Қазақстан Республикасының электрондық визасы

2019 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасында шетелдіктерге бір мәртелі визаны электрондық формата беру ресімінің пилоттық жобасы енгізілді.

Электрондық виза (іскерлік, туристік және емделу үшін санаттары) Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің көші-қон қызметі бөлімшелерінде белгіленген тәртіппен ресімделген қазақстандық тараптың шақыруы негізінде беріледі.

Анықтама: «Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасына келуіне шақыруларын ресімдеу, шақыруларын келісу, Қазақстан Республикасының визаларын беру, күшін жою, қалпына келтіру, сондай-ақ олардың қолданылу мерзімдерін ұзарту және қысқарту қағидаларын бекіту туралы» ҚР СІМ 2016 жылғы 24 қарашадағы № 11-1-2/555 және ҚР ІІМ 2016 жылғы 28 қарашадағы № 1100 бірлескен бұйрығы.

Туристік электрондық визалар 117 елдің, іскерлік және емделу үшін – 23 елдің азаматтарына беріледі (тізім қоса беріледі).

Туристік мақсатпен келетін бір мәртелі виза (В12 санаты) Қазақстан Республикасында 30 күннен аспайтын мерзім болу құқығымен 90 күнге дейін беріледі.

Іскерлік сапарға арналған виза (В1 санаты) Қазақстан Республикасында 60 күннен аспайтын мерзім болу құқығымен 90 күнге дейін беріледі.

Іскерлік сапарға арналған визалар (В2-В3 санаттары) Қазақстан Республикасында 30 күннен аспайтын мерзім болу құқығымен 90 күнге дейін беріледі.

Емделуге арналған виза (C12 санаты) Қазақстан Республикасында 90 күннен аспайтын мерзім болу құқығымен 180 күнге дейін беріледі.

Шетелдіктер жарамды электрондық визамен тек Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы халықаралық әуежайлардың бақылау пункттері арқылы Қазақстан Республикасының аумағына кіреді және шығады.

Электрондық виза Визалық және көші-қон порталы арқылы ресімделеді (www.vmp.gov.kz).

Электрондық виза тек визаны алушы үшін ғана жарамды, онымен бірге жүрген тұлғаларға қолданылмайды және ұзартуға жатпайды. Жол жүру құжатын (паспортты) ауыстырған кезде электрондық визаны қайтадан алу қажет.

Төленген консулдық алымдар қайтарылмайды.

Бір мәртелі туристік виза үшін консулдық алым 60 АҚШ долларын, іскерлік мен емделу визалары үшін - 80 АҚШ долларын құрайды.

Виза алушының ұсынған паспорты келесі өлшемдерге сай келуі тиіс:

1) түпнұсқалығына және иесінікі екендігіне күмән келтірмеуге, белгілер, ескертпелер, жазбалар, өшірулер мен түзетулер, жыртылған немесе тігілген беттері болмауы тиіс;

2) кемінде 2 таза бет болуы тиіс;

3) қолданылу мерзімі сұратылған визаның қолданылу мерзімі аяқталу күнінен бастап 3 айдан бұрын аяқталмауы тиіс;

4) қолдану мерзімін ұзарту туралы белгілер болмауы тиіс.

Ресімделген электрондық визада және шетел азаматының жеке басын куәландыратын жол жүру құжатында ақпараттың сәйкес келмеуі анықталса, электрондық виза жарамсыз деп танылады және Қазақстан Республикасына кіруден бас тартуға себеп болуы мүмкін.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасынан өту және елде болу кезiнде шетел азаматтың жарамды жол жүру құжаты (паспорт) және баспа түрiндегi электрондық визасы болуы керек.

Электрондық визасы бар шетел азаматтары көші-қон қызметі органдарында тіркеуден босатылады.


Визалық және көші-қон портал

(қолдану бойынша нұсқаулық)

- электрондық визаны алу үшін шетел азаматқа веб-порталда тіркелу қажет (www.vmp.gov.kz);

- «электрондық виза» бөліміне кіру және шақырудың болуын растау;

- электрондық визаны алу талаптарымен танысу;

- шақыру нөмірін (көші-қон органдарынан алынған Қазақстан Республикасындағы шақырушы тараппен жіберіледі) және қажетті паспорт деректерін енгізу;

- шақыру расталғаннан кейін, электронды визадағы және жеке басын куәландыратын жол жүру құжатындағы ақпараттың сәйкестігін тексеру және растау;

- консулдық алымды онлайн төлеу (төлеуден кейін Визалық және көші-қон порталдың жеке кабинетіне оралу маңызды);

- электрондық визаны басып шығару (виза жеке кабинетте қалыптасады);

- Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы халықаралық әуежайларында паспорттық бақылаудан өту кезінде басып шығарған электрондық визаны ұсыну қажет.

Қосымша 1

Қосымша 2

Қосылған : 3.01.2019, 18:20, Өзгертілген : 2.05.2019, 18:20