СІМ-де Қазақстан-түрікмен қарым-қатынастарының келешегі талқыланды


НҰР-СҰЛТАН, 2019 жылғы 21 тамыз - Сыртқы істер министрлігінде Қазақстанның сыртқы саяси ведомствосының басшысы Бейбіт Атамқұловтың Орталық Азия СІМ басшылары мен АҚШ өкілінің «С5+1» форматындағы кездесуіне қатысу үшін Нұр-Сұлтан қаласына келген Түрікменстан Министрлер кабинеті Төрағасының орынбасары - Сыртқы істер министрі Рашид Мередовпен келіссөздері өтті.

Кездесу барысында тараптар екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтудің айтарлықтай әлеуетін атап өтті. Өзара сауданы арттыру перспективалары, сондай-ақ транзиттік-көлік және энергетика салаларындағы өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері нақты қаралды. Оған қоса жоғары деңгейдегі алдағы кездесулердің кестесі талқыланды.

Қазақстан СІМ басшысы түрікмен әріптесін 2019 жылы 12 тамызда Түрікменбашы қаласында өткен алғашқы Каспий экономикалық форумының табысты өтуімен құттықтады. Форум өткен жылдың 12 тамызында Ақтаудағы Каспий маңы мемлекеттері басшыларының 5-ші саммитінің маңызды қорытындыларының тағы бір дәлелі болды, оның барысында Каспий өңірі мемлекеттері арасындағы қарым-қатынастың жаңа бетін ашқан Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы тарихи Конвенцияға қол қойылды.

Өз кезегінде Р. Мередов қазақстандық әріптесін «С5+1» форматындағы кездесудің сәтті өтуімен құттықтап, халықаралық және аймақтық ұйымдар аясында Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы сындарлы өзара іс-қимылды атап өтті.

Қосылған : 22.08.2019, 16:40, Өзгертілген : 22.08.2019, 16:40