Қазақстанның Елшісі «The League of Angels» британдық қауымдастығының инвестициялық конференциясына қатысты

Бүкіл әлемнің іскер топтарының миллионнан астам өкілін қамтитын «The League of Angels» атты ең ірі іскерлік бірлестігі ұйымдастырған халықаралық инвестициялық-экономикалық конференциясы Лондонда 5 ақпанда өтті.

Іс-шараға Ұлыбритания, Еуропа, Азия және Таяу Шығыстың қаржылық, инвестициялық, өндірістік, технологиялық және коммуникациялық секторларында жұмыс істейтін компаниялардың 200-ден астам басшылары қатысты.

Конференцияның жоғары мәртебесі Кент Ханзадасы Майклдың және Ұлыбританияның Парламенті мен Үкіметі өкілдерінің қатысуымен белгіленді.

Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшісі Ерлан Ыдырысов конференцияның басты спикерлерінің бірі болып, қатысушыларға Қазақстанның инвестициялық ахуалын жақсартудағы мақсаттары мен жетістіктері туралы, сондай-ақ ҚР Сыртқы істер министрлігінің инвестицияларды тарту және экспортты ынталандыру жөніндегі жаңа міндеттері мен рөлі туралы мәлімдеді. Қазақстандық дипломат «Астана» Халықаралық қаржы орталығының қызметі, мемлекеттік активтерді жекешелендіру бағдарламасы, Қазақстан Республикасының «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» жаңа кодексі, британдық бизнестің «Белбеу және жол» атты қытайлық бастамасын жүзеге асырудағы перспективалары сияқты тақырыптарды қозғады.

Е.Ыдырысов Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы сауда-инвестициялық және стратегиялық серіктестіктің даму қарқыны, сондай-ақ Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия және Іскерлік Кеңес секілді екі жақты алаңдардағы іскер топтардың табысты өзара әрекеттестігі туралы әңгімеледі.

ҚР Елшісі екі елдің шағын және орта бизнес өкілдері арасындағы байланыстарды одан әрі дамыту және нығайту қажеттілігіне, сондай-ақ Қазақстанның транзиттік және экспорттық әлеуетін жүзеге асырудағы ынтымақтастық перспективаларына аудиторияның назарын аударды.

«The League of Angels» – Еуропа, Америка, Азия және Таяу Шығыс кәсіпкерлері мен инвесторларын қамтитын коммерциялық бірлестік. Ол мүшелер арасында бизнесті дамыту, инвестициялау және жаңа нарықтар ашу салаларындағы түрлі мәселелерді талқылау үшін диалогтық және консультациялық алаңы ретінде пайдаланылады.

Қосылған : 6.02.2019, 10:25, Өзгертілген : 6.02.2019, 10:25