Қазақстанның Елшісі Бутан Корольдігі Парламентінің басшылығымен кездесті

ТХИМПХУ, 2019 жылғы 19 наурыз - Қазақстан Республикасының Үндістандағы Елшісі және Бұтан Корольдігінде қоса атқарушы Елшісі Болат Сәрсенбаев Бутан Корольдігі Ұлттық Кеңесінің Төрағасы (жоғарғы палата) Таши Дорджимен және Ұлттық Ассамблеясының Спикері (төменгі палата) Ванчук Намгельмен кездесті.

Қазақстандық дипломат Бутан тарапын Астанада 2019 жылғы 23-24 қыркүйекте өтетін Еуразия елдері парламенттері спикерлерінің «Үлкен Еуразия: Диалог. Сенім. Әріптестік» тақырыбындағы 4-ші отырысына қатысуға шақыру хаттарын табыс етті.

Парламенттік дипломатия арқылы жұмыс жүргізу Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің маңызды бағыттарының бірі болып табылатынын атап өткен Б.Сәрсенбаев екі елдің заң шығарушы органдары арасындағы ынтымақтастықтың келешегін талқылады. Тараптар парламентаралық дипломатияны жандандыру қажеттігіне мән берді.

Өз кезегінде, Ұлттық Ассамблея Спикері В.Намгель қабылдаған шақыруды мұқият қарастырып, оң шешім қабылдайтынына сендірді.

Б.Сарсенбаев Бутан Сыртқы істер министрлігі СААРК және аймақтық ұйымдар департаментінің директоры Т.Иодлингпен кездесіп, елдер арасындағы екі жақты қарым-қатынасты нығайтудың келешегін талқылады.

Елші сұхбаттасушыларға ү.ж. 19 наурызда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев өзінің теледидарлық жолдауында Мемлекет басшысы лауазымынан бас тарқтаны туралы хабарлады.

Осы ретте, Н.Назарбаев президенттіктен кеткеннен кейін үш маңызды лауазымда қызметін жалғастыруда: Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы, Конституциялық Кеңестің мүшесі. Бұған қоса, ол «Нұр Отан» партиясының Төрағасы қызметін жалғастырады.

Сондай-ақ, бүгінгі күнге дейін ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы қызметін атқарып келген Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің Конституциясына сәйкес ант беріп, Президенттік қызметке кіріскендігі жөнінде хабарланды.

Президент Н.Назарбаевтың қызметтен кетуімен Астананың сыртқы саясаты өзгеріссіз қалатыны және өзіне жүктелген халықаралық міндеттемелерді ұстануды жалғастыратыны атап өтілді.

Өз кезегінде, Бутанның саяси қайраткерлері Н.Назарбаевтың Қазақстан Республикасының тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуы мен оның экономикасын нығайтудағы, сондай-ақ халықтың әл-ауқатын арттырудағы рөлін жоғары бағалады. Олардың пікірінше, Н.Назарбаев қазақстандық қоғамда тұрақтылық пен үйлесімділіктің негізін қалаған харизматикалық көшбасшы болып табылады. Ол өзінің сыртқы саяси бастамалары арқасында Қазақстанды жылдам дамып келе жатқан экономикаға ие, тұрақты, бейбіт, толерантты әрі зайырлы барша әлемдік қауымдастық мойындаған мемлекетке айналдыра білді.

Қосылған : 20.03.2019, 17:30, Өзгертілген : 20.03.2019, 17:30