Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі А.С. Смадияровтың брифингі, Нұр-Сұлтан, 2019 жылғы 4 қараша

Мазмұны:


1) Өзбекстан Олий Мажлис Сенат Төрағасының Қазақстанға сапары туралы;

2) Норвегиямен саяси консультациялар туралы;

3) ҚР-ҚХР ынтымақтастық комитетінің отырысы туралы;

4) «Қазақстан әлем балаларының көзімен» байқауы туралы.


1.      Өзбекстан Олий Мажлис Сенат Төрағасының Қазақстанға сапары туралы


4-5 қарашада Өзбекстан Республикасы Олий Мажлис Сенатының Төрағасы Танзила Нарбаеваның Нұр-Сұлтан қаласына сапары өтеді. Сапар барысында Қазақстан Республикасы жоғары деңгейдегі мемлекет басшылығымен, сондай-ақ Парламент басшылығымен кездесулері жоспарланған. Кездесулер барысында тараптар парламентаралық ынтымақтастықты, «Өзбекстандағы Қазақстан жылы» аясындағы мәдени-гуманитарлық мәселелерді және аймақтың сауда-экономикалық кооперациялық мәселелерін талқылауға ниетті.

Бұл Танзила Нарбаеваның Өзбекстан Республикасының Олий Мажлисі Сенатының Төрағасы ретінде Қазақстанға алғашқы сапары болып табылады.


2.      Норвегиямен саяси консультациялар туралы


7 қарашада Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстандық-норвегиялық саяси консультациялардың кезекті раунды өтеді. Қазақстандық тарапты Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко, ал норвегиялық тарапты – Норвегия Сыртқы істер министрлігінің Мемлекеттік хатшысы Аудюн Халворсен бастайтын болады.

Тараптар екіжақты Қазақстан-норвегиялық қарым-қатынастардың жай-күйін, екіжақты және көпжақты форматтар шеңберінде алдағы жылға арналған жоспарларды талқылап, өзекті халықаралық күн тәртібіндегі ұстанымдар бойынша пікір алмасады деп күтілуде.

Соңғы уақытта мұнай-газ, көлік-логистика салаларындағы қазақстандық-норвегиялық ынтымақтастықтың жандануы, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық байланыстардың нығаюы байқалады.

Қазақстан Республикасы мен Норвегия Корольдігінің Сыртқы істер министрліктері арасындағы саяси консультациялар тұрақты сипатқа ие болды және жыл сайын өткізіліп келеді. Алдыңғы саяси консультациялар 2018 жылғы 24-25 маусымда Норвегия астанасы Осло қаласында өткен болатын.


3.      ҚР-ҚХР Ынтымақтастық комитетінің отырысы туралы


4 қарашада Пекин қаласында ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайыловтың және ҚХР Мемлекеттік кеңесі Премьерінің орынбасары Хань Чжэннің тең төрағалығымен Қазақстан-Қытай Ынтымақтастық жөніндегі комитетінің
 9-шы отырысы өтті.

Іс-шаралар барысында 10 салалық кіші комитет пен сауда-экономикалық, энергетикалық, ғылыми-техникалық, қаржы, көлік, мәдени-гуманитарлық, су шаруашылығы және экологиялық, геологиялық және кедендік ынтымақтастық салаларындағы, сондай-ақ қауіпсіздік саласындағы екі бірлескен комиссия жұмыстарының қорытындысы шығарылды.

Отырыс аясында тараптар дамудың мақсаттары мен тұжырымдамалары ұқсас екендігін, тығыз байланыстар мен үйлесімдікті сақтап, түрлі бағыттар бойынша ынтымақтастықтың сапасы мен деңгейін арттыратынын атап өтті.

«Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатының қытайлық «Жібек жолының экономикалық белдеуі» бастамасы мен бірлескен қазақстан-қытай индустриялық-инвестициялық ынтымақтастық бағдарламасының ұштасуын ілгерілетуді жандандыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара сауда көлемін кеңейту мақсатында Қытайға қазақстандық экспорттық өнімдерді, оның ішінде энергетикалық және ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізуді ұлғайту бойынша уағдаласты. 

Қазақстан-Қытай ынтымақтастық жөніндегі комитетінің 9-шы отырысының қорытындысы бойынша комитеттің тең төрағалары Хаттамаға қол қойды.

 Тараптар 2021 жылы Қазақстанда комитеттің 10-шы отырысын өткізуге келісті.

Айта кететін жайт, Қазақстан-Қытай ынтымақтастық жөніндегі комитеті 2004 жылы түрлі салалардағы екіжақты қарым-қатынастарды жүйелі және кешенді дамыту мақсатында құрылған болатын.


4.      «Қазақстан балалар көзімен» конкурсы туралы

5 қараша күні Сыртқы істер министрлігінде ЮНЕСКО балалар көркемсурет мектеп-клубы, Нұр-Сұлтан қалалық білім басқармасы және Қазақстандағы Халықаралық суретшілер Одағының Өкілдігі ұйымдастырған «Қазақстан әлем балаларының көзімен» атты Халықаралық балалар сурет байқауының қорытындысын шығару салтанатты рәсімі өтеді.

Байқау лауреаттарын марапаттау рәсіміне ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко, Нұр-Сұлтанда аккредиттелген дипломатиялық корпус өкілдері және Қазақстан мен шет елдердің көркем мектептерінің оқушылары қатысады.

Іс-шара аясында қатысушылар жұмыстарының көрмесі өтеді.

Қосылған : 4.11.2019, 17:15, Өзгертілген : 4.11.2019, 17:15