Орталық Азия мен Еуропалық Одақ жалпы қауіпсіздік мәселелерін шешу жолында диалог пен ынтымақтастықты нығайтуға ниетті - Серіктестер Орталық Азия үшін жаңартылған ЕО Стратегиясын әзірлеу бойынша тығыз диалогты жалғастыруда

Ашхабад, 2018 жылғы 9 шілде - Орталық Азия елдері (ОА), Ауғанстан және Еуропалық Одақ (ЕО) арасындағы өзара тиімді өңіраралық ынтымақтастықты нығайту мақсаттары қазіргі уақытта әзірленіп жатқан Орталық Азия үшін жаңартылған ЕО Стратегиясының негізі болып табылады. Ол өз кезегінде қауіпсіздік саласындағы озық тәжірибе алмасуды, сондай-ақ шекараларды қорғау, терроризм және радикализациямен, есірткінің заңсыз айналымымен қарсы күрес салаларында бірлескен шаралар қолдануды талап етеді. Осы қорытынды бүгін Түркіменстан астанасында өткен Саясат пен қауіпсіздік мәселелері бойынша Еуропалық Одақ және Орталық Азия елдері арасындағы Жоғары деңгейдегі диалогтың (ЖДД) 5-ші отырысының негізгі түйіні болды.

Іс-шараға Сыртқы істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті және Ішкі істер министрлігі өкілдерінен құралған Қазақстан делегациясын Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко бастап барды. Аймақ елдері Түркіменстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Ауғанстан астаналарынан келген Сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары мен сарапшылары деңгейінде қатысты.

Еуропалық тараптан Еуропалық сыртқы іс-қимылдар қызметінің (ЕСІҚ) Бас Хатшысының орынбасары Жан-Кристоф Бейяр, Еуропалық Одақтың Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Питер Буриан және ЕСІҚ өкілдері қатысты.

Диалог аясында ЕО-ның Орталық Азия бойынша жаңа стратегиясын және ЕО-ның Азия елдерімен экономикалық жұптасуы жөніндегі жаңа Стратегиясын әзірлеу, қоршаған ортаны қорғау, су ресурстарын үнемді пайдалану, сондай-ақ Ауғанстанның әлеуметтік-экономикалық қайта қалпына келуі бойынша бірлескен тәсілдер іздеу секілді өңіраралық ынтымақтастық мәселелерінің кең ауқымы қаралды.

Р. Василенко кездесу кезінде сөйлеген сөзінде білім беру, терроризм мен радикализмге қарсы күрес, шекараны нығайту, есірткінің заңсыз айналымына қарсы тұру, сондай-ақ Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыру салаларындағы түрлі бағдарламаларды іске асыру арқылы аймақтың жан-жақты дамуына бағытталған Орталық Азия мен Еуропалық Одақ арасындағы қалыптасқан сындарлы өңіраралық ынтымақтастықтың жоғары деңгейін атап өтті.

Осыған байланысты, қазақстандық делегация басшысы 2007 жылы қабылданған Орталық Азия бойынша ЕО Стратегиясын жаңарту шеңберінде Орталық Азия мен Еуропалық Одақ елдерінің бірлескен жұмысына назар аударды. Келесі жылдың ортасында аяқталуы жоспарланған құжатты жаңарту процесі Орталық Азия республикаларының Еуроодақпен қарым-қатынастарының қазіргі қалпын және стратегиялық әріптестік деңгейін ескеретін ең алдымен аймақ пен Еуропалық елдер және институттар арасындағы саяси, экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған.

Р.Василенко өз сөзінде «Қазақстан келешек Стратегияның аймақ елдерінің Еуропалық Одақпен стратегиялық әрекеттестігінің жаңа бастауышына айналатынына сенімді», - деп мәлімдеді. Осы орайда, Еуропалық Одақпен болашақ ынтымақтастық бағдарламаларын тиімді жүзеге асыруға бағытталған қазақстандық бірқатар бастамалары атап өтілді. Соның ішінде бизнес және әлеуметтік жобаларды ілгерілетуге арналған ынтымақтастықтың түрлі платформаларын «виртуалдық институттандыруға» мүмкіндік беретін бірыңғай көпфункционалды онлайн порталын іске қосу ұсынылды.

