Бразилия Конгресінің депутаттары Қазақстанмен белсенді өзара ықпалдастықты дамытуға мүдделі

БРАЗИЛИА, 2019 жылғы 14 тамыз – Бразилия Ұлттық конгресінің Депутаттар палатасындағы «Бразилия – Қазақстан» парламенттік достық тобының алғашқы отырысы Төменгі палатадағы үкіметтің вице-көшбасшысы, депутат Клаудио Кажадуның төрағалығымен Қазақстанның Елшілігінде өтті. Сонымен қатар, іс-шараға топ Төрағасының Бірінші орынбасары депутат Анжела Амин, депутаттар Жервазио Майя, Жоао Рома, Леур Ломанто Жуниор, Херкулано Пассос және парламенттік топтың басқа да мүшелері, іскерлік топ өкілдері қатысты.

Іс-шара қонақтарын қарсы ала отырып, Қазақстанның елшісі Қайрат Саржанов парламентаралық диалог екіжақты ынтымақтастықты дамытуда өте маңызды рөл ойнайтынын баса айтты. Оның паймдауынша, парламент желісі аясындағы серпінді байланыстар саяси ынтымақтастықты ілгерілетуге және мемлекеттің сыртқы саяси бастамаларын іске асыруға, экономикалық өзара ықпалдастық пен мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға мүмкіндік береді. 

Қазақстандық дипломат, отырыс қатысушыларына екі ел арасындағы өзара ықпалдастықтың ағымдағы ахуалы туралы баяндап, Қазақстанның Бразилиямен  жылдан жылға оң даму динамикасын ұлғайтып, ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін ашатын достық және өзара сенімге негізделген серіктестік қарым-қатынасын жоғары бағалайтынын атап өтті. Атап айтқанда, соңғы жылдары ауыл шаруашылығы, энергетика, авиация және ғарыш салаларындағы өзара ықпалдастық нығая түсіп келе жатқанына назар аударылды. Қазақстан Парламентінің Мәжілісінде Бразилиямен ынтымақтастық бойынша парламенттік топтың құрамымен таныстырып, елші достық топтың кездесулері бұдан былай жүйелі түрде өтіп түратынына сенім білдіріп, депутаттарды Қазақстанға сапар жасауға шақырды.

Депутат Клаудио Кажаду, 2015 жылдың желтоқсан айында Қазақстанға жасаған сапарын жылы лебізбен есіне түсіріп, соңғы жылдары Қазақстан мен Бразилия арасындағы серіктестіктің дамуы сапалы түрде ілгерілеп келе жатқанымен келісті. Екі ел парламенттерінің төменгі палаталары арасындағы байланыстардың нығаюуы сындарлы диалогты сақтауға бар мүмкіндік жасауы тиіс.

«Қазақстан елшілігіне екіжақты ынтымақтастықтың жетістіктері мен одан әрі өзара ықпалдастықтың перспективалары туралы баяндағаны үшін алғысымды білдіремін.Елдеріміз арасында табысты серіктестікті дамыту үшін едәуір әлеует бар екені сөзсіз. Біз, депутаттар, оны одан әрі нығайту үшін бар күш-жігерімізді саламыз», - деп қорытындылады парламенттік достық топтың басшысы.

Талқылау шеңберінде парламенттік топтың мүшелері парламентаралық диалогты және жалпы екіжақты ынтымақтастықты ілгерілету мақсатында бірлескен бастамаларды іске асыруға әзір екендіктерін растады.

Бразилия Ұлттық конгресінің Депутаттар палатасындағы «Бразилия – Қазақстан» парламенттік достық тобы 2017 жылғы 7 желтоқсанда құрылған. Топтың құрамына 19 депутат кіреді. Топтың төрағасы Баия штатынан Бразилияның Прогрессистік партиясының өкілі, депутат Клаудио Кажаду болып табылады.

Қосылған : 14.08.2019, 11:45, Өзгертілген : 14.08.2019, 11:45