Ұлыбританиядағы Орталық Азия ғылыми форумында тұрақты даму және инновация саласындағы жобалар таныстырылды

ЛАФБОРО, 2019 жылғы 18 наурыз – Жоғары рейтингті Британдық Лафборо университетінде Тұрақты даму және инновация бойынша екінші Орталық Азия ғылыми форумының бірінші кезеңі өтті. Форум аясында қазақстандық жас ғалымдар бүкіл Орталық Азия аймағының тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған ғылыми жобаларын ұсынды.

Лафборо университеті Ұлыбританияның он ең үздік жоғары оқу орындарының қатарына кіреді және ғылыми зерттеулерді бизнес саласына енгізуге бағытталған бағдарламаларымен танымал. Университет өз алаңын форумға қамтамасыз етіп, бизнесте ғылыми зерттеулерді қолданудың баға жетпес тәжірибесін алуға мүмкіндік беріп, форумға баға жетпес қолдау көрсетті.

Іс-шараға Қазақстан Республикасының Ұлыбританиядағы Елшісі Ерлан Ыдырысов, Ұлыбританияның Қазақстан Республикасындағы Елшісі Майкл Гиффорд, Британдық Кеңестің білім беру мәселелері жөніндегі директоры Ричард Эверитт, Лордтар палатасының мүшесі баронесса Элисон Сатти, Лафборо университетінің ректоры Роберт Эллисон, британдық және халықаралық бизнес өкілдері, сондай-ақ Орталық Азия мемлекеттерінің ғалымдары қатысты.

Форум ҚР Президенті Әкімшілігінің, ҚР-дың Ұлыбританиядағы Елшілігінің, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының және Британ-Қазақстан қоғамының қолдауымен Ұлыбританиядағы қазақстандық докторанттар қауымдастығының күшімен ұйымдастырылды.

Бүгінгі таңда Ұлыбританияда 80-нен астам қазақстандық докторанттар медицина, гидрология, химия, биология, физика, экономика, математика, IT, бизнес басқару және т.б. мамандықтар бойынша білім алуда. Екі елдің жас ғалымдарының ғылым және білім саласындағы өзара іс-қимылына жәрдемдесу мақсатында 2017 жылғы қарашада Ұлыбританиядағы қазақстандық докторанттар қауымдастығы құрылды.

Іс-шараның басты мақсаты қазақстандық докторанттардың өзекті ғылыми жобаларын таныстырып, олардың артықшылықтары мен кемшіліктерін британдық жетекші жоғары оқу орындары мен ірі компаниялардың өкілдерімен талқылау болды. Форум аясында Лафборо университеті, Дублин Тринити-колледжі, Лондонның университеттік колледжі, Абердин, Данди, Лестер, Ливерпуль, Кардиф, Саутгемптон және т.б. университеттерінен келген докторанттар мен ғалымдар денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру, қазақстандық бидай өнімділігін арттыру, тау-кен секторының қалдықтарын өңдеу, химия өнеркәсібін тұрақты дамыту, урбанистика, туризм және білім беру салаларындағы озық жобаларды таныстырды.

Форумның ашылуында сөйлеген сөзінде ҚР Елшісі Е.Ыдырысов тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізудің ең басты элементі адам капиталы болып табылатынын атап өтті. Іс-шарада ұсынылған химия өнеркәсібі, жаңа материалдар әзірлеу, ауыл шаруашылығы өндірісі және т.б. салалардағы жобалар жас ғалымдардың Қазақстанның академиялық жүйесін әлемдік деңгейде дамыту және өмір сүру сапасын арттыруға деген ниеттерінің рас екендігін дәлелдейді.

Форум екі кезеңде – 18 наурызда Ұлыбританияда және 4 сәуірде Қазақстанда «Астана» Халықаралық қаржы орталығы алаңында өтеді. Форумның қазақстандық кезеңі ҚР Президенті Әкімшілігінің, Лондон мен Астанадағы Қазақстан мен Ұлыбритания елшіліктерінің, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының, сондай-ақ Лафборо университетінің қолдауымен ұйымдастырылады.

Қосылған : 19.03.2019, 18:00, Өзгертілген : 19.03.2019, 18:00