2019 жылғы 14-22 қыркүйек аралығында Нұр Сұлтанда өтеітін күрестен әлем чемпионатында алтыннан басты үміткерлердің есімдері айтылды

Қазақстан астанасында өтетін әлем чемпионатына 60-тан астам Олимпиада чемпиондары келеді.

«Чемпионатта 1002 балуан бақ сынайды. Олар 104 елдің намысын қорғайды. Ол туралы ақпарат таратуға  250-ден астам журналист тіркелді. Өйткені елорда төріне бес құрлықтан 60-тан астам Олимпиада чемпиондары мен жүлдегері келе жатыр. Оның ішінде қонақ ретінде тамашалайтын ардагерлер де, медальға таласатын балуандар да бар.  Атап айтсақ,  қазақстандықтарға етене таныс болып кеткен Александр Карелин,  жас америкалық жұлдыз Кайл Снайдер, төрт дүркін әлем чемпионы, Олимпиада чемпионы Джордан Барроуз, жапониялық әйгілі чемпион Каори Итё, Артур Алексанян, Лопес Нуньес, Қазақстанның тумасы Валерий Рязанцев, Беларусь спортшысы Камандар Маджидов, Ираннан әйгілі Расу Хадем келеді», – дейді Азия күрес федерациясының президенті, UWW бюро мүшесі Дәулет Тұрлыханов.

Грек-рим күресінен Олимпиада чемпионы Юрий Мельниченко, Азия күрес федерациясының президенті, UWW бюро мүшесі Дәулет Тұрлыханов, грек-рим, еркін және әйелдері күресі федерациясының вице-президенті Ерлан Қожасбайлар сонымен қатар алдағы әлем чемпионатында кімдер алтын күтетінін де айтты.  

20 жыл бұрын Мхитар Манукян грек-рим күресінен әлем чемпионы атанды. Осыдан кейін бұл белесті бағындыруға ешкімнің шамасы жеткен жоқ. 

– Мен былтырғы әлем чемпионатының финалисі мен жүлдегеріне үміт артамын. Нақтырақ айтсақ, Айнағұлов пен Шермаханбет. Қазақстан балуандары жеңіл және орта салмақта мықтырақ. Ауыр салмақтағылардың жеңістері өте сирек кездеседі. Жеке болжамым бойынша, грек-рим күресінде мен атап өткен балуандар алтын жүлде үшін таласқа түсуі тиіс. Сосын орта деңгейлі балуандар өздерінің фаворит емес екендерін түсініп, сәтті жеребе үміт артады. Мұндай чемпионатта спортшының атақ дәрежесінен қаймықпау керек, – дейді 1996 жылғы Олимпиада чемпионы Юрий Мельниченко.

Оның айтуынша, мамандар мен жанкүйерлер аутсайдерлерді тым ерте тізімнен сызып тастайды. Сосын бұл жағдайлар оларға қосымша мотивация береді. Соның арқасында олар өздерің дәлелдеуге тырысып, көптеген сенсациялар болып жатады. 

– Әлем чемпионатында грек-рим күресінен Олимпиада ойындарына 6 салмақ бойынша 3 лицензия жеңіп алуды жоспарлап отырмыз. Медальдарға келсе, 5 жүлдеден үміттіміз. Нақтырақ айтсақ, Айнағұлов, Жадыраев, Шермахамбет, Ділмұхамедов, Кебіспаевтарға сенім артамыз, – дейді Дәулет Болатұлы. 

Еркін күрес бойынша вице-президент Ерлан Қожасбай еркін күрестен қанша жүлде көздеп отырғандарын айтты.

–  Бізде де 6 салмақтан 3 лицензия еншілеуді жоспарлап отырмыз. Әлем чемпионатында бес балуанымыз жүлдеге ілігеді деген үмітіміз бар, – Қожасбай. 

Біз Юрий Мельниченкодан балуандар өз жерінде күресу жеңіл ме әлде қиындық тудыра ма? сол жағын сұрадық.

– Өз тәжірибемнен айта аламын, бір жағынан өз елінде өнер көрсету оңай. Жанкүйерлердің бәрі сені қолдайды, төрешілер де әділетті болады. Жарыс қожайындарына бәрі де жақсы жағынан қарайды. Ал екінші жағынан біздің балуандар қобалжуы мүмкін. Өйткені, жарысқа туыстары, жақындары, достары келеді. Олардың алдында қобалжуы мүмкін. Кейбір эмоцияға беріліп жанкүйерлер кеңес бергіш болады. Сол кезде балуан сасқалақтап, білгеннен жаңыла бастайды. Спортшыға кілемге шығар тұста тек жаттықтырушыдан басқа ешкімнің пікірін тыңдамағаны дұрыс. Мысалы, мен өзім 2004 жылы Афины Олимпиадасында осындайға куә болдым. Боксшы Геннадий Головкин финалға шығар алдында әркім бір келіп ақыл айтумен болды. Гена өзінің үлкен сыйлайтын көргендігінің арқасында барлығын тыңдап шықты. Бұл оның финалда Гайдарбековтен жеңілуіне бір себеп деп ойлаймын. Сол себепті жаттықтырушылар осындай сәттерде спортшыны оқшау ұстауы тиіс. Тәжірибе бар. Әлем чемпионаты Қазақстанда алғаш рет өткізіліп жатқандықтан, форс-мажордан ешкім қашып құтыла алмайды, – деді Мельниченко.

Қосылған : 12.09.2019, 18:25, Өзгертілген : 12.09.2019, 19:25