​Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі А.С. Смадияровтың брифингі, Нұр-Сұлтан, 2019 жылғы 1 сәуір

Мазмұны:

1) Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресей Федерациясына ресми сапары туралы;

2) Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұловтың ТМД-ға мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысына қатысуы туралы;

3) Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының қазіргі Төрағасы, Словакияның Сыртқы және Еуропа істері жөніндегі министрінің Қазақстанға сапары туралы;

4) Лиссабонда өтетін Қазақстан мен Португалия сыртқы істер министрліктері арасындағы саяси консультациялар туралы;

5) «Дипломатия жаршысы» журналының кезекті нөмірінің шығарылымы туралы;

6) Қазақстан мен Испания арасындағы кезекті саяси консультациялар шеңберінде қолжеткізілген уағдаластықтар туралы.

1) Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресей Федерациясына ресми сапары туралы

3 сәуірде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясына ресми сапармен барады. Мәскеуге сапар Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мемлекет басшысы ретінде алғашқы шетелдік сапары болмақ.

Сапар бағдарламасының негізгі тармағы Ресей Президенті Владимир Путинмен өткізілетін келіссөздер болып табылады. Екі елдің көшбасшылары кездесуінің күн тәртібі саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастық мәселелерін, сондай-ақ өңірлік және халықаралық тақырыптағы өзекті мәселелерді қамтиды.

Сапар шеңберінде бірқатар екіжақты құжаттарға қол қою жоспарланған.

2) Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұловтың ТМД-ға мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысына қатысуы туралы

5 сәуірде Мәскеуде Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов Түркіменстанның төрағалығымен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Сыртқы істер министрлері кеңесінің кезекті отырысына қатысады.

Іс-шара аясында ТМД-ға қатысушы мемлекеттер сыртқы саяси ведомстволарының басшылары халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі кең ауқымды мәселелерді, Достастық аясындағы ынтымақтастықты дамыту, соның ішінде ғылыми-зерттеу және гуманитарлық салалардағы өзара іс-қимылды одан әрі нығайту мәселелерін талқылайды.

Отырыс қорытындысы бойынша ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің сыртқы саяси ведомстволары арасындағы әріптестікті жандандыру жөніндегі іс-қимыл бағдарламасы және 2019 жылға арналған ТМД шеңберіндегі көп деңгейлі сыртқы саяси консультациялардың жоспары қабылданады деп күтілуде.

Отырыс барысында сондай-ақ іргелі зерттеулер саласындағы мемлекетаралық қатынастарды үйлестіру туралы, Мұражай ісі саласындағы ынтымақтастық жөнінде халықаралық шарттардың жобалары, сондай-ақ ТМД жоғары органдарының-мемлекет басшылары кеңесінің және Үкімет басшылары Кеңесінің отырыстарының қарауына енгізілетін бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазалардың орындалуын беру туралы Конвенцияның жобалары қаралатын болады.

Сыртқы саяси ведомстволардың басшылары сондай-ақ 1941-1945 жылғы Ұлы Отан соғысының әскери жерлеу орындары мен әскери ескерткіштерді сақтау және тиісті күту қажеттілігі туралы өтінішті, сондай-ақ екінші дүниежүзілік соғыс басталуының 80 жылдығына орай ТМД-ға қатысушы мемлекеттер басшыларының мәлімдемесі жобасының мәтінін қарайды деп күтілуде.

Сонымен қатар, отырыс қарсаңында 4 сәуірде Ресей мен Орталық Азия елдерінің сыртқы саяси ведомствовалары басшыларының қатысуымен бейресми кездесу жоспарлануда.

3) Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының қазіргі Төрағасы, Словакияның Сыртқы және Еуропа істері жөніндегі министрінің Қазақстанға сапары туралы

7-8 сәуірде Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының қазіргі Төрағасы, Словакияның Сыртқы және Еуропа істері жөніндегі министрі Мирослав Лайчактың Қазақстанға жұмыс сапары жоспарлануда.

Сапар шеңберінде Мирослав Лайчактың Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, сондай-ақ Парламент Сенатының Төрағасы Дариға Назарбаева және Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұловпен кездесулері күтілуде.

Тараптар Қазақстан мен Словакия екіжақты ынтымақтастығы мен Қазақстан мен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы арасында өзара әрекеттесудің қазіргі жағдайы мен перспективаларын, сондай-ақ еліміздің жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша халықаралық бастамаларын талқыға салады.

