлық бірлескен жоспарлар жүзеге асырылатынына үміт білдірді.

Қосылған : 31.10.2019, 15:30, Өзгертілген : 31.10.2019, 15:30