​БҰҰ Бас Ассамблеясы Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдар күнін жоғары деңгейде атап өтті

НЬЮ-ЙОРК, 2018 жылғы 6 қыркүйек, - БҰҰ Бас Ассамблеясы Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдар күнін жоғары деңгейдегі ресми пленарлық отырыс форматында алғашқы рет аталып өтті. Қазақстандық суретші, активист, АТОМ жобасының Құрметті елшісі Кәріпбек Күйіков отырыстың арнайы қонағы болды.

К. Күйіков БҰҰ мінберінен сөйлеген сөзін «Мен ядролық қарудан зардап шеккен және сынақтардан құрбан болған барлық тұлғалардың атынан сөз қозғаймын. Бүгін естігеніңіздің барлығы ядролық сынақтардың бүкіл қасіреттері мен ауырсынуын бастан өткерген Қазақстанның ащы тәжірибесінің тағы бір еске салуы болады», – деп бастады К. Күйіков өз сөзін БҰҰ бас мінбесінен. Ол өз ғұмыр жолының тарихын баяндап, өмірінің 25 жылын «қылқаламды тістерімен немесе аяқтарымен ұстай отырып» сүрет салу арқылы ядролық қарусыз әлем үшін күресуге арнағанын атап өтті.

Қазақстандық активист Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы шешімі бүкіл әлемге Қазақстан таңдаған бейбітшілік пен ізгілік жолын көрсетті және басқа елдерге лайықты үлгі болғанына назар аударды. Ол нақты сегіз мемлекеттің - Мысыр, Үндістан, Иран, Израиль, КХДР, Қытай, Пәкістан және АҚШ тиісті қадамдарына байланысты Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт өз күшіне енетіне орай, оларға табанды талаппен ЯСЖТШ-қа қол қоюға және ратификациялауға шақырды. «Сіздер әлемді одан әрі жақсартып, өзгертетін уақыт келді», - деп мәлімдеді К. Күйіков.

БҰҰ Бас Ассамблеясының төрағасы Мирослав Лайчак өткізген отырыс барысында БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш, Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт ұйымының атқарушы хатшысы Лассина Зербо, сондай-ақ 27 мемлекет және өңірлік топтардың өкілдері сөз сөйледі.

«Бүгін біз Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдар күнін атап өту үшін жиналдық. Біз бұндайды көп рет өткіздік. Бірақ бүгін біз бірінші рет жоғары деңгейдегі ресми отырыс форматында кездесіп отырмыз. Біз Қазақстанға күш-жігері үшін және осы отырыс үшін алғысымызды білдіруіміз тиіс», - деп мәлімдеді М. Лайчак БҰҰ Бас Ассамблеясы отырысының ашылуында.

БҰҰ Бас хатшысы А. Гутерриш өз сөзінде кең ауқымды ядролық сынақтардың апаттық дәуірі құрбандарын ұмытпауға шақырды. Ол «2000-нан астам ядролық сынақтардың салдарын әлемнің көптеген өңірлерінің адамдары – Семей мен Қазақстанның дала тұрғандарынан бастап Тынық мұхитының оңтүстік жағындағы аралдары мен Аустралияның оңтүстігіндегі Маралинга-Тьярутьяда тұратын адамдар бастарынан кешіп жатқанын» атап өтті. Бас хатшы ЯСЖТШ дереу күшіне ену үшін барлық күш-жігерді салу қажеттілігіне назар аударды. Бұл құжат жаппай жою қаруды таратпау жөнiндегi мiндеттемелерiне қайшы келетін, ядролық қаруды жасауға, өндiруге және қолдануға немесе оларды иеленуге ұмтылатын мемлекеттер үшiн айтарлықтай кедергi болып табылатыны атап өтілді.

Отырыстың басқа қатысушылары, Қазақстанға ядролық қаруды таратпау саласындағы жетекші рөлі үшін алғысын білдіре отырып, бұл мәселені халықаралық қоғамдастықтың басты назарында үнемі ұстап тұрудың қағидатты маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, ядролық қарудан азат әлем құру үшін ядролық сынақтарға жедел түрде тыйым салу шараларына айрықша назар аударылды.

Қазақстанның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Қайрат Омаров өз сөзінде Қазақстанның ядролық тарихының қайғылы беттерін ядролық қару мен олардың салдары адамзаттың игілікті әрі қауіпсіз болашағымен үйлесімсіздігінің жарқын мысалына теңеді. «Дүниежүзілік қауымдастықтың басым көпшілігі Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шартқа қол қою және ратификациялау арқылы сенімділік пен ізгілік амалдарын таныта білді. Осындай игілікті әрекеттер мен осындай сенімді нығайту шаралар әлемді ядролық сынақтардың қауіп-қатерінен түпкiлiктi құтқаруға мүмкіндігі бар қалған азшылықтан талап етілуде», - деді Қазақстан елшісі.

Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдар күні 2010 жылдан бастап аталып келеді. Бұл күн Қазақстанның бастамасы бойынша 2009 жылдың желтоқсанында БҰҰ Бас Ассамблеясының 64/35 қарарымен қабылданған.

2017 жылғы желтоқсанда қабылданған қарарға сәйкес, аталған күнді Бас Ассамблеяның жоғары деңгейдегі ресми отырыстары форматында атап өту мүмкіндігі бекітілген.

Қосылған : 7.09.2018, 10:00, Өзгертілген : 7.09.2018, 10:00