4) Лиссабонда өтетін Қазақстан мен Португалия сыртқы істер министрліктері арасындағы саяси консультациялар туралы

Бүгін Лиссабон қаласында Қазақстан және Португалия сыртқы істер министрліктері арасындағы кезекті саяси консультациялар өтуде. Қазақстан делегациясын Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко, ал португал тарапын Сыртқы істер министрлігінің Сыртқы саясат жөніндегі бас директоры Педру Кошта Перейро басқарып отыр.

Кездесудің күн тәртібінде саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы Қазақстан-Португалия ынтымақтастығы мәселелері қаралады.

Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімді тиімді іске асыруға, сондай ақ тараптардың Орталық Азия – Еуропалық Одақ форматындағы өзара іс қимылына негізгі назар аударылады.

Консультациялар шеңберінде халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер, сондай-ақ халықаралық ұйымдар аясындағы өзара іс-қимыл, оның ішінде Ауғанстанды тұрақтандыруға жәрдем көрсету жөніндегі күш-жігерді үйлестіру мәселелері қарастырылады.

5) «Дипломатия жаршысы» журналының кезекті нөмірінің шығарылымы туралы

Бүгін 2019 жылы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде шығарылатын Сыртқы істер министрлігінің «Дипломатия жаршысы» ведомстволық журналының кезекті шығарылымы жарыққа шықты.

Журналда маңызды халықаралық оқиғалар мен іс-шараларды, әсіресе, ел басшылығының қатысуымен өтетін іс-шаралардың талдауына ерекше көңіл бөлінеді. Журнал Қазақстанның ресми пікірімен ғана емес, сонымен қатар саясаткерлер, дипломаттар мен сарапшылардың мақалаларын да қамтиды.

Шығарылымды Сыртқы саяси ведомствосының басшысы Бейбіт Атамқұловтың «Жаңа кезеңдегі Сыртқы істер министрлігі» атты мақаласы ашады.

Нөмірде сонымен қатар, Орталық Азияда, атап айтқанда Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы қатынастарына ерекше назар аударылуда. Сондай-ақ, шығарылымда Өзбекстан Сыртқы істер министрі Абдулазиз Камиловтың аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету контекстінде Нұр-Сұлтан мен Ташкент арасындағы көпжоспарлы ынтымақтастық тақырыбына арналған эксклюзивті мақаласы жарияланды.

Көктемгі шығарылымға экономика мен инвестиция тақырыбы, Қазақстанның Татарстанмен ынтымақтастығы, еліміздің ядролық қарусыздану мен Біріккен Ұлттар Ұйымы бітімгершілік күштеріне қосқан үлесі туралы, сондай-ақ діни саласының дамуы, цифрлық дипломатияның рөлі мен мүмкіндіктері және басқа да тақырыптар туралы жарияланымдар мен сараптамалық пікірлер берілген.

Журналдың электрондық нұсқасы біздің Министрлігіміздің веб-сайтында онлайн арқылы қолжетімді.

6) Қазақстан мен Испания арасындағы кезекті саяси консультациялар шеңберінде қол жеткізілген уағдаластықтар туралы

Бүгінгі брифингіміздің соңында, 29 наурызда Мадрид қаласында өткен Қазақстан мен Испания арасындағы кезекті саяси консультациялар шеңберінде екі елдің авиациялық биліктері арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылып, екі ел арасында тікелей авиарейстерді ашуға құқықтық негіз қалайтын әуе қатынасы туралы үкіметаралық келісімнің мәтіні дәйектелді.

Қол жеткізілген уағдаластықтарға сәйкес екі тараптан тағайындалған авиакомпаниялар әуе кеменің кез келген түрінде аптасына 7-ге жуық тұрақты пассажирлік және құрамдастырылған рейстерді, сондай-ақ 7-ге жуық тұрақты жүк рейстерін орындау құқығына ие болды.

Испания сауда айналымы бойынша Қазақстанның ең ірі 10 сауда серіктестерінің қатарына кіреді. 2018 жылы екіжақты тауар айналымы 20% артып, 2 млрд. доллардан асты. 2005 жылдан бастап 2018 жылдың 3-ші тоқсанына дейін Испаниядан Қазақстанға тікелей инвестициялардың жалпы ағымы 205 млн. АҚШ долларын құрады. Қазақстанда испан капиталы бар 66 кәсіпорын тіркелген. Тікелей әуе қатынасын іске қосу Нұр-Сұлтан мен Мадрид арасындағы жан-жақты ынтымақтастықты дамытуға жаңа серпін бере алатыны анық.

Қосылған : 1.04.2019, 17:00, Өзгертілген : 1.04.2019, 17:00