Қауіпсіздік жөніндегі «С5+1» жоғары деңгейдегі кездесу туралы бірлескен мәлімдеме, Нұр-Сұлтан қаласы, Қазақстан

Келесі мәлімдеменің мәтінін 2019 жылы 21 тамызда Қазақстанның Нұр-Сұлтан қаласында өткен қауіпсіздік мәселелері жөніндегі «С5+1» жоғары деңгейдегі кездесуге орай Қазақстан, АҚШ, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан Үкіметтері шығарды. 


Қазақстан, АҚШ, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан Үкіметтері ортақ қызығушылық танытатын саяси, экономикалық және қауіпсіздік мәселелерін талқылау үшін бүгін Қазақстанның Нұр-Сұлтан қаласында кездесті.


Қазақстанның Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов, АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысының саяси мәселелер жөніндегі  орынбасары Дэвид Хейл, Қырғызстанның Сыртқы істер министрі Чингиз Айдарбеков, Тәжікстанның Сыртқы істер министрі Сироджидин Мухриддин, Түрікменстан Министрлер кабинеті Төрағасының орынбасары – Сыртқы істер министрі Рашид Мередов, Өзбекстанның Сыртқы істер министрі Абдулазиз Камилов экономикалық түрлендіру мен өңірлік серіктестікке қолдауды күшейтуге, аймақтық қауіпсіздік мәселелерін шешу және Орталық Азия мен көршілес Ауғанстанда бейбітшілікті орнатуға және гулденуіне көмек көрсетуге бағытталған іс-қимылдар туралы  пікір алысты. 


Қатысушылар бірлескен талқылау және жалпы мәселелерді шешу, сондай-ақ Орталық Азия мемлекеттерінің егемендігін, тәуелсіздігін және аумақ тұтастығын нығайту үшін пайдалы форум ретінде «C5+1» дипломатиялық өзара әрекеттесу платформасында өз Үкіметтерінің қолдауын растады. Іс-шараға қатысушылар келесі «C5+1» министрлік кездесуінің жоспарлау барысын талқылады және қауіпсіздік, экономикалық байланыстар және қоршаған орта мәселелері жөніндегі «C5+1» Жұмыс топтары аясында іске асырылып жатқан ықпалдастықты атап өтті. 


Қосылған : 21.08.2019, 17:50, Өзгертілген : 21.08.2019, 17:50