​Бішкекте Қазақстан мен Қытай Сыртқы істер министрлерінің кездесуі өтті

БІШКЕК, 2019 жылғы 21 мамыр - Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше-мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің (ШЫҰ СІМК) отырысына қатысу қарсаңында Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік кеңесінің мүшесі, Сыртқы істер министрі Ван Имен кездесті.

Қазақстан мен Қытай сыртқы саяси ведомстволарының басшылары саяси, сауда-экономикалық салалардағы екіжақты ынтымақтастық, сондай-ақ көпжақты құрылымдардағы өзара ықпалдасу мәселелерін талқылады.

ҚР СІМ басшысы биылғы жылдың 25-28 сәуірде сәтті өткен «Бір белдеу, бір жол» 2-ші Халықаралық ынтымақтастық форумына қатысу үшін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сапарының маңыздылығын атап өтті.

Осы форумда Елбасы Н.Назарбаев әлемдік қоғамдастыққа геосаяси ахуалдың «Үш Д» үлгісін ұсынды және қытайлық тарапты оны жүзеге асыру үшін одан әрі жан-жақты қолдауды сұрады.

Ван И ағымдағы жылдың 14-16 мамырда ҚКП Орталық комитеті Тұрақты комитетінің мүшесі, ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Вице-премьері Хан Чжэннің Қазақстан мен Қытай 2-ші Өңіраралық ынтымақтастық форумына және 12-ші Астаналық экономикалық форумына қатысу үшін Қазақстанға сапарын ойдағыдай өткізілгені үшін алғыс білдірді.

ҚХР Сыртқы істер министрі Қазақстандағы алдағы президенттік сайлаудың табысты өткізуге тілек білдіріп, оның барысында xалық дұрыс таңдау жасайтынын жеткізді. Сонымен қатар, ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевта халықтың кең ауқымды қолдауы бар екенін атап өтті.

Қытайлық тарап «Бір белдеу, бір жол» бастамасын жүзеге асыруда Қазақстанның жетекші рөлін ерекше атап өтіп, оны «Нұрлы жол» ЖЭС-пен терең ұштастыру арқылы өзара көлік байланыстарын көтеруді, сондай-ақ оны ілгерілетуде екі елдің көшбасшылығын сақтауды ұсынды. Бұл өз кезегінде, біздің елдер арасында цифрлық экономиканы дамыту, цифрландыру, жоғары технологиялық, инновациялық және электрондық коммерция саласындағы жаңа жобалардың санын арттыру бойынша индустриялық-инвестициялық ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді.

Ван И Қытай Қазақстанмен көпжақты күн тәртібіндегі кең ауқымды мәселелер бойынша да өзара тығыз ынтымақтастыққа, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Назарбаев құрудың басында тұрған ШЫҰ, АӨСШК сияқты халықаралық ұйымдар шеңберінде тиімді үйлестіруге мүдделі екенін атап өтті.

Сыртқы саяси ведомстволарының басшылары екі елдің ШЫҰ-да бірқатар бастамаларына өзара қолдауды атап өтті, атап айтқанда ШЫҰ Даму банкін құру, ұлттық валютадағы өзара есеп айырысу үлесін ұлғайту, транзит-көліктік әлеуетін пайдалану және т.б.

Тараптар өзара қызығушылық тудыратын мәселелер бойынша тұрақты байланыстар мен қолдауды жалғастыруға келісті.

Қосылған : 21.05.2019, 18:10, Өзгертілген : 21.05.2019, 18:10