Словенияның Сежана муниципатитетінде Екінші дүниежүзі соғысының жауынгері «Кассе Себероны» еске алу кеші өтті

Словенияның Сежана муниципалитетінде Югославия партизандары қатарында фашизмге қарсы күресте өз өмірін қиған қазақ батыры «Кассе Себероны» еске алу салтанатты жиыны 2019 жылдың 17 қазанында өтті.

Екінші дүниежүзі соғысының жауынгерін еске алу кеші атқарылған ерлік, ерлікті танытқан батырлар жырақта да ұмытылмайтынын көрсетті. Осындай кешті 76 жыл бойы қазақ батырының зиратына көрсеткен күтімі үшін ауыл тұрғындарына алғыс жеткізу мақсатында ҚР Аустриядағы Елшілігі екінші жыл қатарынан ұйымдастырып отыр.

Өткен жылы қабірдің басына «Жырақта жатсаң да, өшпес ерлігің еліңнің жадында» деген сөздер жазылған мемориалды тақта және Қазақстанның Ұлттық Пантеонынан топырақ салынған капсула орнатылды.

Еске алу кешінің ашылуында Сежана муниципалитетінің мэрі Д.Шкабар «Кассе Себеро» оқиғасының мемлекеттер арасындағы, оның ішінде Қазақстан-Сежана арасындағы ынтымақтастықтың нығаюына ықпал етіп, жаңа мүмкіндіктердің пайда болуына алып келгенін атап өтті. 

Повир мекенінің басшысы Ф.Урсич қазақ батырының ерлігін екі ел арасында қалыптастырған адами, достық қатынастардың «алтын көпіріне» теңеді. 

Кеш словен өнерсүйер қауымын ерекше тәнті еткен домбыраның күмбірі, қобыздың асыл сазы, жетігеннің көмей үні шырқалған «Ұлы Дала Ұландары» заманауи этно джаз ансамблінің концертімен жалғасты. Отызға жуық ұлттық аспапты шебер меңгерген өнерпаздар Словенияға Ұлы Даланың желін,  халқының рухын жеткізді.

Қосылған : 22.10.2019, 19:20, Өзгертілген : 22.10.2019, 19:20