Қазақстан мен Жапония Астанада халықты қоныстандыру және дамыту мәселелерін талқылайды

Қазақстанның Жапониядағы Елшісі Ерлан Баударбек-Қожатаев Халықты қоныстандыру және дамыту жөніндегі Азиялық ассоциациясы басқармасының Төрағасы – Жапонияның бұрынғы Премьер-министрі Ясуо Фукудамен оның Қазақстанға жасалатын сапарын талқылау мақсатында кездесу өткізді.

Сұхбат барысында жапондық саясаткер ел халқының санын ұлғайтуға және әл-ауқатын жоғарылатуға негіз болған Қазақстанның экономикалық саясатын жоғары бағалады. Бұған қоса, ол жаһандық гендерлік теңдік рейтингідегі Қазақстанның жоғарғы орнын атап өтіп, еліміздің сәтті гендерлік саясатына назар аударды.

Я.Фукуда ағымдағы жылы 19-20 қазанда Астанада өткізілуі жоспарланған «Жастарға инвестиция жасау» атты халықаралық конференцияға қатысып, баяндама жасайды. Я. Фукуда басқарып отырған ассоциация ҚР Парламенті Мәжілісімен және БҰҰ Халықты қоныстандыру жөніндегі қорымен бірге іс-шараның тең ұйымдастырушысы болып табылады.

Я.Фукуданың пікірінше, аталған конференция халықты қоныстандыру және дамыту мәселелері бойынша тәжірибемен алмасуға, әйелдер мен жастардың құқықтарын қорғауға және репродуктивті денсаулықты сақтау жөніндегі ортақ стратегияны әзірлеуге, сондай-ақ 50-ден астам мемлекеттің парламентшілері арасындағы диалогты дамытуға арналған маңызды алаң болады.

Өз кезегінде, Елші Е. Баударбек-Қожатаев Қазақстанның дамуының негізгі бағыттары және Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық бастамалары, оның ішінде «Астана» Халықаралық қаржы орталығының ашылуы, Орталық Азия мемлекеттері басшылары Саммитінің өткізілуі және Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі бойынша Конвенцияның қол қойылуы туралы хабардар етті.

Халықты қоныстандыру және дамыту жөніндегі Азиялық ассоциациясы 1982 жылы Жапония Үкіметінің бастамасымен құрылған. Қауымдастықтың негізгі мақсаттары халықтың тұрмыс деңгейін және әл-ауқатын арттыру бойынша бастамаларды ілегірілету, сондай-ақ Азия елдеріндегі халықты қоныстандыру және репродуктивті денсаулық саласындағы бағдарламаларды іске асыру болып табылады.

Қосылған : 5.09.2018, 10:00, Өзгертілген : 5.09.2018, 10:05