Нұр-Сұлтан және Дели парламентаралық ынтымақтастықты белсендіруде

2019 жылғы 16 тамызда Қазақстанның Үндістандағы Елшісі Болат Сәрсенбаев Үндістан Парламенті жоғарғы палатасы төрағасының орынбасары Хариваншпен кездесу өткізді.

Сұхбат барысында қазақстандық дипломат үстіміздегі жылғы 23-24 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласында өтетін Еуразия елдері парламенттері спикерлерінің 4-ші кеңесі туралы әңгімеледі. Б.Сәрсенбаев іс-шараның негізгі мақсаты Еуразиялық кеңістіктегі өзара іс-қимыл мен ынтымақтастықты одан әрі тереңдету және кеңейту үшін Еуропа мен Азия мемлекеттерінің заңнамалық органдары басшылары, сондай-ақ халықаралық және парламентаралық ұйымдар басшылары арасындағы тікелей көпжақты диалогты жолға қою болып табылатынын атап өтті.

Сонымен қатар, Елші қазақстан-үнді байланыстарының тарихи тамыры өткен ғасырлардың тереңінен басталатынын айта келе, олар бүгінгі күні де белсенді түрде дамып жатқанын басып айтты. Осы тұрғыда екі ел арасындағы саяси, экономикалық және мәдени өзара іс-қимылдың жоғары деңгейі атап өтілді.

Өз кезегінде Хариванш Қазақстанның әлемдік саясаттағы рөлі мен маңызын, сондай-ақ еліміздің халықаралық және өңірлік өзекті мәселелерді шешуге қосқан қомақты үлесін жоғары бағалады. Ол Қазақстан Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық аренадағы рөлін және оның жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған бастамаларын ерекше атап өтті. Сонымен қатар, ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа өткен президенттік сайлаудағы жеңісіне байланысты өзінің құттықтау сөзін жеткізді.

Үнді саясаткері Нью-Дели Қазақстанды өзінің маңызды саяси серіктесі ретінде қарастыратынына сендіріп, қазақстан-үнді қарым-қатынастарын сапалы жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік беретін парламентаралық ынтымақтастықты жандандыруға дайын екенін білдірді.


Қосылған : 17.08.2019, 11:30, Өзгертілген : 17.08.2019, 11:30