БҰҰ Бас Хатшысының орынбасары Қазақстанның Сириядан өз азаматтарын қайтару жөніндегі іс-қимылын жоғары бағалады

ДУШАНБЕ, 2019 жылғы 17 мамыр – «Терроризмге қарсы және оны қаржыландыру көздерімен, есірткінің заңсыз айналымы мен ұйымдасқан қылмысты қоса отырып күрестегі халықаралық және аймақтық ынтымақтастық» Жоғары деңгейдегі конференция аясында Қазақстан СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Станислав Василенко БҰҰ Бас Хатшысының орынбасары – БҰҰ Контртеррористік Басқармасының басшысы Владимир Воронковпен кездесу өткізді.

БҰҰ Бас Хатшысының орынбасары Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шешімімен және Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың санкциясымен ү.ж. мамыр айында жүргізілген, нәтижесінде соғыс қимылдары жүріп жатқан аймақтан 231 қазақстандықты, соның ішінде 59 әйел мен 156 баланы алып шығуға қол жеткізілген «Жусан-2» арнайы операциясының нәтижесімен таныстырылды.

В.Воронков Қазақстанның терроризм және экстремизм қарсы күрестегі қызметін, Терроризмнен азат әлемге қол жеткізу бойынша Кодексті ілгерілетуін, сондай-ақ ҚР-дың шетелдік содыр террористерді қайтару мәселелерін шешудегі көшбасшылық ұстанымын жоғары бағалады.

БҰҰ Бас Хатшысының орынбасары Конференция кезінде көрсетілген «Жусан-2» операциясы туралы бейнефильмнің және қазақстандық делегацияның сөзінің қатысушылардың жан дүниесіне үлкен әсер еткендігін атап өтті.

Тәжікстан Үкіметінің БҰҰ, ЕҚЫҰ және ЕО-ның қолдауымен ұйымдастырған бұл Конференцияға қатысушы-елдерден, соның ішінде Батыс және Орталық Азия мемлекеттерінен, БҰҰ агенттіктері мен дипломатиялық миссиялар, азаматтық қоғам ұйымдары, даму бойынша әріптестер, талдау орталықтарының, халықаралық, аймақтық ұйымдардың 200-дей өкілі, сондай-ақ жеке сектор мен діни жетекшілер қатысты.

Оның қарсаңында, 16 мамырда Қазақстанның делегациясы БҰҰ ЕҚБ Бағдарламасының Орталық Азия елдері үшін 2015-2019 жж., Аймақтық Бағдарламасы бойынша Басқарушы комитетінің 4-ші отырысына қатысты. Оның барысында Алматыда Орталықазиялық аймақтық ақпараттық үйлестірушілік орталықты (ОАААҮО) құру бойынша бастаманы және БҰҰ ЕҚБ-ның шекаралық ынтымақтастық саласындағы кешенді бағдарламаларын жүзеге асыру; трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл мақсатындағы тәжірибемен және сарапшылық біліктілікпен алмасу алаңын құру мәселелері қарастырылды.

Қосылған : 18.05.2019, 14:00, Өзгертілген : 18.05.2019, 14:00