Каир университетінде қазақ тілінің оқытылуы басталды

КАИР, 2019 жылғы 19 наурыз - Ұлыстың Ұлы күні «Наурыз» мерекесінің қарсаңында көне Каир университетінің Әдебиет факультетінде «қазақ тілі» мамандығының ресми ашылу салтанаты өтті.

Ағымдағы оқу жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде араб әлемінде тұңғыш рет жеке пән ретінде оқытыла бастаған қазақ тілінің ашық сабағына Қазақстанның Мысырдағы Елшісі Арман Исағалиев, Каир университеті Әдебиет факультетінің деканы А.әш-Ширбини, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Шығыстану факультетінің деканы Ы.Палтөре, қазақстандық және мысырлық ғалымдар мен профессорлар, студенттер және қазақ диаспорасының белсенділері қатысты.

Елші тыңдаушыларға Қазақстанның Конституциясына сәйкес қазақ тілінің мемлекеттік тіл екенін және бұл тілде 21 миллионға жуық халық сөйлейтінін атап өтті. Сонымен қатар, әлемде кеңінен таралған 40 тілдің қатарына кіретін қазақ тілі ең көне, әрі өзінің сөздік құрамын сақтаған тіл болып табылатыны жеткізілді. «Алтай» тілдері семьясына жататын тіліміздің араб тілімен сабақтастығы туралы да айтылды. Атай айтқанда, орта ғасырлардағы ислам өркениетінің алтын кезеңі уақытында араб тілінен қазақ тіліне 1,5 мыңға жуық сөз кірген, әсіресе ғылым мен білімге қатысты сөздердің көпшілігі араб түбірлі болып табылады. Сондықтан, бұл жайт араб халықтарына қазақ тілін үйренуді едәуір жеңілдетеді.

Каир университеті мен Қазақ ұлттық университетінің өкілдері «қазақ тілі» мамандығын таңдаған студенттерге барша қолдау көрсетуге уәде етті.

Мысырлықтарға қазақ тілінен дәріс беріп жүрген «Әл-Азһар» университетінің түлегі Рабиға Төлебайдың ұйымдастыруымен ашық сабақ аясында мысырлық студенттер Қазақстан Республикасының Әнұранын орындап, Абайдың өлеңдерін оқып берді. Сонымен қатар, олар халқымыздың салт-дәстүріне қатысты қазақ және араб тілдерінде түрлі қойылымдар қойып, қатысушыларды таң қалдырды.

Соңғы кездерде Мысырда қазақ тіліне деген сұраныстың артуына еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы, сенімді серіктес ретіндегі халықаралық сахнадағы рөлі және Қазақстаннан мысырлық жағажайларға келетін туристердің санының артуы себеп болып отыр. Туризм саласындағы мамандар қазіргі кезде Мысырда қазақ тілінде қызмет көрсететін туристік жолбасшылар мен операторлардың жоқтың қасы деп шағымдануда.

1908 жылы құрылған Каир университеті Таяу Шығыста «әл-Азһар» университетінен кейін ең ірі жоғары оқу орны болып табылады. Қазіргі уақытта университетте барлық салаларды қамтитын 20 факультет, 10 ғылыми зерттеу институты, 1 обсерватория, 2 аурухана, 10 медициналық орталық қызмет көрсетеді. Бұл жоғарғы оқу орнында 170 мыңнан астам студент оқиды, оның 3 мыңы - шетелдік студенттер.

Каир университеті кейбір мамандықтар бойынша әлемдік рейтингтерде алдыңғы орындарды алады. Университет түлектерінің ішінде Нобель сыйлығының лауреаттары жазушы Нагиб Махфуз, саяси қайраткерлер Ясир Арафат, Мұхаммед әл-Барадеи, сондай-ақ белгілі саясаткерлер мен ғалымдар бар.

Қосылған : 20.03.2019, 13:05, Өзгертілген : 20.03.2019, 13:05