Бернде Қазақстанның құқықтық жүйесін жетілдіру бойынша дөңгелек үстел өтті

БЕРН, 2019 жылғы 19-20 наурыз – Құқық саласындағы қазақ-швейцар ынтымақтастығы аясында «100 нақты қадам» жоспарына сәйкес Қазақстанда жүйелі және дәйекті түрде жүзеге асырылудағы құқықтық реформа бойынша дөңгелек үстел өткізілді. Іс-шарада Қазақстан делегациясына Әділет министрінің орынбасары Эльвира Азимова басшылық етті.

Бернге жасалған жұмыс сапары барысында қазақстандық делегация Швейцарияның мүдделі мемлекеттік органдары өкілдерімен және құқық саласындағы сарапшылармен, сондай-ақ Швейцария Парламентінің мүшелерімен кездесулер өткізді.

Дөңгелек үстелдегі қазақстандық сарапшылардың баяндамалары швейцариялық тарапты Қазақстанның қылмыстық заңнамасы мен сот жүйесін одан әрі жетілдіру бойынша жүргізіліп жатқан реформалар мен шаралармен егжей-тегжейлі таныстыруға мүмкіндік берді.

Швейцар тарапы Қазақстанның құқық қорғау жүйесін реформалау саласындағы жетістіктерін жоғары бағалап, қазақстандық тараптың айқын және сенімді диалогқа деген ұмтылысын құптады.

Іс-шара барысында қылмыстық заңнаманы гуманизациялау, қылмыстық процестегі азаматтарды қорғау институтын нығайту, мүлікті қорғауды жақсарту және қылмыстық процесті цифрландыру мәселелері бойынша түбегейлі пікірталас орын алды.

Қосылған : 20.03.2019, 18:00, Өзгертілген : 20.03.2019, 18:00