Қазақстанның бейбітшілік пен келісім үлгісі Таяу Шығысқа қажет

16-18 қазанда жұмыс сапарымен Каирге келген Н.Назарбаев атындағы Дінаралық және өркениетаралық диалогты дамыту орталығының Басқарма басшысы Алтай Әбибуллаев пен Қазақстанның Мысырдағы Елшісі Арман Исағалиевтің «әл-Азһар» шейхі Бас имам Ахмед әт-Тайебпен болған кездесуі барысында Қазақстан әлемдегі рухани үндестіктің көшбасшысы екені атап өтілді. «Қазіргі заман тарихында Қазақстан дінаралық және өркениетаралық диалогты ілгерілетумен бірінші болып айналысты, қазір бұл бастамаға басқа мемлекеттер де өз үлесін қосуға ниетті. Басқа елдер де жауапкершілік алып, іс жүзінде түрлі әлемдік және дәстүрлі діндер мен конфессиялардың лидерлері арасында диалог жүргізуді бастады. Қазақстанның тәжірибесі бүкіл әлемге қажет», - деп атап өтті Бас имам. 

Басқарма басшысы «әл-Азһар» шейхіне әлемде дінаралық диалогты алға жылжыту бағытында атқарып жатқан еңбектерін жоғары бағалап, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VI Съезіне және оның Хатшылығына белсенді қатысқаны үшін алғысын білдірді. Ол Қазақстанның әрдайым өркениеттер мен мәдениеттер арасында көпір болғанын айтып, Ұлы жібек жолы еліміздің кеңбайтақ жерімен өтіп, Шығыс пен Батыстың, Солтүстік пен Оңтүстіктің өзара мәдени және рухани дамуына арна ретінде қызмет еткенін жеткізді. Кездесу барысында тараптар Н.Назарбаев атындағы Дінаралық және өркениетаралық диалогты дамыту орталығы мен «әл-Азһар» Дінаралық диалог орталығы арасында келісімге қол қою туралы уағдаласты.

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің мақсаттары мен міндеттерін ілгерілету шеңберінде маңызды іс-шаралардың бірі Копт Православ шіркеуі Басшысының орынбасары Епископ Юлиуспен кездесу болды. Кездесу барысында епископ форумның әлемдік мақсаттарын іске асыру үшін Копт шіркеуінің Съезд пен оның Хатшылығының жұмысына белсенді қатысуын жалғастыратынын растады. Ол Елбасының бұл бастамасы мұсылман және христиан ұйымдары арасында өзара түсіністікті нығайту тұрғысынан өте маңызды екенін растады. Александрияға келген апостол Марк тарапынан құрылған Копт шіркеуі Шығыстың ең көне шіркеулерінің бірі болып табылады. Коптар 400 қоғамдастықтан тұрады. Олардың көпшілігі Мысырда және шетелдегі мысырлық коптар арасында қызмет көрсетеді. 

Орталықтың мақсаттары мен міндеттерін алға жылжыту және алдағы Съездің болашақ тақырыптары бойынша пікір алмасу мақсатында А.Әбибуллаевтың МАР Уақыптар министрі Мухтар Жұмамен, МАР Парламенті Дін істері және уақыптар комитетінің төрағасы, Қазақстан-Мысыр парламентаралық достық қоғамының Мысыр тарапынан тең төрағасы Усама әл-Абдпен, МАР Президентінің дін істері жөніндегі кеңесшісі Усама әл-Азһаримен кездесулері өтті. 

Мысырлық және аймақтық БАҚ өкілдері дінаралық және ұлтаралық келісімнің қазақстандық ерекше үлгісіне, сондай-ақ Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезінің жұмысына қызығушылық танытып, араб тілінде бірқатар мақалалар мен сұхбаттар жариялады.

Қосылған : 18.10.2019, 09:10, Өзгертілген : 18.10.2019, 09:10