​Брюссельде Қазақстан мен Фландрия арасындағы ынтымақтастықтың перспективалары талқыланды

БРЮССЕЛЬ, 2018 жылғы 4 қыркүйек - Қазақстанның Бельгиядағы Елшісі Айгүл Құспанның бастамасымен Фландрияның Министр-президенті Гирт Буржуамен кездесу өтті. Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Фландрия арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту, сондай-ақ ғылыми, білім беру және мәдени ынтымақтастықты нығайту перспективаларын талқылады.

A. Құспан Қазақстанның индустриалды саясатының басты аспектілері, елдің жаңа инвестициялық стратегиясының негізгі бағыттары, «Kazakh Invest» және «Kazakh Export» компанияларының қызметі, сондай-ақ Қазақстанда шетелдік инвесторларды қолдау шаралары туралы айтып берді.

Елші Экспорт және инвестициялар бойынша фламанд агенттігі (FIT) Экспортты және шетелдік инвестицияларды ілгерілету бойынша валлон агенттігімен (AWEX) бірлесіп жүйелі түрде ұйымдастыратын іскерлік миссияларын қошеметтеді (соңғы іскерлік миссия Астанада және Алматыда 2017 жылы өтті). Сонымен қатар, ол 2019 жылы Қазақстанға жоспарланған FIT және AWEX кезекті бизнес-миссиясының маңыздылығын атап өтті.

Оған қоса, фламанд тарапы Қазақстандағы инвестициялық климат туралы, сондай-ақ «Астана» Халықаралық қаржы орталығы және «Future Energy» «жасыл» технологияларды дамыту жөніндегі халықаралық орталығы туралы ақпараттандырылды.

Г. Буржуа, өз кезегінде, Қазақстанда 11 фламанд компаниялары жұмыс жасап жатқанын хабарлады, олардың ішінде «Ahlers Bridge» (логистикалық қызметтер), «QWAY Energy Қазақстан» (жаңартылатын энергия көздері), «Agfa Healthcare» (ауруханаларға арналған бағдарламалық жасақтама) «Manuchar» (логистика, дистрибьюторлық қызметтер), «Gosselin» (логистикалық қызметтер) және т.б.

Г. Буржуаның айтуынша, Фландрия сыртқы сауда саясатын жүзеге асыруымен қоса, кең өкілеттіктерге ие және Бельгияның 90%-ға жуық экспортын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, Фландрияда 20-дан астам ғылыми парк, инновациялық орталық және инкубатор табысты қызмет етуде, Антверпен, Гент, Зебрюгге, Остенде сияқты қалаларында теңіз көлігі және порт технологиялары дамуда. Антверпен порты жүк айналымының жалпы көлемі бойынша Еуропада Роттердамнан (Нидерланды) кейін екінші орында.

Өзара тиімді ынтымақтастық үшін түйісудің ықтимал нүктелерін және перспективаларын талқылай отырып, Г. Буржуа Қазақстан компаниялары мен Фландрияның «IMEC» микро- және наноэлектроника ірі ғылыми орталығы, «VITO» таза технологиялар және тұрақты даму саласындағы ғылыми зерттеу ұйымы, «Flanders Make» өнеркәсіптік зерттеу орталығы арасындағы ғылыми-инновациялық ынтымақтастықты дамытуда қызығушылық білдірді. Сонымен қатар, ол Фландрияның «Voka» сауда-өнеркәсіптік палатасымен байланыстарды нығайтудың және Business-to-Business форматындағы іс-шараларды ұйымдастырудың маңыздылығын атап өтті.

Бұдан басқа, порт технологиялары, биотехнологиялар (бельгиялық компаниялардың үлесі бүкіл биотехнология саласының шамамен 13% экспортын құрайды) салалардағы ықтимал ынтымақтастық, сондай-ақ университетаралық әріптестік талқыланды (QS World University Rankings ақпараты бойынша, 8 бельгиялық университет әлемнің 500 ең үздік жоғары оқу орындарының рейтингіне кіреді).

Тараптар Қазақстан мен Фландрияның өзара тиімді ынтымақтастық үлкен әлеуетке ие екеніне келісті.

Қосылған : 6.09.2018, 11:10, Өзгертілген : 6.09.2018, 11:10