ИЫҰ СІМ басшылары Астанада өтетін Ғылым және технологиялар жөніндегі тұңғыш саммитін өткізуді құптайды

Қазақстан Республикасы Президентінің Арнайы өкілі және сыртқы істер министрінің орынбасары Ақылбек Қамалдинов бастаған еліміздің ресми делегациясы 2017 жылғы 9-11 шілдеде Абиджанда (Кот-д'Ивуар Республикасы) өткен Ислам ынтымақтастығы Ұйымының (ИЫҰ) елдері Сыртқы істер министрлері кеңесінің 44-ші отырысына қатысты.

Жоғары дәрежелі форумның жұмысына ИЫҰ-ға мүше мемлекеттер мен байқаушы елдердің ресми делегациялары, сондай-ақ Ұйым жүйесіне кіретін 30 негізгі институттардың бірінші басшылары қатысты. Отырыс шеңберінде 100-ден астам саяси және басқа да салаларды қамтыған қарар қабылданды. Олардың ішінде ядролық қарусыздану мен ядролық қару-жарақтың таралуына жол бермеу, дінаралық келістігі, азық-түлік қауіпсіздігі және Семей полигоны мен Арал теңізіне қатысты экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған халықаралық күш-жігерлерге еліміздің барынша қолдауын көрсетуді көздейтін Қазақстан бастамасымен қабылданған бірнеше қарарлар да бар.

Министрлер отырысында сөз сөйлеген Қазақстан делегациясының басшысы оның қатысушыларын еліміздің бұдан бұрын жария етілген және Ислам Үмбетінің толық қолдауына ие болған бірқатар аса маңызды халықаралық бастамалардың іске асырылу барысы туралы хабардар етті.

Оған қоса, қазақстандық дипломат өз сөзінде Ислам әлемі басшыларының 2017 жылғы 10-11 қыркүйекте Астанада өткізу жоспарланған әрі ИЫҰ тарихында тұңғыш рет өткелі отырған ғылым және технологиялар мәселелеріне арналған Саммитке қатысуы қаншалықты маңызды екеніне ерекше тоқталды. ИЫҰ мүше мемлекеттері Қазақстан Президенті тарихта бірінші рет өткелі отырған ғылыми-технологиялық саммитті шақыру бастамасын жоғары бағалады. Ең жоғары деңгейде өтетін бұл жиын заманауи сын-қатерлерге төтеп берудің пәрменді тетігі ретінде Ислам әлемінде ғылыми-технологиялық жаңғырту және білім беруді дамыту бойынша стратегия әзірлеуді мақсат етпекші.

Отырыс шеңберінде қазақстандық делегация Астана саммитіне және «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесіне арналған арнайы тұсаукесер өткізіп, делегацияларды бұл іс-шаралардың түпкі мақсаттары мен міндеттері туралы таныстырды.

Министрлік кеңісі шеңберінде А. Қамалдиновті қабылдаған Кот-д'Ивуар Республикасының Президенті Алассан Драман Уаттара әңгіме барысында өзінің Астана саммитіне қатысатынын растады. Жалпы алғанда, 32 делегация басшыларымен, олардың ішінде 21 сыртқы істер министрмен екіжақты кездесулерді өткізген қазақстандық делегация Астана саммитін ең жоғары деңгейде өткізу мәселесін кеңінен талқылады.

Ислам даму банкі басшысы да Астана саммитіне келуге ниетін білдіргеніне және оның жұмысына белсенді қатысу ниетіне орай, Қазақстанның бұл ИЫҰ-ның беделді қаржы ұйымымен ынтымақтастығы мәселелері назар аударуға тұрарлық.

Анықтама: 1969 жылғы 25 қыркүйекте Рабат қаласында жиналған мұсылман елдерінің басшылары конференциясында негізі қаланған Ислам ынтымақтастығы ұйымы Ислам әлемінің ең ірі әрі беделді ұйымы болып танылады. Бүгінгі күні 56 мүше елі бар ИЫҰ өңірінде 1,5 млрд. жуық адам тұрады. 1995 жылдан бері Қазақстан ИЫҰ-ның толық мүшесі. Ұйымның өзі еліміздің Ислам әлеміне жататын әріптестерімізбен өзара ынтымақтастық мәселелерін дамытуға жағдай жасайтын маңызы зор басқосу орны болып табылады. ИЫҰ елдері Сыртқы істер министрлері кеңесінің 38-ші сессиясында төрағалық еткен Қазақстан Республикасы бас-пәтері Астанада орналасатын Азық-түлік қауіпсіздік мәселелері жөніндегі ислам ұйымын құру бастамасын ұсынған болатын.

Қосылған : 12.07.2017, 18:20, Өзгертілген : 12.07.2017, 18:20