Қазақстанның Оулу қаласындағы жаңа Құрметті консулының тағайындалуы

2019 ж. 9 қыркүйекте Қазақстанның Финляндиядағы Елшілігінде Қазақстанның Оулу (Финляндия) қаласындағы Құрметті консулы О.Похьянвиртаға консулдық патент табыстау салтанатты рәсімі орын алды.

Әңгімелесу барысында Қазақстанның Финляндиядағы Елшісі  Ж.Сартбаева О.Похьянвиртаны тағайындалуымен құттықтап, жауапты қызметінде сәттілік тіледі. Қазақстандық дипломат сұхбаттасының екіжақты қатынастың дамуына қосқан қомақты үлесін атап өтіп, өзара тиімді ынтымақтастық аясын кеңейтуге үміт артты.  

О.Похьянвирта Солтүстік Еуропа аймағында транзиттік-көлік саладағы жетекші ойыншылардың бірі болып табылатын «Nurminen Logistics» компаниясы Басқармасының Төрағасы.

ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың өткен жылғы Суомиге ресми сапары аясында қазақстандық «KTZ Express» АҚ пен «Nurminen Logistics» компаниясы арасында Хельсинки (ФР) – Бусловская (РФ) – Қорғас (ҚР) - Хэфей (ҚХР) бағыты бойынша тұрақты темір жол жүгі тасымалдары туралы маңызды Келісімге қол қойылғанын айта кеткен жөн. 

Өз кезегінде, Құрметті консул Қазақстан тарапына алғысын білідіріп, артылған үмітті ақтауға бар күшін салатындығына сенім білдірді.   

Сонымен қатар, тараптар қазақстандық-фин практикалық ынтымақтастығын өрістетуде Құрметті консул институтының ерекше рөлін атап өтіп, оның әлеуетін жүзеге асыруда бірлескен шаралар қабылдау туралы уағдаластыққа қол жеткізді. 

Қосылған : 9.09.2019, 11:30, Өзгертілген : 9.09.2019, 12:30