Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі А.С. Смадияровтың брифингі, Нұр-Сұлтан, 2019 жылғы 13 мамыр

Мазмұны:

1) Шетелдік делегациялардың Қазақстанға бірқатар шетелдік сапарлары туралы;

2) Қазақстан мен Қытай арасындағы 2-ші өңіраралық ынтымақтастық форумы туралы;

3) Кипр Сыртқы істер министрінің Қазақстанға ресми сапары туралы;

4) Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұловтың Душанбе қаласында өтетін «Орталық Азия + Жапония» диалогының Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысына қатысуы туралы;

5) Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұловтың Қырғызстанға ресми сапары және Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырыстарына қатысуы туралы.

1) Шетелдік делегациялардың Қазақстанға бірқатар шетелдік сапарлары туралы

Осы апта елімізге шетелдік делегациялардың жоғары деңгейде түрлі сапарларға толы болады деп күтілуде. Атап айтқанда:

- 15-16 мамыр аралығында Нұр-Сұлтан қаласына ресми сапармен Грузияның Премьер-Министрі Мамука Бахтадзе келіп қайтады;

- 14-16 мамыр аралығында Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларына жұмыс сапармен Коммунистік партияның Орталық Комитеті Саяси бюросының тұрақты комитетінің мүшесі, Қытай Мемлекеттік кеңесінің Вице-Премьері Хань Чжэн келіп қайтады.

Жоғары қонақтардың сапарлары аясында мемлекет басшылығымен бірқатар екіжақты кездесулері күтілуде. Оған қоса, Грузия Премьер-Министрі және Қытай Мемлекеттік кеңесі Вице-Премьерінің Нұр-Сұлтан қаласына сапарларының бағдарламасы 12-ші Астана экономикалық форумының ресми ашылу рәсіміне қатысуын көздейді.

2) Қазақстан мен Қытай арасындағы 2-ші өңіраралық ынтымақтастық форумы туралы

14 мамырда Алматыда Қазақстан мен ҚХР арасындағы 2-ші өңіраралық ынтымақтастық форумы өтеді. Іс-шара Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономика, көлік, инвестиция және мәдени-гуманитарлық салалардағы өңіраралық ынтымақтастықтың диалог алаңы болып табылады.

Форумда Қазақстан делегациясын Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов, Қытай тарапын - Мемлекеттік кеңестің Вице-Премьері Хань Чжэн басқарады.

Форум жұмысына еліміздің облыс әкімдіктерінің өкілдері, екі елдің салалық мемлекеттік органдары мен бизнес өкілдері, сондай-ақ, Қытайдың Сычуань, Шэньси Гуанси-Чжуан және Шыңжаң Ұйғыр автономиялық аудандарының басшылығы, Қытайдың бірқатар қалаларының, соның ішінде Қазақстанның логистикалық терминалы орналасқан Ляньюньгань қаласының қала басшылығы қатысады.

Іс-шара аясында пленарлық отырыс, Қазақстанның туристік және экспорттық әлеуеті бойынша 2 тақырыптық көрме, сондай-ақ индустрияландыру, инвестициялар, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика тақырыптары жөнінде 3 пленарлық сессияның өткізілуі жоспарлануда.

Айта кетерлік жайт, алдыңғы 1-ші Форум 2017 жылдың қыркүйегінде Наньнин қаласында өткен болатын.

3) Кипр Сыртқы істер министрінің Қазақстанға ресми сапары туралы

14-16 мамыр аралығында Кипр Республикасының Сыртқы істер министрі Никос Христодулидистің Қазақстанға ресми сапары өтеді.

Сапар барысында оның Қазақстан Парламент Сенаты мен Мәжілісінің басшылығы, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов, Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов және «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетовпен кездесулері жоспарлануда.

Тараптар саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және инвестициялық салалардағы екіжақты ынтымақтастық мәселелерін және көпжақты дипломатия аспектілерін талқылайды.

Сонымен қатар, сапар барысында Қазақстан мен Кипр үкіметтері арасындағы Табысқа салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы конвенцияға, сондай-ақ Қазақстан мен Кипр Сыртқы істер министрліктері арасындағы Ынтымақтастық және екіжақты саяси консультациялар жөніндегі өзара түсіністік меморандумға қол қоюлуы жоспарланған.

4) Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұловтың Душанбе қаласында өтетін «Орталық Азия + Жапония» диалогының Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысына қатысуы туралы

18 мамырда Душанбеде Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұловтың қатысуымен Орталық Азия елдері мен Жапония сыртқы саяси ведомстволары басшыларының кезекті 7-ші отырысы өтеді.

Кездесу барысында «Орталық Азия + Жапония» диалогына қатысушы елдердің сауда, инвестиция, туризм және өңірлік қауіпсіздік салалардағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланатын болады.

«Орталық Азия + Жапония» диалогы алғаш рет 2004 жылы Жапонияның бастамасымен шақырылған болатын. Бұл форматтағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттары саяси және зияткерлік диалогты, ішкі аймақтық ынтымақтастықты дамыту, бизнесті көтермелеу, мәдени байланыстар мен адами алмасуды қолдау мәселелері кіреді.

Айта кетерлік жайт, бұл форматтағы диалог алғаш рет 2004 жылы Нұр-Сұлтан қаласында өткен болатын.

5) Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұловтың Қырғызстанға ресми сапары және Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырыстарына қатысу туралы

Тәжікстанға сапардан кейін Бейбіт Атамқұловтың Орталық Азия елдері бойынша сапары Қырғызстанда жалғасын табады. 19-20 мамыр аралығында оның Бішкекке ресми сапары өтеді.

Сапар барысында екі елдің сыртқы саяси ведомстволары басшыларының 2019-2020 жылдарға арналған Қазақстан мен Қырғызстанның Сыртқы істер министрлігі арасындағы ынтымақтастық бағдарламасына қол қоюы жоспарланған.

Ресми сапар бағадарламасы аяқталғаннан соң, Бейбіт Атамқұлов 22 мамырда Бішкек қаласында өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сыртқы істер министрлерінің отырыстарына қатысады.

Қосылған : 13.05.2019, 17:20, Өзгертілген : 13.05.2018, 17:20