Сыртқы істер министрлігінде Қазақстан мен Марокко арасындағы ынтымақтастықтың болашағы талқыланды

     НҰР-СҰЛТАН, 2019 жылғы 7 тамыз - Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов Қазақстан Республикасындағы Марокко Корольдігінің Елшісі Абдельджалил Саубриді қабылдады.

Тараптар екі мемлекет арасындағы, сондай-ақ аймақтық және халықаралық ұйымдар шеңберіндегі өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамыту жолдарын талқылауға мүмкіндік беретін достық және тұрақты қатынастардың сипатын атап өтті.

«Біз Марокконы араб әлеміндегі және Солтүстік Африка аймағындағы жетекші мемлекеттердің бірі деп қарастырамыз және Корольдікпен қатынастарды жан-жақты дамытуға мүдделіміз», - деді СІМ басшысы.

Қазақстан мен Марокко арасындағы екіжақты қарым-қатынастардың қарқынды дамуы атап өтілді. Екі мемлекет Ислам ынтымақтастығы ұйымының белсенді қатысушылары болып табылады. Қазақстандық тарап Мароккоға түрлі халықаралық алаңдарда ұсынылған ҚР бастамаларын қолдағаны үшін алғыс білдірді.

Мароккалық дипломат Қазақстан-Марокко қарым-қатынастарына деген сенімділік деңгейін растап, Марокко елі Қазақстанды Орталық Азия аймағында достас ел ретінде жоғары бағалайтынын сендірді.

Марокконың Елшісі Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрі Нассер Буританың атынан Қазақстан СІМ басшысына Корольдікке сапармен келіп қайту шақыруын жеткізді. Аталған сапар Нұр-Сұлтан мен Рабат арасындағы жан-жақты қатынастарды одан әрі дамытуға айтарлықтай серпін береді, деп атап өтті Елші.

Кездесуде Мароккомен сауда-экономикалық саладағы өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды. Екі тараптың да тау-кен металлургия өнеркәсібінің ұқсас салалары бар - фосфор және қорғасын кендері, түсті және сирек металдар. Ғылыми және инженерлік әлеуеттің ашылмаған мүмкіндіктері бар.

Ауыл шаруашылығы - екіжақты күн тәртібіндегі маңызды тақырып. Қазақстан астықтың және басқа да ауылшаруашылық өнімдерінің ірі өндірушісі бірі болып табылады.

Тағы бір талқыланған мәселенің бірі Қазақстан мен Марокко арасындағы туристік ынтымақтастықты дамыту. Белгілі болғандай, Марокко Солтүстік Африка аймағы бойынша туризм саласында көшбасшы болып табылады және жыл сайын аталған елге 11 млн. астам турист келеді, олардың ішінде мыңдаған қазақстандықтар да бар.

Сонымен қатар, орын алған кездесуде мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

Қосылған : 7.08.2019, 17:35, Өзгертілген : 7.08.2019, 17:35