Алматыда Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы күні аталып өтті

2019 жылғы 28 тамызда Алматы қаласында Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы күніне арналған дөңгелек үстел өтті. Іс-шара Сыртқы істер министрлігінің Алматы қаласындағы өкілдігі, БҰҰ-ның Қазақстандағы ақпараттық бюросы және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен бірлесіп ұйымдастырылды.

Дөңгелек үстел барысында тараптар елдің жас ұрпақтарын белсенді тарту арқылы халықаралық қауіпсіздік мәселелері бойынша диалогты дамыту мүмкіндіктерін талқылады. Ядролық қауіп-қатерден бос әлем - бұл тұрақты дамудың, жаһандық қауіпсіздік пен жердегі тұрақтылықтың сенімді жолы.

Іс-шараға Алматыда тіркелген дипломатиялық миссиялар мен халықаралық ұйымдардың, ғылыми және академиялық қауымдастықтың, жастар ұйымдарының және азаматтық қоғамның өкілдері қатысты.

1991 жылғы 29 тамызда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен әлемдегі ең ірі Семей ядролық полигоны жабылды. Бұл күн Қазақстанның бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясының 64-сессиясында Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні ретінде бекітілді. БҰҰ Бас ассамблеясы БҰҰ-ның, әлем мемлекеттерін, үкіметаралық және үкіметтік емес ұйымдарды жер шарындағы ядролық сынақтарды тоқтатуға күш салуға шақырды.

Қосылған : 29.08.2019, 12:20, Өзгертілген : 29.08.2019, 12:25