ҚР Сыртқы істер министрлігінде БҰҰ Бас хатшысының көмекшісімен кездесу өтті

НҰР-СҰЛТАН, 2019 жылғы 20 мамыр – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының саяси мәселелер жөніндегі көмекшісі Мирослав Енчамен кездесті.

Кездесу барысында ядролық қарусыздану және таратпау, терроризмге қарсы күрес, тұрақты дамуды қамтамасыз ету салаларындағы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бірқатар сыртқы саяси бастамаларын БҰҰ алаңында іске асыру жолдары талқыланды.

М.Енча өңірлік және жаһандық қауіпсіздігінде Қазақстанның ерекше рөлін атап өтті. «Біз өңірлік ынтымақтастық мәселелеріндегі Қазақстанның белсенді ұстанымын жоғары бағалаймыз. Сіздердің елдеріңіз іске асырып жатқан Орнықты даму мақсаттарына қолдау көрсету біз үшін маңызды», – деді М.Енча.

Тараптар Қазақстан және БҰҰ арасындағы қатынастардың жоғары деңгейін қанағаттанғандықпен атап өтті. Бұл тұрғыда М.Енча Қазақстанға БҰҰ Бас хатшысының реформаларын қолдауына және ү.ж. 1 мамырда Алматыда ашылған Біріккен Ұлттар Ұйымы агенттіктерінің жаңа ғимаратын бөлуіне алғыс білдірді.

Е.Ашықбаев Орнықты даму мақсаттарын Қазақстанда жылжыту, сондай-ақ 2019 жылдың шілдесінде Нью-Йорк қаласында БҰҰ-ның Жоғары деңгейдегі саяси форумында Қазақстан ұсынатын Ерікті ұлттық шолуды дайындау жұмысы туралы хабарлады. Сондай-ақ кездесуде өңірлік жобаларды жүзеге асырудың перспективаларын, соның ішінде Ауғанстанның Орталық Азия өңіріне интеграциялауды және қазақстандықтардың БҰҰ аясындағы бітімгершілік миссиясына атсалысу мәселелері талқыланды.

Кездесу соңында Қазақстан Республикасы мен БҰҰ арасындағы ынтымақтастықтың одан әрі нығайтуына ниет білдірілді.

Қосылған : 20.05.2019, 18:30, Өзгертілген : 20.05.2019, 18:30