Лейден университетінде Гаага Дипломатиялық корпусы өкілдерімен панелдік пікірталас өтті

Жуырда Гаага Дипломатиялық корпусы өкілдері мен Лейден университеті халықаралық қатынастар факультетінің студенттерінің панелдік пікірталасы болып өтті. Аталмыш шараға Италияның, Колумбияның, Қазақстанның Нидерландтағы Елшілері мен Нидерландтың Дания Корольдігіндегі Елшісі қатысты.

Мағжан Ілиясов сөз сөйлеу барысында шараға қатысушыларды еліміздің даму барысының басым бағыттарымен, Елбасының халықаралық қатынастағы маңызды бастамаларымен, Қазақстанның соңғы жылдардағы әлеуметтік-экономикалық және мәдени-гуманитарлық дамуындағы жетістіктерімен таныстырып өтті.

Елші сонымен қатар пікірталасқа қатысушылар назарын соңғы кезде дүниежүзілік қауымдастық бастан кешіп отырған әлемдік алпауыт мемлекеттер текетіресі, үдеп бара жатқан экстремизм мен терроризм қаупі сияқты қиыншылықтарға аударды.

«Қазақстан әлемдік қауіпсіздікті нығайтуға ядролық қаруды таратпау және әлемдегі төртінші әлеуетті зымырандық-ядролық арсеналдан бас тарту арқылы, Сириядағы шырғалаңды шешуге арналған Астана келіссөздер алаңын ұйымдастырып, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде дүниежүзілік мәселелерді шешу арқылы айтарлықтай үлес қосты», -деп атап өтті М.Ілиясов.

Бейресми сұхбат барысында болашақ дипломаттар еліміздің мәдениеті мен дәстүр ерекшеліктеріне, Астананың заманауи сәулетіне қызығушылық танытып, Қазақстанның әлемдік туристік бағытқа айналуға табиғи әлеуеті мен мәдени және тарихи мүмкіншіліктері жеткілікті екеніне Лейден студенттері сенімдерін білдірді.

1575 ж. негізі қаланған Лейден университеті 40 ғылыми-зерттеу институттарын орталықтандырған Еуропаның ең көне де ірі білім орталығы болып табылады, тәлімгерлер саны 5500 адам және жалпы студенттер саны 25 мыңды қамтитын бұл білім ордасынан 20-дан астам Нобель сыйлығының лауреаттарымен қоса Нидерландтың ғылым саласының ең беделді жүлдесі саналатын 18 Спиноза жүлдесінің иегерлері де түлеп ұшқан.

Қосылған : 2.02.2019, 15:00, Өзгертілген : 2.02.2019, 15:00