ЖДД барысында ерекше назар Орталық Азия шекарасындағы қауіпсіздікті нығайтуға зор үлес қосқан ВОМСА (Орталық Азиядағы шекараларды басқару бағдарламасы) және CADAP (Орталық Азияда есірткі таралуының алдын алу бағдарламасы) секілді еуропалық бағдарламалары шеңберінде ынтымақтастықты тереңдетуге аударылды.

Осы бағдарламалардың бірінші фазалары 2000-шы жылдардың басында жүзеге асырылды. Содан бері олар Орталық Азия елдерінің басты әріптестерінің біріне айналды. BOMCA бағдарламасының жүзеге асырылу кезеңінде барлығы 40,1 млн. еуро, ал CADAP бағдарламасы шеңберінде – 20,7 млн. еуро бөлінді. Қаражаттар Орталық Азия елдерінің тиісті салаларда мониторинг жүргізу, алдын-алу шараларын қолға алу және құқық қорғау құрылымдарының әлеуетін күшейтуге бағытталған жобаларға жұмсалған.

Ауғанстан делегациясының ЖДД-ға қатысуы әлеуметтік-экономикалық және саяси тұрғыдан Орталық Азия өңіріндегі жағдайға шолу жасау және Ауғанстанның қауіпсіздік саласында әлеуетін дамытуға және нығайтуға бағытталған ынтымақтастықтың ықтимал жолдарын қарастырға мүмкінді берді. Осы орайда, қазақстандық тарап кибер қауіпсіздік, шекара қауіпсіздігі және экономикалық әрекеттестік мәселелері бойынша Орталық Азия елдерінің, ЕО және Ауғанстан профильдіксарапшыларының қатысуымен ЖДД аясында тақырыптық семинарлар ұйымдастыруды ұсынды.

Осы тұрғыда бірқатар делегациялар Астанада 15-ші наурызда өткен Орталық Азия мемлекеттері басшыларының бірінші жұмыс консультативтік кездесуін ерекше атап өтті. Қатысушылар Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев ұсынған және Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен ұйымдастырылған Астанада өткен кездесу өңірлік ынтымақтастық үдерісінің дамуына маңызды ықпал жасады деген ортақ пікірге келді.

Қалыптасқан тәжірибеге сәйкес, Ашхабадта өткен ЖДД отырысына кейінде Самарқанд және Ташкентте өткен «ЕО-Орталық Азия» форматындағы сыртқы істер министрлерінің жыл сайынғы кездесулер, сондай-ақ диалогтың алдыңғы сессиялары барысында қол жеткізілген саяси келісімдер мен уағдаластықтар арқау болды. Сонымен қатар, отырыстың күн тәртібіне сәйкес кездесу барысында Орталық Азия мен Еуропалық Одақ елдерінің сыртқы істер министрліктерінің өңіраралық ынтымақтастықты жетілдіру бойынша жыл бойы атқарған жұмысының нәтижелері де қаралды. Осы мәселелер Брюссельде 23 қарашада жоспарланған «ЕО-Орталық Азия» министрлік кездесуі барысында егжей-тегжейлі қарастырылуы көзделген.

Сонымен қатар, ЖДД отырысы аясында Қазақстан мен Еуропалық Одақ делегацияларының кездесуі өтті. Сұхбат барысында тараптар Астана мен Брюссель арасындағы қарым-қатынастардың стратегиялық сипатын атай келе, Ауғанстанның орнықты дамуын қамтамасыз ету және тұрақтандыру бойынша халықаралық ынталар тұрғысында ынтымақтастық мәселелері, Орталық Азия бойынша ЕО стратегиясын жаңарту процесі, сондай-ақ басқа да өзекті халықаралық мәселелер талқыланды. Кездесу барысында ЕСІҚ басшылығы Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың халықаралық бастамаларына және еліміздің 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі мүшесі ретіндегі белсенді қызметіне жоғары баға берді.

Қосылған : 9.07.2018, 21:30, Өзгертілген : 9.07.2018, 21:30